Аймақтар • 18 Қазан, 2022

Жетісу облысының жаңа гербі бекітілді

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысының мәслихат депутаттары өңірдің жаңа гербін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облысының жаңа гербі бекітілді

Ведомство атап өткендей, эскиздік жобаның авторы - Талдықорған қорғаныс істері басқармасы бастығының әскери-патриоттық жұмыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс жөніндегі көмекшісі, вице-президент, Суретшілер Одағының мүшесі, Өнер академиясының корреспондент-мүшесі Есет Дәуренбаев.

«Жетісу облысының заманауи, ерекше, оңай танылатын өңірлік гербі конкурс нәтижесінде іріктелініп, анықталды. Байқауға суретшілер, фотографтар, дизайнерлер, архитекторлар және қала тұрғындары да қатысты. Жалпы 17 үміткерден 55 эскиз түсті», делінген әкімдік хабарламасында.

Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, Есет Жеңісұлының эскиздік жобасы конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен бірауыздан таңдалды. Өлкенің тарихи-мәдени және географиялық ерекшеліктерін көрсету, жоғары көркемдік деңгейі, бірегей дизайн шешімі, түстердің үйлесімділігі және геральдика талаптарын сақтау бағаланды.

«Жетісу облысының гербі шеңбер ішінде орналасқан, Мемлекеттік Тудың көк және алтын түсіне негізделіп құрылды. Негiзгі нышандардың бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің асқарлы, биік таулары, Талдықорған қаласының символы «Жетісу монументі», Ұлы Жібек Жолының нышаны – керуен көші, Жеті өзен, Балқаш, Алакөл көлдерінің айдыны бейнеленген», деп қосты ведомство.

апит

Өңірдің жаңа нышаны Мәдениет және спорт министрлігінің Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесте оң сараптама қорытындысын алды.