Қоғам • 13 Қазан, 2022

Елордада «Астана қылышы» республикалық турнирі басталды

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күніне орай  Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында ұлдар мен қыздар арасында семсерлесуден «Астана қылышы» республикалық турнирі басталды. Турнирге еліміздің Алматы, Астана қалаларымен қатар Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары бақ сынау үшін жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада «Астана қылышы» республикалық турнирі басталды

Жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев Сәбитұлы, Астана қаласының семсерлесу Федерациясының басшысы Нүсіпбеков Ержан Естеуұлы сөз сөйлеп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Бүгінде дәстүрге айналған республикалық турнир биыл он бірінші рет өткізіліп жатыр. Турнирге қатысатын жастардың саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі жарыс алдымыздағы ұлттық мереке Республика күніне орайластырып ұйымдастырылып отыр. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлестері үшін зор алғысымды білдіремін. Спортшыларға жеңіс тілеймін. Ең мықтылары топ жарсын. Семсерлесуден «Астана қылышы» республикалық турнирін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер», деді Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

ү

Турнирде жеке және командалық есепте жүзге жуық қатысушы күш сынасады. Жарыс қарудың қылыш, қанжар және найза секілді үш түрі бойынша өтеді.

«Астана қылышы» турнирі елімізде семсерлесуді кеңінен насихаттау және қазақстандықтардың өскелең ұрпағын зияткерлік күрестің осы түріне тарту, сондай-ақ турнирге қатысатын еліміздің жас спортшыларының спорттық шеберлік деңгейін арттыру және де Қазақстан Республикасының спорттық қатынастарын нығайту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ «Астана Қылышы» турнирі - 2022 жылдың қараша айының басында Шымкентте өтетін кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты алдындағы дайындық жарысы болып саналады», дейді ұйымдастырушылар.

ү

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Республика күніне орай ұйымдастырылған турнир 16 қазанға дейін жалғасатынын атап өту керек.