23 Мамыр, 2014

Сабақты ине сәтімен

675 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Біреуге біреу сүйеу» дейді халық даналығы. Бұл сөз әңгіме етпек мәселеміздің мәнін қысқа да нұсқа дөп білдіруімен ойға оралды. Қазіргі жаһандану заманында экономикалық қарым-қатынастардың тығыз қабысып, тұтасуы соны талап қылуын жұрт жақсы түсіне бастаған жай. Ал мұның өз мүдделері мен мүмкіндіктеріне жақындау жолын, яғни еуразиялық интеграция жолын таңдаған Кеден одағына мүше елдердің ежелден тамырлас шаруашылық байланыстарды тереңдетуге бағытталған жағымды жақтары, әсіресе, Қарағанды облысында айқын байқалып отыр десек, бұған нақты дәйектер аз еместігін айтуға болады. Соның бірін алға тартқанда, бір­лескен «ҚазБелАЗ» кәсіпорны алдымен ауызға алынар еді. Бұдан төрт жыл бұрын Елбасы тұсауын кесіп, ісіне сәттілік тілеген жаңа үдерістегі өндірістің қуат-қабілеті күннен-күнге артуы білінеді. Атауы меңзеп тұрғандай, мұнда белорустық әйгілі «БелАЗ» ауыр салмақты жүк көліктерінің қосалқы бөлшектері, құрал-саймандары жасалумен бірге толықтай күрделі жөндеуден өткізіледі. Осы жылдарда бұл бағытта атқарылған жұмыстар көлемі ақшаға шаққанда 1 млрд. теңгені құрауы қадам құттылығын бір айғақтаса, сондай-ақ, келешегі кең екенін де көрсетіп отыр. Атап өтпеске болмайды, бұл өзі тау-кен өнеркәсібі ірі құрылымдары тілеуінен шыққандай өндіріс орны бола қалды. Өйткені, «Қазақмыс» корпорациясы, « Арселор МитталТеміртау» компаниясы секілді алыптардың кеніштерінде кен тасымалдауға қолданылатын алды – 220, соңы 45 тонналық «БелАЗ»-дардың біразы ескіріп-тозып, оларды қалпына келтіруге мүмкіндік жете бермейтін уақытта осындай кәсіпорынның құрылуы қажеттігі қатты сезілетін. Сол тілек іске асып, қиындықты жеңілдетті. Бұл ретте « Қазақмыс» корпороциясы» ЖШС жеткілікті инвестиция бөліп, ынтымақтастыққа ықпал етуін атаған орынды. Бүгінде ойдағы жұмыс ырғағы қалыптасқан, кезектегі іс-шаралар аясы кеңейген зауыттың көмегі «БелАЗ» -ды қолданушылар бәріне бірдей тиіп жүр. Аталған жүк көлігіне қосалқы бөлшектер мен жабдықтар бұрынғыдай айлап қүтіліп жатпайды, жөнделу үшін алысқа жөнелтілмейді, жақын жердің өзінде тындырылады. Мұның сыртында алдын ала тапсырысқа сәйкес уақытша істен шыққандарды қолма-қол күрделі жөндеуден өткізетін арнаулы сервистік қызмет көрсету топтарының жұмысы қолайлы жағдайды одан сайын жақсартты. Бұлар Балқаш пен Жезқазғанның, Шұбаркөл мен Қаражалдың қай кеніштері болсын бұзылып қалған «БелАЗ»-дарға тез «жан» бітіре алады. Айта кету керек, бұл Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорнының алдағы үлкен міндеттерге арналған кешенді жобаларының бастауы ғана деуге болады. Ал түпкі мақсат тіпті зор. Былтыр жүк көтерімділігі 45 тонналық түрінің алғашқысы Қарағандының өзінде құрастырылса, «ҚазБелАЗ» бірлескен кәсіпорны» ЖШС бас директоры Сергей Потылициннің айтуынша, оның жылына 30-33-ін шығаруға мүмкіндік бар. Одан үлкендері құрастырылатын уақыт та таяу. Еуразиялық экономикалық одақтың тетігі іске қосылу жылынан жергілікті тұтынушылардың бұл алып техника күшіне деген сұранысы бірте-бірте қанағаттандырыла бастайды. Жалпы алғанда, облыстың Бела­­русь Республикасындағы кәсіп­орын­дармен байланысты ор­нық­тырып, нығайтуының мысалы бір бұл ғана емес. Осы тараптағы ынтымақтастық Минск трактор зауытымен, «БелАгросервис» бірлестігімен, ауыл ша­руа­шылығы саласының буын­дарымен қол жеткізілген келі­сімдер бойынша жалғасын тауып, дамып келеді. Мәселен, темір нар ж­а­сау­­шылар «Сарыарқа» еркін эко­но­микалық аймағында тағы бір бір­лескен кәсіпорын жұмысын ұйым­дастыруға кіріссе, аграршылар Абай ауданындағы « Астро-Агро», « Шанс» шаруа қожалықтары көкөніс, картоп өсірушілері, ет-сүт өндірушілері әріптестерімен арадағы өзара пайдалы іс-қимылға ынталы. Өндірісті өңірдің металл бұйымдары, құрылыс материалдары тәрізді өтімді заттарымен қатар қой жүнін, жылқы етін, майлы дақылдарды тереңдетіп өңдеп, сыртқы рынокта бәсекеге қабілетті өнімдерді, коммуналдық шаруа­шы­лыққа арналған техникаларды бірлесіп шығаруға, машина жасау саласын қалыптастыруға бағытталған жобалар қыруар істердің негізгі арқауы болып табылады. Былтыр облыс делегациясының Беларусь Республикасында болған жұмыс сапарында біріккен байланыс өз кезегінде екі жақтан да инвестициялар құйылуын арттырды. Интеграция игілігіне көз жеткізушілер белсенділігі мен ықыласы күшейді. Күрмеуі қиын, сан түрлі иірімге толы көрінген жолдың тиімділігін дәлелдеп, үлгілі із салған «ҚазБелАЗ» бірлескен кәсіпорнындай болуға ұмтылушылар ұлғая түсуде, бұл күнде. Ресей Федерациясы, Беларусь салалас өндіріс орындарымен қарым-қатынас қалпына түскен Қарағанды машина жасау консорциумының, Пархоменко атындағы механикалық аспаптар, Ақтау цемент, «Сантехпром» сантехникалық бұйымдар зауыттарының, «Қарағанды конфеттері» кондитер фабрикасының шахталарға арналған көмір өндіру гидравликалық техникалары мен құрал-жабдықтары, іске ыңғайлы станок­тары, сапалы цементі, тіл үйір­ген тәттілері ресейлік, белорустық тұтынушылардың үлкен сұранымына ие. Олар кедендік кедергілерге ұшы­рамай, тапсырыс берушілерге жеңіл жетеді. Облыс бойынша бұл елдермен импортқа қарағанда экспорт көлемі­нің 60 пайыздан асуы өнім өткізу­дің ұшан-теңіз рыногы ашылуына қанаттандырып, ертеңгі алаңсыз жұ­мысқа серпін беруде. «Сабақты ине сәтімен» деген осы болар. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.