Туризм • 16 Қазан, 2022

Сабындыкөлде сауықтыру орталығы салынады

325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баянауылдық кәсіпкерлер қысқы туризмді дамытуға ниеттеніп отыр. Қыста саяхаттап келетіндер үшін мұнда келешекте бұғы мүйізі – пантамен емдеу орны және кварцты құм төселген спорт алаңдары тұрғызылмақ. Жыл бойы қызмет көрсететін сауықтыру кешені Сабындыкөл жағасында салынады деп жоспарланған.

Сабындыкөлде сауықтыру орталығы салынады

Баянауылда жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін демалыс үйлерінің жоқтығы туралы мәселе жиі көтеріле­ді. Жазғы суға түсу кезеңінде ғана ақша табуды құп көретін жергілікті қал­та­лы кәсіпкерлер бұған бас ауырта қой­майтынын да байқайтын едік. Әрі мұн­да ағзаны сауықтырумен айналы­сатын орталықтар да жоқтың қасы. Туристер көрікті мекеннің сұлу табиғатын тамашалап, шипалы ауасын жұтып қана қайтады. Ал қыста бұл аумаққа баратындар некен-саяқ. Себебі келушілердің көзін аулап, денсаулығын нығайтуға шақыратын ме­ке­мелер қызмет көрсетпейді. Осыған орай, Баян жеріндегі туризм де алғашқы аяз­бен «қатып» қалатыны шын.

Бұл олқылықтың орнын толтыруға «Тұлпар-2021» ЖШС құлшынып отыр. Кәсіпорын директоры Арслан Омаров­тың сөзіне сүйенсек, Сабындыкөл жаға­сында жыл бойы істейтін демалыс орны салына бастаған. Жобада ағзаны сауық­тыру кешені де қарастырылған. «Са­бын­­дыкөл Плаза» деп аталатын бола­шақ ­де­м­алыс аймағында келушілер үшін бар­лық жағдай жасалады деп күтілуде.

– Құжат мәселелері шешілген соң аумақты толық қоршадық. Келесі жылы қонақүй мен сауықтыру кешенін сала бастаймыз. Мұнда волейбол, футбол, балалар алаңдары болады. Теннис пен бильярд алаңын да ашпақпыз. Жазғы дәмхана, одан бөлек, мангал мүйісі жұмыс істейді. Құрылыс аяқталғанда демалыс орнында 50 бөлмесі бар қонақүй, 15 жеке демалыс үйі қызмет көрсетеді. Барлығы 250 адамды жатар орынмен қамтуға мүмкіндік бар, – дейді ол.

Сауықтыру кешені қасиетті өлке­ге адамдарды көптеп тарту үшін салын­бақ. Бұғы мүйізінің қанымен емдеу жүр­гізілетін панта ванналарын құ­рып, Павлодардағы Мойылдыдан шипалы бал­­шықты алдыру жоспарлануда. Осы­лайша, Баянауылдың туризм саласы тек жазғы мезгілде қызмет көрсетеді деген түсінік жойылмақ. Демалушыларды жыл бойы қабылдау бизнес үшін де тиімді.

Көлге сарқынды суларды жібермеу үшін демалыс аймағында кәріз жүйесін салу да жобаланған. Оның құрылысы барысында Іле Алатауы ұлттық паркіндегі технологиялар қолданылмақ. Яғни қал­дық сулар қайта өңделіп, суаруға жібе­ріледі. Ал демалыс үйлері мен сауықтыру кешенін жылытуға газ пайдаланылмақ. Осылайша, кәсіпкер экологиялық тұр­ғы­дан таза демалыс орнын құруға әрекет­тенуде.

Атап өтерлігі, «Сабындыкөл Плазада» жер­гілікті жерден шамамен 40-50 адам жұ­мыс табады деп болжанып отыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық тапсырылады. Демалыс орны дайын болғанда жылына кемі 4-5 мың адамды қабылдай алады.

Тағы бір ерекше нысан аталған аудан­ға қарасты Торайғыр көлінің маңында тұрғызылуда. «Жасырын үй» деп аталатын демалыс орны көзге түспейтін та­биғат тасасында әрі қолайлы жерде орна­ласқан. Аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліповтің айтуынша, «Сол­танов» жеке кәсіпкерлігі былтыр Торай­ғыр ауылдық округінде орналасқан бір қабатты, аумағы 140 шаршы метр тұрғын үйді сатып алған. Кәсіпкер әр­қайсысы сегіз орынды екі модульді үй салып, 35 төсектік орыннан тұратын кор­пусты қайта жаңғыртуда. Инвестиция көлемі 100 млн теңгені құрады. Кәсіп иесі Ермек Солтанов бұған қоса көл жағасында екі қабатты қонақүй мен екі кемпинг тұр­ғызып жатқанын да жеткізді.

т

– Бұл аумақта бұрын ешбір құрылыс болмаған. Қазір ауыз су мен электр жүйесі тартылып, жол төселді. Барлығын өз қа­ра­жатымызға жасап жатырмыз. Бірінші қабат­тағы әрбір бөлмеде санитарлық торап – дәретхана мен жуынатын орын бар. Біздің демалыс орнында жыл бойы жатып тынығуға болады. Қазір ішкі жұ­мыстар – кафель мен ламинат төсеу, есік орнату ғана қалды. Жаңа жылға дейін жұмысымызды бастап кетуге ниеттеніп отырмыз. Ал келесі жылы арнайы рұқсат алсақ, қоғамдық тамақтану орны мен спорт алаңдарын салу жос­парымызда тұр. Ата-аналар алаңсыз демалу үшін балаларын қалдырып кете алатын бөлмелер ашқымыз келеді. Әрине, ол жерде жеткін­шектерді арнайы қызметкерлер қарайтын болады, – дейді кәсіпкер.

Бұған дейін облыс басшысы Әбіл­қайыр Сқақов аталған болашақ демалыс орындарының құрылыс барысымен танысып қайтқан еді. Баянауылдың туристік әлеуетін арттыратын жобаларды жоғары бағалады. Әкімнің тапсырмасымен Жасы­бай демалыс аймағындағы Қоңыр әулие үңгіріне биік жол салынды.

Аудандық әкімдіктің дерегіне сүйен­­сек, Баянауыл ұлттық паркінде өткен маусымда шамамен 96 мың адам демалып қайтқан. Ал Павлодар облысы кәсіп­кер­лік және индустриялық-инновация­лық басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың мәліметінше, аймақтағы туристік саланы дамытуға 2020-2022 жылдары жалпы сомасы 3,1 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,9 млрд теңгесі – жеке салымдар. Өңірдің туристік секторында 119 жеке кәсіпкерлік қызмет көрсетеді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы