Ақтөбе облысы – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, инвестиция салуға қолайлы өңір. Облыс аумағында жер асты пайдалы қазба байлықтары да жеткілікті. Сондықтан да шетелдік инвесторлар осында қаржы салып, жұмыс істеуге ынталы. Мұның өзі өңір экономикасының бұрынғыдан да гөрі ілгерілеуіне ықпал етуде.
Біз «Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Бағжан ТІЛЕГЕНОВКЕ жолығып, облыстың өткен жылғы қол жеткен экономикалық көрсеткіштерін, интеграциялық ізденістерін әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Бағжан Нұрыллаұлы, ең алдымен өңір экономикасына серпін беретін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың барысына тоқтала кетсеңіз.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған төрт жылда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ішкі өңірлік өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі тұрақты өсіп келе жатыр. Бұл көрсеткіш 7,1 пайыздан 9,4 пайызға көтерілді. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға есептегенде 34,9 мың АҚШ долларын құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылы 496,2 миллиард теңгеге жетті.
Облыс экономикасын дамытуда кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі аса маңызды болып табылады. 2010 жылдан бері ғылыми-техникалық жұмыстар көлемінің орындалуын 28,4 пайызға өсіру көзделіп, ол 14,7 миллиард теңге құрады. Кәсіпорындардың технологиялық инновациялық шығындары шамамен екі есе артты. Қазіргі таңда индустрияландыру картасына кезекті нақтылаудың есебімен жалпы сомасы 574,9 миллиард теңге болатын 76 инвестициялық жоба енгізілген. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс жұмыстарында 8 мың жұмыс орындары ашылады. Ал олар пайдалануға берілгенде 10 мың адам еңбекпен қамтамасыз етіледі.
Төрт жылда индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 301,8 миллиард теңге болатын 70 нысан іске қосылып, 6 мың жұмыс орны ашылды. Тек өткен жылы ғана 115,1 миллиарда теңге тұратын 8 жоба пайдалануға беріліп, 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа нысандар пайдалануға берілуімен қосымша 236,4 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді. Бұл жалпы өндірілген өнім көлемінің 17,5 пайызы болып табылады. Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды іске қосу арқылы өңдеу секторында 14,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, ол жалпы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің 5 пайызын құрады.
– Бұл бағытта үстіміздегі жылы қандай жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде?
– Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден астам қаржыға 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде инновациялық өнімдер өндіретін ірі жобалар бар. Мысалы, жылына 430 мың тонна өнім шығаратын рельс арқалықтары зауыты құрылысын «Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты» ЖШС «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорынның өнімдері Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан елдерінің рыногына шығарылатын болады. Бұл – осы елдермен интеграциялық байланыстардың арқасында қол жеткізілген шаруалар. Қытайлық инвесторлар да ірі жобаны жүзеге асыруды аяқтап келеді. Биыл «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегін іске қосады. Бұл нысандардың жылдық қуаты 6 миллиард текше метр газ өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда қуаты 160 МВт. газ-турбиналы электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Компания 2015 жылы «Мортық» кен орнынан қуаты жылына 500 мың тонна битум өндіретін зауыт құрылысын бастамақшы. Оның құны 65 миллион АҚШ долларын құрайды.
Мұндай жобалар химия өнеркісібінде де қолға алынуда. «ChilisaiChemicals» компаниясы анағұрлым күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлауда. Оның жылдық қуаты 830 мың тоннадан басталып, 1,7 миллион тоннаға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Зауытқа салынатын инвестицияның жалпы көлемі 600 миллион АҚШ долларын құрайды. «Батыс Калий» ЖШС жылына 1,5 миллион тонна калий тыңайтқышын өндіретін зауыт құрылысын бастайды, инвестиция көлемі 1,3 миллиард АҚШ доллары болады. Болашақта облыста никель, битум зауыттары, алтын өндіру фабрикасы және басқа ірі нысандар іске қосылмақшы. Облысты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында газ-турбиналы электр стансаларын, Қарғалы ауданында қуаты 96 МВт. болатын жел электр сатансасын пайдалануға беру көзделуде.
– Бұл арада Ақтөбенің агломерациялық даму мүмкіндігі де ескерілетін болар, сірә.
– Ақтөбенің Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен бірге урбандық орталықтар қатарына жатқызылуы өңір үшін аса маңызды. Бұл біздің мүмкіндігіміздің көкжиегін кеңейте түседі, экономикалық дамуда жаңа жетістіктерге жетудің алғышарттарын жасайды. Бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, әлемдік стандарттарға жауап беретін осы заманғы өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру үшін үстіміздегі жылы индустриялық аймақ құрылысын бастау жоспарлануда. Индустриялық аймақтың мамандану бағыты анықталды. Мұнда құрылыс индустриясы саласында бірқатар инвестициялық жобаларды – ыдыстық әйнек зауытын, мәрмәр өңдеу, металл құрылғылары өндірісін, сэндвич панельдер өндірісін және басқаларын орналастыру көзделуде. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық нысандар құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жоба жүзеге асқанда ішкі өңірлік өнімдегі өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үлесі 10 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 15 пайызға, инвестиция көлемі 13 пайызға, еңбек өнімділігі 20 пайызға артатын болады
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында отандық бизнесті Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында дамыту өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Көрші елдермен, олардың шекаралас өңірлерімен интеграциялық байланысты дамыту бағытында облыста қандай ізденістер бар?
– Бұл бағыттың тиімділігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Біз өзара ынтымақтастықты, интеграциялық байланысты нығайтуға мүдделіміз. Одан ешкім де ұтылмайтыны белгілі. Еуразиялық интеграциялық кеңістіктің құрылуымен сыртқы экономикалық қызмет белсендірек бола түсті. Өткен жылдың 11 айында облыстың Кеден одағы елдерімен тауар айналымы 1,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни 2012 жылмен салыстырғанда 100,1 пайыз болды. Облыстың сыртқы сауда саясаты әлемдік сауда жүйесіне интеграциялану жолымен экономикалық мүдделерді ілгерілету және қорғау жүйесін құруға бағытталды. Мемлекет басшысының отандық және шетелдік инвестициялар көлемін экономиканың шикізаттық емес секторына салу және экспорттық әлеуетін арттыру бойынша алға қойған міндеттеріне сәйкес іскерлік орта өкілдері Ресейдің Калуга, Орынбор және Самара қалаларындағы сауда-экономикалық көрмелеріне қатысты.
Бағдарламаға сәйкес облыс әкімі А.Мұхамбетов Калуга, Орынбор және Самара облыстарының губернаторлары Д.Артомоновпен, Ю.Бергпен және Н.Меркушкинмен кездесті. Калуга қаласында өткізілген форумда ақтөбеліктер олардың өздеріне шетелдік инвесторлар тарту тәжірибесімен танысты. Облыс делегациясы «Росва», «Грабцево» индустриялық парктерінде, «Ангус» генетикалық орталығында, кедендік терминалда, мультимодельдік логистикалық кешенде, «Фольксваген» автомобиль зауыты мен «Бентлер Аутомотив» кәсіпорнында болып, тәжірибе алмасты. Калуга облысында жұмыс істейтін «Пежо», «Рено», «Митсубиси» және «Вольво» автомобиль зауыттары үшін кадрлар даярлайтын және қайта даярлайтын оқу орталығында біздің делегация үшін осы заманғы оқыту әдістері мен тәсілдері көрсетілді. Сапар барысында Ақтөбе және Калуга облыстарының сауда-экономикалық палаталары арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Орынбор облысына сапар барысында екі елдің шекаралас облыстары арасында экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері кеңінен сөз болды. Екі облыс кәсіпкерлерінің инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Самара облысына сапар кезінде екі облыстың сауда-өнеркәсіп палаталары, сондай-ақ, Қазақстанның «Ақтөбе» өңірлік индустриялық технопаркі» ЖШС мен Ресейдің «Жигулиевская долина» технопаркі» ЖАҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Екі елдің көршілес өңірлері арасындағы іскерлік және сауда қатынастарын кеңейтуге, үздік өнімдерімен және қызметтерімен танысуға жыл сайын өтетін «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі де оң ықпал етуде. Өткен жылы бұл көрмеге 156 кәсіпорын өз өнімдерін шығарды. Оның 68-і қазақстандық, 67-і ресейлік кәсіпорындар. Көрменің жұмыс қорытындысы бойынша 20 мың дана ақпараттық материал таратылды, 600-ден астам іскерлік келіссөздер жасалды, ынтымақтаса жұмыс істеуге мүмкіндік беретін 210 келісім жасалды.
Облыстық әкімдік отандық тауар өндірушілерді қолдау шарасы ретінде жоғары технологиялы кәсіпорындар қызметін таныстыруды жалғастырады. Шетелдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жоспарлы жұмыстар аясында форумдар, кәсіпкерлік кездесулер ұйымдастыру да жалғастырылады. Интеграциялық ынтымақтастық екі жақты тиімді.
Мұндай экономикалық өзара байланыстың қайтарымдылығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан интеграциялық ізденістер арқылы ілгерілеуге іргетас қаланатыны сөзсіз.
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.