22 Мамыр, 2014

Күйдің күші

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан мен Түркия өнер шеберлерінің қатысуымен Назарбаев орталығында өткен Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы екі ел мәдени достығының рухани көпірі іспетті әсер қалдырды. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан композитор Нұрлан БЕКЕНОВПЕН болған әңгімеде осы және атамекеннен шалғайда туған қазақ күйлерінің інжу-маржандары туралы ой қозғалды. – Аспаннан төгілген жарық жұлдыздай туған топырағына жүрегі алып-ұшып жеткен арысымыздан алмағайып уақытта айырылып қалу қандай қасірет еді? Мұстафа Өзтүрік есімін есті­генде ішіңдегі Алатау қопарыла құлағандай алабөтен күй кешесің. Ол бітім-болмысы ешкімге ұқса­майтын өте жарқын сирек тұлға еді. Қазақ еліне тұңғыш рет таэквандо спортын алып келген, аты алты Алашқа мәшһүр қайсар ұлдың «Мен әлемді көрдім, енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық бар. Сондықтан, еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға шеш­тім» деген лебізін экраннан көргендер Мұстафа ұлдары қайта тіріліп келгендей, көздеріне жас алып, рухтанды. – Мұстафа рухына тағзым ету ар­қылы өр тұлғаның өнегесі қайта жаңғыртылып жатыр дей­сіз ғой? – Бұл есім бүгінде бүкіл түбі түркі баласының басын қосып жатқандай. Мұстафа түрікке де, қазаққа да бірдей ыстық тұлға. Мысалы, 1980-1990 жылдары Түркияда оның таэквондо жоғары мектептерінің негізін қалауын екі елдің достығына соғылған еңселі ескерткіш деп есептеймін. 1990-1995 жылдары өзінің тарихи туған мекені – Қазақ еліне табан тірегенде осы идеяны жал­ғастырып, таэквондо жоғары мек­тебінің қазақстандық жобасын дү­ниеге әкелді. Халықаралық жат­тықтырушының ғаламаты – алты тілде еркін сөйлеп, асқан дарын иесі екенін даусыз мойындатуы бұл есімді тарихтың көмескі тартпайтын асыл мұрасына апарып қосады. 1995 жылы қайтыс болған боздақтың сүйегі Ыстамбұлдағы әкесі жерленген бейітте дамыл тауып жатыр. Қырық жаста сөнген отты қазақ қыршын жаста қиылды деп аза тұтады. Осы бір тым қысқа жолда қарап тұрсаңыз, ерлікке толы беттер көп екен. Әлем Мұстафа ғұмырының қауызына сыйып кеткендей. Алдымен құшағын ашқан аялы Алматысы оған құрметтеп көше берді, Бесағаш ауылында шәкірттерінің күшімен ескерткіші орнатылды. – Тұлғаны еске алу кеші несі­мен ерекшеленді? – Түркия-Қазақстан дос­тық кешіне Көркемөнер универ­сите­тінің профессоры, тарих ғы­лым­дарының докторы Әбді­уа­қап Қара шақырылды. Мәртебелі мей­­мандардың бәрін атап шығу мүмкін емес. Өте көп. Астана әкімдігі мемлекеттік филармониясының қазақ ха­лық аспаптар оркестрінің сүйемел­деуімен абзал азаматтың рухына бағышталып бірталай шығармалар орындалды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айт­қали Жайымовтың дири­жерлігімен төгілген інжу-маржан­нан абзал азаматқа туған халқының телегей теңіз сүйіспеншілігі аң­ғарылды. – Астана төрінде алғаш рет орындалған осы күйлер туралы кеңірек әңгімелеп беріңізші. – Мұндағы әлеумет алғаш естіген күйлердің тарихы бізді тым терең бастаудағы арнаға алып барады. Түркия қазақтарының күйлері деп аталып кеткен бұл шығармалар Алтай, Тарбағатай өңірінен тарайды. Сармолла мен оның шәкірті Жармұхамет күйшілерді Түркия жеріне қоныс аударғандар арасынан алғаш рет кезіктіріп отырмыз. Бойларына өнер қонған қос күйшінің арқасында Анадолы топырағындағы қандастарымыз домбыраның үнін ұмытпай, ке­рісінше, дәстүрлі өнерді көз қара­шығындай сақтай білді. Түркия қазақтары арасында Сармолла мен Жармұхаметтің есімін білмейтін жан некен-саяқ. Әсіресе, оларға аға буын ұрпақтың құрметі алабөтен. Себебі, атамекенді аңсаған халық осы екі күйшінің тамаша сарынымен сағыныш мауқын басып отырған. Жүректерге жол тапқан сол күйлердің арада қаншама жылдар өткенде, осылайша атамекенмен қауышуы қандай ғанибет! Қазақтың дәстүрлі күйлерін дәріп­теген мұндай қаншама дарындарымыз бен тұлғаларымыз шет елдерде зерттеусіз, іздеусіз қалғанын ескерсек, әлі біз қалың мұзтаудың тек бергі бетін шолып жүргендей боламыз. Сол себепті айтпағымыз, Сармолла мен Жармұхаметті нағыз мәдениет қайраткерлері деп танитын уақыт жетті. Олардың соңындағы асыл мұраларды бүгінгі заманға сай қайта тірілтіп әкелу кейінгілердің бірінші кезектегі парызы деп санаймыз. –  Осы күйлерді елге алып ке­луде, нотаға түсіруде өзіңіз көп тер төгіп жүр екенсіз? – Кеште мысалы, Сармолланың шәкірті, ел арасына Жармолла атымен танылған, Жармұхамет күйшінің «Солдат» күйі оркестр сүйемелдеуімен орындалды. Түр­кия қазақтарының мұнан басқа да бірталай күйлерін нотаға түсіріп, халықтық қазынаға құйылуына үлес қосқаным рас. «Телқызыл ат­тың жүрісі», «Ақсақ қаз» атты ха­лық күйлерін жұрт өте сүйіп тыңдады. «Алыстан алаш көрсем, аттанамын, Қазақты қазақ десе, мақтанамын, Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деп Міржақып Дулатов жырлағандай, ата-баба дәстүрін шалғайда жүріп жоғалтпаған қандас бауырлардың өзі осы шараға арнайы ән мен күйден шашу шашты. Соның бірі, Ыстамбұл қаласынан келген Ержан Тұнжердің Түркия қазақтары арасында кең тараған әнді жүрекпен орындауы бәрімізді толқытты. Сон­дай-ақ, сөзін Гүлтигин Че­ки, әнін Хайри Мұжы жазған, Әбдіуақап Қара қазақшалауымен өңделген «Ескі достар» әні рес­пуб­ликалық конкурстардың лау­реа­ты Зағипа Иманғазының орындауында есте қалды. Ертеде бір жолаушы Бұқтырма өзенінің қасына келіп, шонай деген қурайды жұлып алып, өзеннің аққанын суреттеген екен. Кейін мұны домбыра үнімен күйге ай­налдырған. Сармолланың орындауында жатталып, бізге жеткен халық күйі «Бұқтырманы» Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор Дүйсен Орын­бай шашаусыз тартты. Сар­молла күйшіге қатысты аңыз әңгімені тарқата отырып тартылған күй­лердің бірі – «Жорға аю» Арыс дом­бырашылар ансамблінің орындауында жаңаша түрленді. Бұл арқылы біз Сармолла мен Жармұхамет күйлерінің әлі де талай жауһарлы туындылармен толығып, күй мұрасы мұратқа айналатын кез алда екенін ұқтық. – Мұстафа Өзтүрік мерейтойы мен күй өнерінің қандай сабақтастығы бар? Әңгімелескен Жетіқара ҚОҢЫР.