Экология • 18 Қазан, 2022

Тазалық сақтау – парызымыз

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» бірыңғай ұлттық экологиялық акциясын өт­кізуді ұсынған болатын. Бағалы бастама Ақмола облысы тұрғындарының тарапынан да қызу қолдау тапты.

Тазалық сақтау – парызымыз

Облыс орталығында мұн­таздай тазалықты мұрат тұтқан акцияның алғашқы кезеңі мей­лінше ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні мемлекеттік қыз­мет­шілер, студенттер мен білім алу­шы­лар, белсенділер мен ерік­тілер жұдырықтай жұмылып, шағын қаланың іші мен сыртын тап-тұйнақтай етіп тазалады. Аталған акцияның негізгі мақсаты – өздері тұрып жатқан елді мекенді түрлі қоқыстан тазарту ғана емес, жалпы жұрт, қалың қауымның бойындағы экологиялық мәдениетті жетіл­діру.

Көкшетау қаласының ірге­сіндегі тойған қозыдай томпа­йып жатқан Бұқпа тауының баурайы соңғы кезде ыбырсып кетіп еді. Оған себеп келімді-кетім­ді кісінің көптігі және олардың тәртіп пен тазалықты сақтай бермейтіні. Ұйытқыған жел де иен далада шашылып жат­қан полиэтилен пакеттер мен қа­ғаздарды ұшырып әкеліп жа­таған таудың ығына шашып тас­тайды. Жұмыс жетерлік. Та­за­лайтын жердің аумағы атшап­тырым. Әйтсе де, «жас келсе іске» деген емес пе, алғашқы бет­те-ақ бойларында күш-қуа­ты тасып тұрған жас толқын етпі­сірім уақыт ішінде тау баурайын­ жалтыратып тазалап шықты.

– Өз басым осындай иманды шаруаға қатысуға әрдайым әзірмін, – дейді жергілікті уни­верситет студенті Ілияс Қа­жы­­баев, – әкем орманшы болған­дықтан табиғатты тазалау пер­зент­­тік парызымыз екенін жас­та­йымыздан көкірегімізге то­қып өстік. Құрбыларыма да эко­ло­гиялық мәдениетті арттыру ма­ңызды екенін үнемі айтып отырамын.

Акцияны экологтер мен қа­ланың тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы бөлімінің қыз­мет­керлері бастады. Олар облыс орталығындағы ең лас­тан­­ған жерлерді тазартуды қол­­ға алды. Мұндай жұмыс төрт жер­де ұйымдастырылды. Бұқ­­па тауының баурайын­да, «Алаш арыс­тары» сая­ба­ғында, Қыл­шақты өзенінің жағалауында және Шахмет Құса­йынов кө­шесі бойындағы жеке сектор­да табиғат тазалығы, қала көр­кі үшін тегеуірінді жұмыс жүргізілді. Өз өлкесінің өңі жарқырап жайнап тұрғандығын қалайтын облыс тұрғындары осындай бағалы бастаманы іле қолдап, бар күш-мүмкіндіктерін жұ­мыл­­дыруда. Ізгі ниетті іс жал­ғасын тапса, Көкшетау мен Қо­рғалжынның арасындағы кең көсіл­ген дала сәуірдің ақ жауы­ны жуғандай ажарлы кейіпке енер еді.

 

КӨКШЕТАУ