Білім • 16 Қазан, 2022

Өнерді тәжірибемен өрнектеген

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлтты жүрекпен сүйіп, оған тегеурінді мінезбен қызмет ету керек деген қағида Жиенхан ағаның бойына жарасып тұратын. Тірісінде қоғамнан лайықты бағасын алып, соңынан түгесілмес қазына түзіп кету – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Ақсу өлкесінің, тұтас Кереку өңірінің тәуелсіздіктен кейінгі рухани дамуында Жиенхан Қаманайдың қалдырған қолтаңбасы ерен.

Өнерді тәжірибемен өрнектеген

Жиенхан ағамыз Қазақ елінде азат­тық­тың ақ таңы жарқырай атқанда Моң­ғолиядан бері ағылған ұлы көштің ал­дыңғы легінде келген азаматтың бірі еді. Павлодар облысына қоныстанған беттен-ақ ұлттық құндылық, қоғам мәселесі деген дүниелерге белін буып араласып кетті. Ең әуелі ел-жұрты оны үлгілі ұстаз, тәлімгер, он сау­сағынан өнер тамған шебер ретінде таныды. Талай жылғы еңбегінің арқасында «Павлодар облысының үздік қолөнер шебері», «Алтын қолды шебер» атақтарын иеленді. Облыстық, республикалық қолөнер шеберлерінің байқауында талай мәрте топ жарып, ай­мақтың атын оздырды. 1993 жылдан мектепте мұғалімдік жолын бас­тап, өмірінің соңына дейін қазіргі Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдың Жамбыл атындағы орта мектебінде технология пә­нінен сабақ берді.

Ол ізденімпаз, жаңашыл ұстаз еді. Мәсе­лен, асық ойындарының 20-дан астам түрін, қамшы өрудің 24 түрін терең зерттеп, қағазға түсіріп жүйеледі. Онысын өске­­лең ұрпаққа үйретіп, жүрген жүрінде үне­мі ұлттық құндылықтарды насихат­тады. Бір жылы Жиенхан аға елден жи­­нап жүріп, 3 мың асықтан тұратын кол­лекция жасады. Әлгі асықтарының бар­лы­ғын ерінбей-жалықпай бояп, мектептер мен балабақшаларға үлестірді, өз әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Ол қарапайым қой асығынан 13 түрлі құрал ойлап тапты: санамақ, массаж жасайтын құрылғы, түс ажыратқыш, дойбы, атқыш, сылдырмақ және тағы басқа қолөнер туындыларының барлығы мектеп бағдарламасында кеңінен пайдаланды. Тәлімгер ретінде мұның бар­лы­ғын ұстаздарға арналған семинарда көрсетіп, тә­жірибесін кеңінен таратты. Осы еңбегі бағаланып, оған 2017 жылы «Асық ойнау әдістері» бойынша лицензия берілгені де мәлім.

Ағамыз қоғамдық мәселелерге келген­де өз ойын ашық айтатын, елдің сөзін сөйлейтін тұлға болды. Ауыл-өңірдегі түйінді түйткілдерді жергілікті «Ақжол», облыстық «Са­рыарқа самалы» газеттерінде кеңінен көте­ріп, қоғамдағы кемшіліктерді дөп басып көрсете білді. Әр мәселенің шешімін іздеуге тырысатын. Ақсудағы Ермак ескерткішін алу, шаһар атауын өзгерту, мешіт іргесін көтеру, қазақ сыныптарын ашу, өндіріс орындарындағы қазақ жастарының аздығы, қазақ балаларының ана тілінде тәрбиеленуі, жер-су атауларын қазақшаландыру сияқты салмағы зіл батпан мәселелерге араласып, бұл жайында көптеген мақала жариялады.

Жиенхан Қаманайды өз ортасынан ерекшелеп тұратын қасиетінің бірі – энтузиазмға шектен тыс берілгендігі еді. Ұлттық өнер түрлерін тірілтіп, өз алдына іс бастағанда қазынаға алақан жайып, тіленгенін көрмеп­піз. Барлық дүниені өз күшімен, мектептегі шәкірттерін жұмылдыра жүріп жүзеге асырды. Тері илеу, қайыс тілу технология­сын бұл өңірде одан артық игерген жан болмағанын мойындауға тура келеді. Өрген түрлі қамшыларына: асау қамшы, қызқуар қамшы, дода қамшы, бозбала қамшы, бәйге қамшы, дүре қамшы, жылан бауыр қамшы, сарыала қамшы және тағы басқа қамшыларға материалды өзі дайындайтын. 2018 жылы Ақсу өңірінде алғашқы «Рухани жаңғыру» кабинеті осы Жамбыл орта мектебінде ашылды. Бұл идеяны жүзеге асыруға ұлағатты жан өзі бас-көз болып, төл туындыларын ойланбастан әлгі кабинетке апарып орналас­тырды. Мал сүйегінен жасалған, көздің жауын алатын түрлі-түсті ойын құралдары мен самсаған асықтар, қамшы түрлері, аң терілері, өзге де ұлттық өнер жәдігерлері көрген адамды тамсантпай қоймайды. Осы еңбегі ескеріліп, ағамыз дүниеден көшкен соң кабинетке Жиенхан Қаманайдың есімі берілді.

Көркем мінезді, айналасына шуақ шаш­қан жанның артында қалған ұл-қыз­дары, туыс-туғандары жақында жарқын тұлғаның көзі тірісінде жазған мақала­лары мен танымдық дүниелерінен, мектеп оқушыларына арналған әдістемелері мен өлеңдерінен тұратын «Әке арманы» атты қос кітап құрастырып, басып шығарған екен. Кітаптың тұсаукесер шарасына Ақсу қаласының дамуына үлес қосқан ел үлкендері, «Қағандық» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов және тағы да басқа танымал азаматтар қатысты. Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы мен ардагер ұстаз Қанат Қасымов, Ақсудың Құрметті азаматы Светлана Қондыкерова, Жамбыл орта мектебінің директоры Бижамал Ақтаева және тағы басқалары ұлағат иесі жайында жарқын естеліктерімен бөлісті. Жиенхан ағаның ұлы Алтайхан мен келіні Гүлбану келгендерге алғысын жеткізіп, кітапта әке­сінің шығармашылығының біраз бөлігі топтастырылғанын жеткізді. Ал ұс­таз­дың немерелері атасының өлеңдерін оқып, наға­шы атасы, ел ақсақалы Дөрбетхан Әміреұлының батасын алды.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы,

Мәмәйіт Омаров ауылы