Қоғам • 12 Қазан, 2022

Таразда тыйым салынған затты түрмеге кіргізбек болды

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таразда түрмеге тыйым салынған затты алып өтпекші болған тағы бір заң бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таразда тыйым салынған затты түрмеге кіргізбек болды

Бұл жол басқа емес, кәсіпкер абақтыға бірнеше ұялы телефонды алып кірмекші болған. Тәртіп сақшыларының қырағылығының нәтижесінде күдіктінің жымысқы әрекеті жүзеге асқан жоқ.

а

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 түзеу мекемесінде кезекті құқық бұзушылық әшкере болды. 11 қазан күні сағат түскі 13.00 шамасында қызметін қырағы атқарып тұрған 3 атқыштар ротасының кезекшісі ефрейтор Оралхан Мамбетәлі және кинологиялық қызмет мамандары взводының аға маманы кіші сержант Бақытжан Байдуанов мекеме қызметкерлерімен бірлесіп бақылау-өткізу пунктіне құрылыс материалдарын алып келген А. есімді азаматты арнайы құралмен тексере бастайды. Оның әкелген ағаш және фанер тақталары жәй ағаш болмай шықты. Тақтайлардың арасына күдікті заттар жасырылған екен. Бұны сақшылар бірден байқап, тиісті адамдарға хабар берді.

Көліктегі күдік тудырған заттардың арасында түрлі маркадағы 26 ұялы телефон, 51 дана сим-карта және 25 дана флэш-карта табылды.

Күдікті смартфондарды ағаш материалдарының арасына мұқият жасырыпты. Алайда, қырағы көз қызметкерлер мұның өзін мүлт жібермей, дер кезінде анықтаған. Аталған факті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп, көлік жүргізушіні заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қарастырылуда.