«Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек» – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындағы бұл сөздер осы саладағы озық ой иелерінен үйренуге де үндейді.
Олардың бірі – Астана экономикалық форумына қадірлі қонақ ретінде келген АҚШ энергетика министрінің консультациялық кеңесінің мүшесі, Энергетика саласындағы стратегиялық зерттеулер жөніндегі арнаулы комиссияның төрағасы Дэниел Ергин. Алдыңғы күні форум аясында оның әлемге әйгілі «Қазына. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты кітабының қазақ тіліндегі тұсаукесері өткізілді. Кітап «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының демеушілік қолдауымен, «Альбина Паблишер» баспасының қолғабысымен «Раритет» баспа компаниясынан жарық көрген.
Әдетте экономикалық әдебиетті тек сол саланың мамандары оқиды, бұл тақырыпқа тек сол саланың мамандарының ғана тісі батады деп саналады. Ал «Қазына» кітабын қолға алсаңыз, мұнайды маңайлап көрмеген адам болсаңыз да, соншама қалыңдығына (орысша нұсқасының көлемі тұп-тура 944 бет) қарамастан, бір тараудан бір тарауға жеткенше асығып отырасыз. Автор көз алдыңызға Джордж Биссел Батыс Пенсильванияның мұнайлы аудандарын аралаған 1853 жылдан, полковник Дрейк Тайтусвильде алғашқы мұнай ұңғысын іске қосқан 1859 жылдан бастап, АҚШ-та мұнайдың бағасы 1 баррельге 147,27 доллардан асып, мұнай бағасы саяси мәселелердің ең маңыздысына айналған 2008 жылға дейінгі қым-қуыт тарихтың кең картинасын жайып салады. Джон Рокфеллер мұнай компаниясының негізін қалап, артынша мұнайлы штаттарда соғыс ашылған сонау ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бері осы қазынаның адамзат өркениетін қандай белестерге бастағаны, әуелде шырағданға құйылатын керосин күйінде ғана пайдаланылған қоймалжың сұйықтың Генри Форд алғашқы автокөлікті жасап шығарғаннан кейін, көп ұзамай ағайынды Райттар алғаш рет ұшақпен әуеге көтерілгеннен кейін жылдан-жылға қадірі артып, бәсі биіктей бергені, бара-бара қып-қызыл саясаттың құралына айналғаны, мұнай үшін қырықпышақ болып қырқысу, мұнай үшін бұрын аралас-құраласы шамалы елдердің өзінің бас біріктіруі кәдуілгі жайға айналғаны баршаға түсінікті тілмен, тартымды баяндау мәнерімен айшықты ашылады, қазына жүрген жерде қатер қоса жүретіні де ептеп ескертіледі.
Дэниел Ергин алдыңғы күнгі тұсаукесерде: «Сіздерге «Қазына» кітабын ұсыну мен үшін зор мәртебе және де осынау мүмкіндік үшін баршаңызға ерекше ілтипат білдіремін» дей келіп, кітаптың Қазақстанда басылуына ұйытқы болған, көп еңбек сіңірген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке алғысын айтты. Біз сол тұсаукесер рәсімін жүргізіп отырған адам ретінде Дэниел Ергинге «Егемен Қазақстан» арқылы қазақ оқырмандарына арнау сөзін жеткізуді сұраған едік.
Ол пікір газетіміздің 3-ші бетінде жарияланып отыр.
Мына жайды ескертейік: Дэниел Ергин:
«Таяу келешекте Қазақстан дүние жүзіндегі аса ірі мұнай өндіруші он елдің бірі болатынына күмән жоқ» деп нақты айтқан. Оны аз десеңіз, таяу болашақтағы адамзат тарихы Қазақстан барған сайын үлкен рөл ойнайтын тарих болады деген сенім білдірген. Бұл – үлкен баға, біз үшін құнды болжам. Дүние дидарындағы ең беделді басылымдар «Тарихты және мұнай саясатын керемет талдау», «Мұнай тарихы жөніндегі үздік жұмыс» деп бағалаған, «Егер сіз біздің әлемді не қозғап тұрғанын шын мәнінде білгіңіз келсе, Ергиннің мұнай өнеркәсібі тарихын айналып өте алмайсыз» деп ескерткен, 18 тілге аударылып, әлемдік бестселлерге айналған «Қазына» сынды кітап авторының, қысқасы мұнайдың жілігін шағып, майын ішкен дейтіндей аузы дуалы азаматтың айтқаны келсін дей отырып, біз өз тарапымыздан газет оқырмандары мол мұнай қорының арқасында қолымызға қандайлық қымбат қазына тигенін, оны ретімен, жөнімен, ақылмен пайдалану нарықтың ғана емес, парықтың да сынағы екенін терең түсінсе деген тілек қосамыз.
Мен бұл кітап Қазақстан халқына дүниежүзілік мұнай тарихы аясында қазақстандық индустрияның әлемдік деңгейін пайымдауға мүмкіндік береді деген сенімдемін. Мұнай саласындағы бүгінгі даму қарқыны Қазақстанның келешегі үшін өте маңызды, өйткені, ол ел тәуелсіздігі мен экономикалық өрістеуін қамтамасыз етуші негізгі күштің бірі. Айта кету керек, Қазақстан әлемдік мұнай индустриясында елеулі рөл атқарып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуда. Таяу келешекте Қазақстан дүние жүзіндегі аса ірі мұнай өндіруші он елдің бірі болатынына күмән жоқ.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясы, соның ішінде Каспий өңірі әлемдік нарықтағы негізгі мұнай көздерінің бірі болып қалыптасқаны тарихи жайт. XX ғасырдың басына қарай бұл аймақ батыс Пенсильванияны басып озып, әлем бойынша бірінші орынға шықты. Бірақ өндіріс негізінен Каспийдің батыс жағында, яғни Баку секторында шоғырланды. Қазақстан аумағындағы алғашқы «мұнай бұрқағы» 1899 жылы Қарашұңғылда атқылады. Ал өнеркәсіптік деңгейдегі өндіріс Доссорда 1911 жылы, Мақатта 1915 жылы басталды. Бұл Нобельдер мен Ротшильдтерді мұнай алпауыттары еткен адам айтқысыз «әзербайжан дүрбелеңінің» шығыстағы жалғасы болатын.
Солай бола тұра, ондаған жылдар бойы Қазақстан әлемдік мұнай индустриясының шағын бір бөлігі болып қала берді. Жағдай тек 1961 жылы Жетібай кен орны ашылғаннан кейін өзгере бастады. Бұдан кейінгі онжылдықтар ішінде өндіріс көлемінің ұлғайғаны соншалықты, Қазақстан Кеңес Одағындағы мұнай өндіруші екінші республикаға айналды. Көрсеткіштер айтарлықтай еді. 1975 жылдан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейінгі аралықта ұлттық мұнай өндіру жылына 20 млн. тонна деңгейінен асып түсті (күніне 400 мың баррель), бірақ бұл мол дүние кеңестік жалпы өндірістің бөлігі ғана-тын. 1980-ші жылдары кейбіреулер Қазақстан кеңес мұнайының «төртінші ұрпағы» болмақ дегенді де айтып жатты. Алайда, Қазақстанның дамуы біртіндеп баяулай берді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз естеліктерінде жазғанындай, «еңбек бөлісінде кеңестік әр республиканың ерекше өз орны» бар болатын, сөйтіп, Қазақстанға «шикізат, азық-түлік және әскери өндірістің жеткізушісі» деген рөл бұйырған-ды.
Кеңес Одағының күйреуі Қазақстанға экономикалық тағдырын өзі басқаратын тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуға мүмкіндік берді. Президент Н.Назарбаев айтып өткендей, тәуелсіз ел бұдан әрі кеңес экономикасының «жұрнағы» болудан қалды. Сингапур сынды озық елдердің даму көрсеткіштерін мысал еткен Елбасы, XXI ғасырда Қазақстанды ел азаматтарына мол мүмкіндіктер беретін – білімге, инновациялық экономика мен технологияларға негізделген, экономикалық дамуы зор іргелі мемлекетке айналдыруға бел буды. Қазақстан басшысы мұнай өндіру – ел болашағын қамтамасыз етуде ұлттық экономиканың іргетасы болуы тиіс дегенді айтты. Сөйтіп, Қазақстан сөзінде тұрып, әлемге мұнай сатудан түсетін кірістерді XXI ғасырдағы экономиканы қалыптастыруда тиімді пайдаланудың жаңа үлгісін көрсетті.
Қарашығанақ және Теңіз кен орындары кеңес дәуірінде ашылғаны белгілі, бірақ сол кезде бүгінгідей заманауи жаңа технологиялардың болмауы бұл екі ірі кенішті дамытуға біраз кедергі келтірді. Дегенмен, Теңіз кен орны жағдайды айтарлықтай өзгертіп, Қазақстанды жаңа мықты ойыншыға айналдырды. Шеврон компаниясының инженері Теңізді «маңдайалды кен орны» деп сипаттап, «оның көлемін ескерсек, ол дүние жүзіндегі аса ірі мұнай кеніштерінің ондығына кіреді» деп атап көрсетті.
Өндіріс мәселелері бұдан кейінгі бірқатар жылда өз шешімін тапты. Бұл үшін жаңа технологияларды игеріп, тапқырлық көрсетумен қатар, 30 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция тарту керек болды. Екінші түйінді мәселе географияға келіп тірелді. Мұнай экспорттаушы көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстанның теңізге шығатын өз жолы жоқ. Дегенмен, бұл мәселе баржалар мен рельстердің көмегімен шешілді. Бұл орайда, ең алдымен, ұзындығы 1115 шақырым қашықтыққа созылған (692 миль) КТК құбырының салынуын айта кету керек. Соның арқасында Қазақстан мұнайы Қара теңізге дейін жеткізіліп, одан әрі танкерлермен тасымалданатын болды.
Теңіздің, Қарашығанақтың және халықаралық әріптестермен бірлескен өзге де кен орындарының жетістіктері арқасында Қазақстандағы мұнай өндіру тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бері төрт есе ұлғайып, тәулігіне 400 мың баррельден 2013 жылы шамамен 1,7 млн. баррельге дейін өсті. Қазір Қазақстан мұнай өндіру ауқымы жөнінен Солтүстік теңіздегі аса ірі өндіруші ел Норвегияны артқа тастап, әлемдегі 16-шы орынға шықты.
Қазақстанның «оффшорлық» өндірудегі мүмкіндіктері де айтарлықтай зор. Дегенмен, бұл мүмкіндікті пайдалану бастапқы көзделгеннен анағұрлым қиын болып шықты. Қазақстан Үкіметі мен батыс компаниялары консорциумы арасындағы барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, 2000 жылдың шілдесінде Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, жағалаудан 50 миль жерде Қашаған деп аталатын алып кен орны ашылды. Бағалау деректері бойынша, 13 млрд. баррель дәлелденген қоры бар Қашаған 1968 жылдан бері ашылған мұнай кеніштерінің ең ірісіне айналды.
Түптің түбінде осы және басқа да кен орындары әлем бойынша ең ірі мұнай өндіруші елдер сапындағы Қазақстанның тұғырын көтеріп, іргелі деген он елдің қатарына кіруге мүмкіндік бермек.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның мұнай өнеркәсібі үшін көп дүние өзгерді. Бірақ, сол кезеңнен бері әлемдік мұнай индустриясында да біраз өзгеріс орын алды. Қазақстан мұнайы алғаш рет дүниежүзілік нарыққа шығарыла бастағанда дамыған елдерді бағыт еткен-ді. Алайда, 2004 жылға қарай белгілі болғандай, әлем бойынша мұнайға деген сұраныс болжанған көрсеткіштен асып кетіп, әлемдік сұраныстың негізгі салмағы дамыған әлемнен Қытай бастаған «нарығы даму үстіндегі» елдерге ауысты. Дүниежүзілік мұнай индустриясы тұтыну көрсеткіштеріндегі жедел қарқынды қанағаттандыру үшін бар күшін сала талпынғанымен, мұнай жеткізу барысындағы түйінді мәселелер бағаның одан әрі қымбаттауын ауыздықтай алмады. Мұнай бағасы әр баррельге шамамен 20 доллардан бастап, 100 доллардан да асып кетті. Әлемдік нарықта үрей туындап, жұрт «мұнайдың шарықтауы» және «мұнайдың сарқылуы» туралы айта бастады. Бірақ, нарыққа түскен мұнайдың жаңа жеткізілімдері бұл қауіпті сейілтті.
Қытай экономикасының ілгері жылжуы Қазақстан үшін жаңа сұраныс тудырып, инвестицияның жаңа көздеріне жол ашты, ел ресурстарын игеруде жаңа бәсекелестік орта қалыптастырды. Бірақ бұл арада өз мүддесін қорғау үшін Қазақстанға солтүстіктегі ықпалды көршісі Ресей мен шығыстағы көршісі Қытайдың арасында үнемі тепе-теңдік ұстауға тура келеді. Қазақстан көптеген мәселелер бойынша Ресеймен тығыз байланысқан ел, ал Қытай экономикасы Қазақстан ресурстарына деген қосымша сұранысты қыздырып отыр.
Сондай-ақ, ұсыныс барысында бірқатар елеулі өзгерістер де орын алды. Бағаның қымбаттауы мен мұнай тапшылығы қаупі XIX ғасырдағыдай жаңа технологиялардың дамуына септік етті. Бұл жолы серпінді бетбұрыс нышаны Құрама Штаттарда «дәстүрлі емес мұнай мен газды», яғни өткізгіштігі төмен қабаттардағы тақтатас газы мен мұнайын игеруде жатты. Нәтиже орасан зор болды. АҚШ-тағы мұнай өндіру 2008 жылдан бері 60 пайызға дейін өсті. Абсолюттік есептеу бойынша, бұл Венесуэладағы немесе Нигериядағы, не Кувейттегі өндірістің жалпы көлемінен де асып түсті. Осынау жаңалықты енгізу нәтижесінде АҚШ дүние жүзіндегі ең ірі табиғи газ өндіретін Ресейді де басып озды.
АҚШ-тағы мұнай өндірісінің өсу қарқыны әлемдік мұнай қорларының картасына өзгеріс енгізді. АҚШ-тың ішкі мұнай өндірісі қазіргі кезде Еуропамен бәсекелес Батыс Африкадан, Солтүстік Африкадан және Солтүстік теңізден келетін мұнай импортын ығыстырып шығарды. Әдетте, батыс нарықтарына шығатын Теңіз мұнайының кейбір бөлігі бүгінгі таңда КТК құбырымен Қара теңіз арқылы Азиядағы жаңа тұтынушыларға жеткізілуде. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың елеулі бөлігінде орын алған дүрбелең мен екіұшты жағдайларға байланысты Қазақстан өзінің әлемдік мұнай нарығындағы сенімді жеткізуші ретіндегі рөлін атқарып отыр, демек, энергетикалық қауіпсіздікті және жаһандық экономиканы қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
АҚШ-тағы тақтатас газын өндірудің дамуы жаһандық газ тарихының бір бөлігі ғана. Табиғи газдың негізгі жаңа қорлары Шығыс Африкада және Жерорта теңізінің шығыс жағалауында табылды, олар енді газ ұсынысының жаһандық көлемін ұлғайтпақ. Бұл, өз кезегінде басқа да өзекті бағыт, яғни табиғи газдың маңызы арта түскенін меңзесе керек. 2030 жылдардың аяғына қарай табиғи газ жер бетіндегі энергияның басты көзі ретіндегі көмір мен мұнайды алмастыруы ықтимал. Таяу жылдарда Қазақстан үшін табиғи газдың стратегиясы, сөз жоқ, бұдан да маңызды факторға айналмақ.
Менің бұл айтқандарым қазақшаға аударылып шыққан «Қазына» кітабында өзім келтірген тартымды тарихтың соңғы дамуының бір бөлігі болып табылады. Жаһандық тұрғыдан келгенде, Қазақстан осынау ұзақ тарихтың жуырда ғана бір бөлшегіне айналды. Бірақ бұл ел алдағы жылдарда жазылатын тарауларда бұдан да маңызды рөл атқаратын болады.
Қазақ оқырмандары үшін осы кітап мұнай индустриясының дамуын және соның төңірегіндегі геосаясатты пайымдауға пайдалы болатынына сенімдімін. Бұл Қазақстан барған сайын үлкен рөл ойнайтын тарих болмақ. Сондықтан, Қазақстан халқымен осынау тарихпен бөлісу мүмкіндігі туғаны үшін менің ризашылығым шексіз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.