Сайлау • 17 Қазан, 2022

Жигули Дайрабаев Президенттікке кандидат ретінде тіркелді

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жигули Дайрабаев Президенттікке кандидат ретінде тіркелді

Айта кетейік, Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған болатын.

«2022 жылғы 4 қазанда оны «Ауыл» саяси партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттар ОСК-ға ұсынылды. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі жоғары орган отырысының хаттамасынан үзінді көшірмелер Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі, Президенттікке кандидатураны ұсынуға келісім беру туралы өтініші, сондай-ақ өмірбаяндық деректері мен сайлау жарнасының төленгенін растайтын құжаттар ұсынылды», деді ҚР ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.

Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен кандидатураның заң талаптарына сәйкестігі анықталды. Сондай-ақ кандидатқа азаматтардың даусын жинау үшін қол қою парақтары берілді.

«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдауға уәкілетті тұлғалар еліміздің барлық 20 өңірінде 125 081 азаматтың қолын жинады. Оның 122 246 қолы тексеріліп, 119 975-і сенімді деп танылды», деді Асылбек Смағұлов.

Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді. ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатқа тіркеу туралы куәлікті табыс етті.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мейрам Қажыкенді Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеген болатын.