23 Мамыр, 2014

Азия мен Еуропаның алтын көпірі

473 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
форумЕлордада болып жатқан VII Астана экономикалық форумы аясындағы жеке бір сессия «Еуразиялық көлік жүйесі жаһандық бәсекелестік жағдайында» деген тақырыппен өтті. Міне, осы бір фактінің өзі ғана Қазақстанның экономикалық сәтті дамуы үшін көлік тасымалы мен логистикасының ерекше маңызға ие болып отырғандығын көрсетсе керек. Негізгі әлемдік рыноктардың ортасында орналасқан біздің еліміз өзінің көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру, теміржол мен Ақтау портының қуатын күшейту үстінде. Еуропа мен Азия бағытында жүк жеткізудің жылдамдығын барған сайын арттыруға бағытталған шараларды қабылдауда. Міне, осы ретте қазақстандық логистиканы үйлестірудің басты рөлі «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен «KAZLOGISTICS» көлікшілер одағының үлесіне тиіп отырғандығын атап көрсетсек артық емес. ASN_2552 (2) (2) Сонымен, әлемнің 150 елінен 10 мыңнан астам сарапшы қаты­сып отырған аса маңызды форум барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен Көлікшілер одағы Қазақстан арқылы өтетін транзит­тік тасымалдың қазіргі замандық мүмкін­діктерін әйгі­леді. Осы мақсатқа арналған «Еу­ра­зиялық көліктік жүйесі жаһан­дық бәсе­келестік жағдайында» атты сессия­да Қазақстан көлік дәлізінің ғажайып ерекшеліктері жүйелі түрде баяндалды және көрсетілді. Бұл жолдың уақыт­тан ұту жағынан алғанда дәс­түр­лі теңіз жолынан үш есе қыс­қа­лығының өзі көп жайдан сыр аңғартатын болса керек. «Әлемдік экономикадағы қазіргі ағым­дарды ескере отырып, біздің Мемле­кет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша «Қазақстан – Жаңа Жібек Жо­лы» бағ­дарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама транзиттік әлеуетті жүзеге асы­ру­дың, логис­тикалық қызметті күшей­тудің, ұлттық көліктік-логисти­калық инфрақұрылымдарды қалып­тастырудың және оларды жаһан­дық тұрғыдан инте­грациялаудың басым бағыттарын айқын­дайды, – деген «КТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Қазақстандағы логис­тикалық мүмкіндіктерді арттыру ісінің елді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына 2050 жылға таман қосу мақсатына қол жеткізу үшін тұғырлық алғышарттардың бірі болып табылатындығын атап көрсетті. Қазақстан қазіргі күні осы алға қойыл­ған мақсатқа сәй­кес бірқатар кең көлемді инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру үстінде. Бұл жобалар көлік­тік бәсекелестік ортадағы елдің тұрақтылығын арттыра түспек. 2012 жылы Қытаймен ара­дағы Алтын­көл – Қорғас екінші шекаралық өтпе жолы­ның құры­лысы аяқталып, ашылды. Осының нәтижесінде ҚХР-мен түйісетін теміржолдың өткізу қабілеттілігі бірден 50 миллион тонна жүкке дейін жеткізіледі. Ал өткен жылы Түркіменстан, Иран теліміндегі Өзен – Горган  желісі құры­лысының аяқталуы нәтижесінде Қытай мен Еуро­падан Парсы шығанағы елдеріне қосымша транзиттік жүктер тарту есебінен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің әлеуеті артты. Бұл ба­ғыт­тағы күтілетін көлем 2020 жы­лы 15 миллион тоннаға жетуі тиіс. Биылғы жылы 988 шақырым қашық­тықты құрайтын «Жез­қазған – Бейнеу» жаңа теміржолы пайдалануға берілмек. ТРАСЕКА Транскаспий дәлізі бағытын Ақтау және Баку арқылы Түркияға және Балқанға жалғайтын бұл жол Ахалкалаки (Грузия) – Карс (Түркия) жаңа желісіне интеграцияланып, Босфор түбегі арқылы Мармарай туннеліне өтетін болады. 2020 жылға таман бұл жаңа желідегі тасымал көлемі 17 миллион тоннаны құрамақ. «Hewlett-Packard» және «DHL» секілді компаниялар осы­нау құр­­­лық жолы бойынша өз жүктерін тасы­малдаудың пайдасына көз жеткізе келе жүктерінің елеулі бөлігін Қазақстан бағытына қарай ауыстырып үлгерді. Астана экономикалық форумы аясын­­­дағы осы панельдік сессиядағы көлік­ші­лердің кез­десуіне ҚТЖ-ның барлық жетек­ші әріптестері келді. Олар­дың қатарында «DP WORLD» компа­ниялар тобының бас жетекшісі Мохам­мед Шараф, ТМД өңірі бойынша ассо­циацияланған әріптес Lufthansa Consulting компаниясының жетекшісі Томас Нихаус, «KTZ Ex­press» АҚ атқарушы дирек­торы Даррэл Хэдэвэй, The Boston Consulting Group басқарушы директоры Андрей Тимофеев, Еуразиялық эконо­микалық комиссияның Көлік және инфра­құрылымдар департа­ментінің басшысы Ержан Нұрахметов, Ресей Көлікшілер одағының вице-президенті Евгений Казанцев және басқалар болды. Әлемнің 75 елінде компания­сы жұмыс істеп жатқан «DP WORLD» компаниялар тобының бас жетек­шісі Мохаммед Шараф  пен ҚТЖ Еура­зиялық транзиттік желіде Қазақстанды бәсекеге қабілетті етуге бірге күш салып жатқандықтарын атап көрсетті. – Қорғасты біз Ақтаумен байланыстырамыз. Сөйтіп, Грузия мен Еуропаға шығуды қамтамасыз етеміз, – деп сендірді әріптестерді М.Шараф. 100-ден астам адамды құра­ған сессия қатысушылары ҚХР-да­ғы Ляньюньган теңіз портын­дағы Қазақстан-Қытай логис­тикалық терминалы құрылысы жобасының маңызын ерекше атап көрсетті. Өйткені, бұл жоба Шығыс-Батыс бағытындағы құр­лықтық тасымалды дамыту үшін өте қажет. Қонақтар сонымен қатар, Еура­­зия­лық экономикалық одақ аясын­дағы инте­грациялық үдерістердің маңыз­дылығына да тоқталды. – Әлемдік экономиканың жаһан­­­­да­ну жағдайында біз­дің көлік және инфра­құ­ры­лым­дар саласындағы ортақ интегра­ция­лық үдерістеріміз Одақ бойынша әріптес елдердің эко­номи­ка­лық өсімінің негізгі мүм­кіндік­терінің біріне айналуы тиіс, – деп атап көрсетті Еуразиялық эко­но­­микалық комиссиясы Көлік және инфрақұрылымдар депар­та­ментінің басшысы Ержан Нұрахметов. Қазақстандағы көліктік сервис­тің даму екпіні әртүрлі көлік түр­лерінің қатысуы арқы­лы тер­миналдар мен хабтардың пайдалану бағытындағы шо­ғырландырылған тасымалға қарай ауытқып келеді. Осыған орай, ҚТЖ базасында бұл қажетті сервисті жүзеге асыратын бір­тұтас логистикалық орталық қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеу үстінде. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».