Орталықта онкологиялық, гематологиялық немесе сирек кездесетін кеселдерге шалдыққан балақайлар емделіп, жүрек дімкәстігімен туылған кішкентай пациенттерге операция жасалып жатады. Биылғы Балалар жылының Педиатрия орталығына нақты пайдасы, игі ықпалы болды ма, әлде әдеттегі жұмыстар жалғасып жатыр ма деген сауалдардың жауабын баяндамас бұрын, мыңдаған сәбиді сауықтырып, сауапқа бөленіп келе жатқан орталықтың қызметіне 90 жыл толғанына тоқталу парыз.
Осы айтулы оқиғаға орай ұйымдастырылған «Қазақстан педиатриясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция отандық және шетелдік 4 мыңнан аса балалар дәрігерлерінің басын қосты.
Халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Педиатрия орталығын 90 жылдығымен құттықтай отырып: «Тұқым қуалайтын аурулар мен туабітті кеселдерді анықтау мақсатында жылына 400 мыңнан астам жүкті әйел мен 1,6 млн-нан астам бала скринингпен қамтылды. Сонымен қатар елімізде 18 құрсақтағы нәрестені қорғау орталығы құрылып, 1,5 мыңнан астам баланы дамыту кабинеті ашылды. Қазақстанда туабітті ауытқуларды хирургиялық түзетудің инновациялық шағын инвазивті әдістері сәтті жүзеге асып келеді. Жыл сайын туабітті кеселдері бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңнан астам хирургиялық ота жасалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жедел емдеу тиімділігі 85%-дан асады. Бүгінгі таңда балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиология жақсы дамып келеді. Жыл сайын туабітті жүрек кеселдері бар балаларға 3 және 4 күрделілік деңгейіндегі 2,5 мыңнан астам хирургиялық операция жасалады. Полихимиотерапияның, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау, интравитреальді химиотерапия, ағзаны сақтайтын хирургиялық араласудың заманауи бағдарламаларын енгізу еліміздегі обырға шалдыққан балалардың өмірін 74,6%-ға дейін ұзартып, жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді», деп атап өтті.
С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Марат Шоранов: «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдық мерейтойы Балалар жылымен сәйкес келгені қуантады. Осы аралықта орталық озық медициналық технологияларды меңгеріп, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерін енгізді, елімізге болашағынан үміт күттіретін мықты жас мамандарды тәрбиеледі. Дүниедегі ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен бала өмірін сақтауға қосып жатқан сүбелі үлестеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтқым келеді. Осындай бай тәжірибе, клиникада кеңінен қолданылатын заманауи технологиялар, әрине, ұжымның жоғары кәсібилігі – орталықтың табысты, жемісті жұмысының кепілі», деді.
Айтқандай, алқалы жиында Педиатрия орталығындағы онкогематология бөлімін ашуға мұрындық болған, 54 жылын онкогематология саласына арнаған профессор Күлән Омарова С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Алтын медалімен және Батыс Германия мемлекеттік қорының В.Герайн атындағы жоғары наградасымен марапатталды.
Батыс Германия мемлекеттік қоры кеңесінің төрағасы Давид Бротский осы марапатты табыстап тұрып: «Қазақстандағы онкогематология орталығы ашылғанда көктем болса да қар жауып тұрды. Біз оны жақсылыққа балағанымыз есімде. Сол 1993 жылдан бері сіз ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруларды емдеп, талай балдырғанға қуаныш сыйлап келесіз. Сіз мықты маман ғана емес, «Алтын адамсыз!». Қазақстандағы балалар онкогематология саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңізге тәнтіміз. Сіздің бұл салада алар орныңыз ерек», деді.
Міне, осылайша, Педиатрия орталығы емдеу мекемесі ғана емес, ҚазҰМУ-дың көптеген клиникалық кафедралары орналасқан, дипломнан кейінгі даярлық пен дəрігерлердің мамандығын жетілдіру курстары үшін таптырмайтын оқу базасына айналды. «Педиатрия», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкологиясы және гематологиясы» салалары бойынша тәжірибелі мамандар даярлау жұмыстары жолға қойылған. Орталық мамандары республиканың барлық өңірінде педиатрия мен балалар хирургиясының әртүрлі өзекті мәселелері бойынша тренингтер мен оқыту дәрістерін өткізеді.
Екі күн бойы өткен халықаралық конференцияның секциялары «Педиатрия және неонатологияның өзекті мәселелері», «Балалар хирургиясы: бағыттары мен заманауи әдістері», «Орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи мәселелері», «Онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары», «Патологоанатомиялық диагностиканың өзекті мәселелері», «Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы мейіргерлер рөлі» атты тақырыптарды талқылады.
Халықаралық конференция соңында арнайы қаулы қабылданып, конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасындағы педиатриялық қызметті дамытудың алдағы жоспарларын белгіледі.
Конференция барысында клиниканың тарихы мен бүгіні баяндалатын «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына – 90 жыл» атты фильм көрсетілді.
Бүгінде 700-ден астам қызметкері бар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 1932 жылы 28 қарашада құрылып, Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу институтынан бастау алғанын еске сала кеткен жөн.
Клиникада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірінен 6 мыңнан астам бала дертіне шипа табады.
Ал енді биылғы Балалар жылы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына нақты не берді? Балалар жылында бірінші кезекте Орталықта сирек кеселдерге душар болған балаларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру үшін орфандық аурулар мен оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізімі кеңейтілген. Оған қоса «Қазақстан халқына» қорына сирек кездесетін (орфандық) аурулардың тізбесіне кірмеген пациенттерді қымбат препараттар мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туралы ұсыныстар беріліп отыр. Сонымен қатар орфандық аурулары бар балаларға көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі тұжырымдама әзірленді.
Екінші тындырылған іс – биылғы ақпан айынан бастап Қазақстанда тұқым қуалайтын ауруларға жаңа туған балаларды іріктеп скринингтеуде тандемдік масс-спектрометрия әдісімен тәжірибе алмасудың қанатқақты жобасы іске қосылды. Бұл баланың тамақтануын түзетуді жеткілікті түрде ерте бастауға және осындай науқастарды басқару әдісін анықтауға мүмкіндік береді. Аталған скринингтің нәтижесінде, диагностиканың нақты бір әдістеріне, мамандарға, дәрілік терапияға деген қажеттілік қаншалықты екені есептелінеді. Осы мәліметтерге сүйене отырып, кейбір сирек кездесетін ауруларды ерте диагностикалаудың одан әрі қарайғы әдісі анықталады.
Үшіншіден, Балалар жылының аясында, биыл Қазақстанда алғаш рет халықаралық тіркеу арқылы (Германия) туыс емес донордан сүйек кемігін аллогендік трансплантациялау басталған. Бұдан әрі қарай да туыс емес шетелдік донорлардан гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау ісі жалғасын тапқалы отыр.
Осылайша, бүгінгі таңда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында сүйек кемігін трансплантациялаудың бірегей оталары қолға алынды. Кардиохирургия даму үстінде, интервенциялық кардиохирургия қолданылады, химиотерапияның инновациялық технологиялары енгізілген. Орталықта асқазан-ішек жолдарының, кеуде бөлігі мен басқа да туабітті дерттермен дүниеге келген балалардың денсаулығын түзетудің инновациялық әдістерін қолдана отырып, түрлі күрделі оталар жүргізіледі.
Мұның барлығы тізбелеп шығуға ғана оңай болғанымен, бұл – орталықтағы жүздеген дәрігердің күнделікті, тәулікпен санаспайтын науқас балалардың денсаулығы үшін күресі, ерен еңбегі, ғұмыры, дертті сәбилердің өмір сүруге деген құштарлығы десек те болады.
АЛМАТЫ