Бақытыма орай осыдан екі жыл бұрын Вена ұлттық опера және Ла Скала театрларында М.Мусоргскийдің «Борис Годунов», Дж. Пуччинидің «Богема» операларын тамашалауыма мүмкіндік туды. Дүниежүзілік опера мәдениетінің ірі орталықтары болып саналатын театрлардың қойылымдарын көріп, біздің Қазақстанда да осындай әдемі өнер ордасы болса деп тамсанып едім. Енді міне, сол арманыма жетіп отырмын. Елордамыздың орталығынан бой көтерген «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры қазіргі кезде жаңа премьераларды көрермендерге ұсынуда. Соның ішінде М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Дж.Вердидің «Аттила» опералары, П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» және хореограф Б.Эйфманның «Роден» балеттері әлемдік сахналарда үлкен табыспен өтті.
Осы жақында ғана театр сахнасында қойылған Дж.Пуччинидің «Тоска» операсына тәнті болдым. Операны италиялық дирижер Антонелло Аллеманди қойды. Басты рөлдерді Анна Пироцци, Марсело Альварес, Альберто Мастромарина орындады.
Бұл опера алғаш рет Римде 1900 жылғы қаңтар айында қойылыпты. Операның «Астана Операдағы» премьерасы, әлемдік дәстүр бойынша, итальян тілінде өтті. «Тоска» – реакция дәуіріндегі Италияда болған жағдайларды суреттейтін, еркіндікке талпынған кең пафосты драма.
Операның негізгі үш кейіпкерінің де партиясы әлемдік классикалық әншілер арасында кеңінен таралған. Олардың ариялары опералық музыканың інжу-маржаны қатарында. Спектакльдің декорациясы, кейіпкерлердің костюмдері – бәрі драманың өтіп жатқан кезеңін, ішкі атмосфераны көрсетуге мүмкіндік туғызады.
Бұл әлемдегі 5 операның қатарында тұрған әйгілі туынды. Оны орындаған әншілер құрамы да жоғары деңгейлі, әсіресе, Марсело Альваресті бөле-жара айтамыз. Шын мәніндегі көрерменнің қошеметін көрсеңіз... Нағыз әлемдік деңгейдегі орындау, шырқау таңдай қақтырды десеңіз де әбден болады.
Әлемге әйгілі әншілердің жоғары кәсіби дәрежеде орындау мәнері тыңдаушыларды рахатқа бөледі. Бірінші бөлімде діни қызметкер Ризашының партиясын орындаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожиннің кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді. Ол партияны зор ынтамен, биік кәсіби деңгейде орындады. Сахнадағы балалар хоры да жарқын әрі ойнақы өнер көрсетіп, жандандырды. «Астана Операдағы» Дж. Пуччинидің «Тоска» операсының премьерасы тыңдаушыларға үлкен әсер беріп, оркестрдің соңғы аккордынан кейін олар қоюшы режиссер, музыкалық жетекші, бүкіл труппаға ұзақ қошемет көрсетті.
Тойжан ЕГІНБАЕВА,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.