![Жанат – жыл кітапханашысы](/media/2022/10/16/crop-9_-1_691x973_zhanat-shardarbekova.jpg)
Еліміз бойынша 20 мыңға жуық кітапханашының арасынан жылына тек біреуіне ғана берілетін мәртебені «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ЗТБ төрағасы Бақытжамал Оспанова тапсырды. «Жыл сайын Одақтың кезекті отырысы ұйымдастырылып, түрлі мәселелер талқыланады. Биылғы жиында «Мәдениет туралы» заңның 24-бабы – кітапхана ісі бойынша өзгеріс енгізу туралы қарастырылып, кітапханашылар өз ұсыныстарын білдірді. Әрі қарай заң жобасы Парламентке ұсынылатын болады. Ал аталған номинацияға лайықты болу үлкен жауапкершілік, сенім артылғанын да білдіреді. Бұл – Түркістан облысындағы 395 кітапхананың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі», дейді Жанат Сәдібекқызы. Сондай-ақ Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы аясындағы «Кеңістікте бағдарлау» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы III орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. Екі ай көлемінде зағип, көзі нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптарды кітапхана қызметкерлері Алия Жұмабек пен Дана Байдәулетова, Айнұр Сұлтанбекова өз қолымен тіккен болатын.
Осы арада айта кетелік, жақында кітапхана қызметкерлері осы күнге дейін ең көп кітап оқыған үш оқырманды анықтады. Кітапхана қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жыл соңында «Алтын формуляр» иесін арнайы марапатқа ұсынбақ. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова формулярда оқырманның кітапханадан алған кітаптары жазылатынын, сондықтан жыл соңына дейін «Алтын формуляр» иесі атанып, сый-сияпатқа ие болуға әркімнің-ақ таласы барын айтады. Ал бүгінге дейін өңірде ең көп кітап оқыған үш азаматтың бірі – Өтеген Ысқақұлы. Түркістан қаласының тұрғыны Өтеген қария 40 жыл теміржол саласында жұмыс істеген. Зайыбы екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде сол перзенттерінен немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Кітапхана ашылғалы бері бүгінге дейін 38 кітап оқыған Өтеген қария жақында кітапханадан жазушы Төкен Әлжантегінің «Елең-алаң жалған-ай» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағын және Қанат Әбілқайырдың шығармаларын алған. Ал бүгінге дейін 23 кітап оқыған 23 жастағы Шерхан Саматұлы Алматы қаласында дүниеге келген. Мамандығы – актер. Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетін драма театр және кино әртісі мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман өткен жылы Түркістанда жаңадан ашылған сазды-драма театрына қабылданған. Замандастарын кітап оқуға деген дағдыны мықтап қалыптастыруға шақырған Шерхан жазушы Шыңғыс Айтматов пен Ілияс Есенберлиннің шығармаларын сүйіп оқиды екен. «Фараб» кітапханасына жиі бас сұғатындардың тағы бірі Жанизат Сәдібекова Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық универсиетінің екінші курс студенті. Сабақтан соң, яғни түстен кейін міндетті түрде кітапханаға баратын ол оқитын кітаптарының тізімін алдын ала жасап алады екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдағы уақытта ең көп кітап оқитындар қатары өзгеріп, ұлғая түсері анық.
Түркістан облысы