Үкімет • 12 Қазан, 2022

Газ саласын кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің газ саласын кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, бірінші энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Газ саласын кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті

Кеңесте 2030 жылға дейін газбен қамтамасыз ету болжамы, сондай-ақ жаңа газ кен орындарын игеруді ынталандыру және тауарлық газ өндірісін ұлғайту шаралары қаралды.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар реттеушілік және фискалдық артықшылықты көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт енгізіледі. Бұл газ саласындағы қолданыстағы және перспективалы жобаларды іске асыруды жандандыруға, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын кемінде 7,7 млрд м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Үкімет газ сатып алудың ынталандырушы бағаларын қолдану мәселесін пысықтауда, бұл оны өндіру көлемін 1 млрд-тан 3 млрд м3 дейін қосымша арттыруды қамтамасыз етеді.

Премьер-Министр Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның елдің ресурстық базасын дамыту жөніндегі тәсілдерін мақұлдап, осы бағыттағы кешенді жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Сондай-ақ елдің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов ықтимал техникалық нұсқаларды егжей-тегжейлі пысықтауды және тиісті жол картасын дайындауды тапсырды.