Әдеби кешке Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Тауасқан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлер қауымы қатысты.
Жиналғандар мәдени жиынның маңыздылығы, ұлт келешегі мен әдебиет болашағына тигізер әсері жайлы ой бөлісті. Медет Тауасқан аталған кеш Ұлт ұстазының мерейтойына арналған іс-шаралардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылғанын айта келе, ақын-жазушылардың қаламынан туған шығармалар – оқырманның игілігіне айналатын рухани қазыналар екенін атап өтті.
«Ертіске тамған сөз нұры» әдеби кешінде Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін әдеби сыйлықпен марапатталды. Олардың қатарында аудармашы Серік Сатыбалдин, Мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман, Мәшһүр Жүсіп өлеңдерін орыс тіліне тәржімалаушы Қанат Қанапиянов, ақын, сатирик Алпысбай Хонж, ақын, аудармашы Айбек Оралхан және Алтынбек Мұқышев, Алмас Ақтасов, Бақберген Дариғаұлы, Нұрбек Кеңесбай, Эльмира Абетжанова, айтыскер ақын Бөкен Жігер бар.
Сонымен бірге облысымыздың тіл жанашырларына Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғысхаты тапсырылды.
Биыл өңірімізге белгілі жеті қаламгер Шолпан Байғалы, Ғабит Сапаров, Асығат Тұрғанбеков, Амантай Тойшыбайұлы, Жассерік Садуақасов, Ербол Қайыров, Рауза Мұсабаева Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің қатарын толықтырды. Қаламгерлерге мүшелік куәлікті құрметті қонақтар табыстады. Ақберен Елгезек сөзін Ертіс-Баян өңіріне көңіл айтудан бастады. Жақында өмірден өткен Алаштың айтулы ақыны Арман Қани туралы тебірене сөйледі.
– Арман Қани – азаматтық ұстанымына берік, қаламын сатпаған, өзінің өмірлік қағидаларына адал болған қазақтың қайсар ақыны еді. Арман аға өмірінің соңына дейін шығармашылығын бір мысқал да төмендеткен жоқ, – деді.
Айтып өтейік, «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналы 2012 жылдың сәуір айынан Павлодар қаласында жарық көре бастады. Осы уақытқа дейін қанатын кеңге жайып, республика аумағына танылды. Журналдың өзге өңірлік әрі республикалық басылымдардан ерекшелігі – көзтартар ерекше безендірілуі мен басып шығарылатын қағазында. Мұқабадан бастап, толық ішкі беттері сапалы қағазда, түрлі түсті етіп басылады. Журналда тұрақты айдарлардан бөлек, редакция жанынан құрылған «Мөлдір муза» жастар шығармашылығы клубының ұйымдастырумен өтетін сұхбаттар, авторлар шығармаларына талдаулар, топтамалар тұрақты жарияланып келеді.
Журналдың алғашқы бас редакторы ардагер журналист Ғалымбек Жұматов. Қазіргі күні бұл абыройлы міндетті Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбішев қолына алған. Әдеби журнал «Ертіс Медиа» холдингінің құрамына кіреді.
Кеште келушілер назарына Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған жерлес қаламгерлер мен «Найзатас» журналының 10 жылдығына арналған әдеби көрмені тамашалады. Жиын Ертіс-Баян өңірі өнерпаздарының ән шашуымен түйінделді.
ПАВЛОДАР