Қоғам • 18 Қазан, 2022

Заман – зияткердікі

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Замана көшіне ілесе білу, айналамызда болып жатқан құбылыстарға сергек қарай алу үшін маңдайдағы жарқыраған екі жұлдыз – екі көз жеткіліксіз екені анық. Яғни көре білудің ауқымы сезіну, түйсіну, көңілге тоқу деген сияқты ұғымдармен кеңейе түседі. Ал бұл үшін көкірек көзінің ашық болғаны керек-ті.

Дамыған қоғамның бір белгісі халықтың мәдениетінен көрінеді. Бұл жерде мәдениетті үлкен ауқымда меңзеп отырмыз. Осы кең мағынадағы мәдениет дүниетанымы кең, санасы сергек, көкірек көзі ашық адамдардың бір-біріне ықпал етуі, ой-пікір алмасуы арқылы қалыптасады. Әлеуметтану ғылымында мәдениеттің мәнін қоғам мүшелерінің бір-бірімен мән-мағыналар алмасуы, ал бұл алмасудың басты тетігі – ортақ тіл деп түсіндіреді.

Осы орайда ортақ тіл топтастырған, ойлап ойнай білетін азаматтардың ортасын қалыптырған куиз сияқты заманауи зияткерлік ойынның жаңа үрдіске айнала бастағаны – жақсылықтың нышаны. Расында, қазіргі кезде бұл мәдени-зияткерлік ойын түрі көпшілік арасында кеңінен таныла бастады. Бүгінде Астана қаласының өзінде 20-дан аса куиз ойыны тұрақты түрде айына бірнеше рет ұйымдастырылып жүр. Қатысушылар қатары барған сайын арта түсуде. Өкініштісі, осыншама куиз ойынының тек екеуі ғана қазақ тілінде өткізіліп келеді. Қалғанының бәрі – орыс тілінде, біреуі – ағылшын тілінде.

Елімізде енді трендке айналып келе жатқан мәдени демалыстың бұл түрі Батыс Еуропада дамыған. Ойынның негізгі сценарийі Шон Хеннесси ойлап тапқан Quiz ойынына негізделген.

Куиз – мақсатты аудиторияны тартуға арналған интерактивті тесттер мен викториналар, яғни командалық ойын. Мұның негізгі өлшемдері – тапқырлық, шапшаңдық, бәсекеге қабілеттілік, нәтиже және бастысы қарапайымдылық. Ойында қатысушылардың қысылып-қымтырылмай, өзін еркін, жайлы сезінуі үшін барынша жағдай жасалады. Сұрақтар қате жауап болмайтындай етіп құрылады. Яғни берген жауабың дұрыс болмаса да, соған үйлесетіндей, қисынға келетіндей болады. Бұл мәдени демалыста командалық рух нығаяды, жекелеген қатысушылардың көшбасшылық қасиеттері көрінеді, уақыт жарқын әрі көңілді өтеді.

Сөз басында келтіргеніміздей, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды қаншалықты қаперіңе алғаның, оның өзінде көкірек көзіңмен көңіліңе тоқығаның осы куизде де көрінеді. Өйткені қоғамдық пікір туғызған мәселелер, көпшіліктің назарын аударған оқиғалар және басқа да ағымдағы құбылыстар куизде сауал болып алдыңнан шығады. Тұспалдап қойылатын мұндай сұрақтарға берген жауабына қарап қатысушылардың айналамызда болып жатқан дүниелерге қаншалықты сергек қарайтынын да аңғаруға болады. Бір жағынан, кейбір жағдайлардан бейхабар адамдар осы куиз арқылы біраз жайтқа көз жеткізеді. Яғни баланың ойын арқылы дүниені танитыны сияқты қатысушылар куиз арқылы кейінгі жаңалықтарға қанығады. Былайша айтқанда, куиз сұрақтарының жауабы барынша қарапайым келеді. Тек сұрақтың берілу формасы ғана күрделірек. Америкалық публицист Роберт Грин Ингерсолл «Зияткер дегеніміз – қарабайыр заттарды түсіну үшін тым ақылды адам» деген екен. Куиз сұрақтарын осы сөздің кері деп түсіндіруге де болады. Яғни жауабы қарапайым күрделі сұрақтар.

Қалай дегенмен, кеңінен сипат алып келе жатқан бұл мәдени-зияткерлік ойынға күн өткен сайын қызығушылық артып, қатысушылар көбейіп келеді. Қазір куиз ойындары елордада ғана емес, еліміздің біраз өңірінде де көптеп ұйымдастырыла бастады. Ендігі тілек – қазақ тілді ортаға арналған куиздердің қатары арта түссе екен. Өйткені ойлап ойнайтын осы ойынға қатысушылардың қатарына қарап, көзі ашық, көкірегі ояу қаракөздеріміз қайда екен деген ой келеді. Осындай қарапайым куиз сияқты креативті орталарда қазақ тілді қатысушылар көптеп төбе көрсетсе, ана тіліміздің қадірі арта түсер еді. Қайбір күні әлеуметтік желіде бір пабтың қазақтілді куиз өткізуге қарсы болып, тек орыс тілінде болса ғана келісетіні туралы жаңалыққа көпшілік қынжылыс білдірді. Өз тіліміздің өз жерінде өгейдің күйін кешуінің бұл да бір мысалы болды. Сондықтан замана көшіне ілесіп, жаңа дүниелерге барынша жақын жүрсек екен. Сосын сұранысқа қарай қазақтілді куиздердің де саны көбейер еді. Айтпақшы, «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, өткен аптада Астанада тағы бір қазақтілді куиз ашылып, көзі ашық жастарымыз барып қатысып, қолдау көрсетті.

Заман – зияткердікі. Қазақша ойлайық, қазақша ойнайық!