Әлем • 13 Қазан, 2022

Түркия Ресей-Украина соғысын әділ аяқтауды жақтайды - Ердоған

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркия Ресей-Украина соғысының әділ аяқталуын жақтайды және жергілікті жерлердегі қиындықтарға қарамастан дипломатиялық реттеу тетіктері сақталатынына сенім артады. Бұл туралы президент Режеп Тайип Ердоған Астанада өтіп жатқан АӨСШК VI саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркия Ресей-Украина соғысын әділ аяқтауды жақтайды - Ердоған

Түрік көшбасшысы Украинадағы «қантөгісті» дереу тоқтату мақсатында оңтайлы диалогты жалғастыруға шақырды.

«Түркия ұзақ уақыт бойы БҰҰ ұсынған реформалардың маңыздылығына назар аударып келеді. Бірақ дәл қазір әлемнің барлық елдері, барша адамзат ортақ тағдырды бөлісіп отыр. Пандемия бұл фактіні тағы да растады», деді түрік басшысы.

Түркия президенті террористік ұйымдарды қолдаудың кез келген әрекеттеріне қарсы күрестің маңыздылығын атап өтіп, қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге де назар аударды. 

Түрік мемлекетінің басшысы Ауғанстандағы жағдайға тоқталып, әлемдік қауымдастықты «ауған халқын қиын-қыстау уақытта жалғыз қалдырмауға» шақырды.

Түрік көшбасшысы Анкара ауған халқына қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі Түркия - ЖІӨ-ге бөлінетін гуманитарлық көмек көлемі бойынша әлемдік көшбасшы болып саналады. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 5,6 млрд долларға жетті», деді Ердоған.

Ол Түркия аумағында тұрып жатқан босқындар мен мигранттардың саны төрт миллионнан асқанын да тілге тиек етті.

Жиын барысында Режеп Тайип Ердоған мемлекеттердің экономикалық өзара іс-қимылы тақырыбына да тоқталды.

«Анкара көлік дәліздерін дамытуды, Азияны Еуропамен байланыстыратын заманауи Жібек жолын қалыптастыруды жақтайды», деп атап өтті түрік көшбасшысы.