Қашанда қалам ұстап, сөздің құдіретіне жеткен қаламгерлерін ардақ тұтып, алақандарына салып құрмет көрсететін батырлар мен ақындар елі – Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта жыр сүлейі Сүйінбай мен Жамбыл жәкесінің ізін қуған ақын, көсемсөз шебері, қарымды журналист Орысбай Әбділдаұлының шығармашылық кеші дүркіреп өтті.
Кеш иесінің жүріп өткен өмір жолынан сыр ақтарып, баян еткен Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі, «Ан Арыс» баспасының атқарушы директоры, белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы «Ұзынағаштан басталған ұзақ жолға» тоқталып, қаламгердің болмысын, адами қасиеттерін, қазақ сөз өнерінің қайтпас қара нарына, шығармашылық деп аталатын сан салалы рухани өрістің шарболаттай алдаспанына айналған Орысбай ағасына деген інілік лебізін білдірді.
– Әр қаламгердің шығармашылық әлемге келу жолдары әрқилы. Біреу темірден келеді, біреу көмірден келеді, енді біреу жеңілден келеді дегендей. Бірақ классикалық жол біреу ғана. Ол – шығармашылыққа тікелей өмірден келу! Орысбай аға шығармашылыққа өмірдің өзінен келген қаламгер. Өзі былай дейді: «Қой да бақтым, көкпар да тарттым, шөп те шаптым, жүк те тасыдым, мәшине де жүргіздім, трактор оталдырдым, боз кілемде белдестім, турникте шыр айналдым, гармонь созып, мандолин тарттым, домбыра шерттім, сауық-сайран кештім, жеті рет өлім аузынан қалдым. Бұл да болса үлкен олжа шығар...». Міне, осындай азаматты өмір көрмеді, шығармашылыққа өмірдің өзінен келмеді деп айта аласыз ба?», – дей келе баяндамашы «Ой тоғыс» кітабының баспада жатып, министрлік шешпеген шешуді Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Сәдуақасұлы бас-аяғы екі аптада, оған қоса «Той болсын» жинағын шығаруға мұрындық болғанын тілге тиек етіп, ақынын қадірлеген әкімге алғыс білдірді.
Әдемі кеште жазушының қалам қарымы, азаматтығы жайлы бірқатар әдебиет тарландары ілтипат сөздерін, жүректен шыққан жыр жолдарын арнады. Жазушылар одағының атынан көрнекті қаламгер, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы Орекеңнің бауырмалдығы, азаматтығы жайлы әсерлі әңгіме шертіп, иығына жазушылардың атынан шапан жапса, Чешенстанның батыры, қазақтың көрнекті ақыны Рафаэль Ниязбеков: «...Қыл қобызын сарнатып қоңыр кештің, Таулы өңірдің ой түзеп төрінде өстің. Ұры-қары көбейген бұл заманда, Ала жіпті аттамай өмір кештің...» деп, ал «Егемен Қазақстан» газеті Алматы бөлімшесінің жетекшісі, белгілі ақын, көсемсөз шебері, сыйлас інісі Қорғанбек Аманжол: «Жаныңда зәһәрің жоқ, зәм-зәм ғана, Тап-таза тыныстайсың таңнан ғана, Сендегі сері жүрек ағатай-ау, Жаралған аппақ нұрдан, ардан ғана...» деген жыр жолдарын арнады. Алаш сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Мархабат Байғұт Орекеңнің адамдықтың арасында надандық дейтін «мина, снаряд жарықшақтарынан», адалдықтың арасындағы жамандық деген «бомбадан» тазартып жүрген «сапер» сияқты елемейтінін, қазір көп жерде жазушылар жасып, жасқаншақтап қалған жағдайда ағаларын жасытпай, жалтақтатпай мерейін көтеріп, той жасап жатқан Орекеңнің ел-жұртына, ел азаматтарына рахмет айтты. Сондай-ақ, «Жас Алашта» бірге қызметтес болған «Өнер» баспасының директоры, жазушы Әшірбек Көпіш, Орысбай ағаның зейнетке шығарда қызмет атқарған «Жетісу» газеті ұжымының атынан басылымның бас редакторы, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, өзі журналистік еңбек жолын бастаған аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев, белгілі ғалым, академик Төлеген Қожамқұлов, парталас досы Нұрманбет Қизатов, Жамбыл ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Манап Тұрапов, т.б. әдемі естеліктер айтып, шығармашылық табыс, мықты денсаулық тіледі.
Кеште ақынның жырлары оқылып, ауданның «Құлан саз» фольклорлық ансамблінің әншілері жырқұмар қауымға ән мен күйден шашу шашты. Әсіресе, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жас әнші Александр Нечесов ақынның Наурызбай батырдың рухына арналған «Батырға бас ию» әні мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Жетісудың жезтаңдай әртісі Ұлжан Айнақұлованың орындауындағы қайырмасы «...Әлемге аты жайылған, Аққуды әнмен қайырған. Жебеп жүрген киесі, Ақпа жырдың иесі, Көк жайлаудың төресі, Сүйінбай, Жамбыл жері осы» деп келетін «Майтөбе» әні жиналған жұртшылықты керемет әсерге бөледі.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы.