Білім • 19 Қазан, 2022

Оқушылардың әлемдік рекорды

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан оқушылары роботтехникадан Женевада өткен «First global challenge» әлемдік жарысында жеңіске жетті.

Оқушылардың әлемдік рекорды

FIRST Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен мұғалімдерге қа­тысуға ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді. Роботтехника чем­пионаты – әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жа­рыс жеңімпаздарына әлемнің же­текші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. Женевада роботтехникадан өткен «First global challenge» әлем жары­сында жеңіске жетіп, рекорд орнату – екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін іс. 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинаған қазақ­стандық оқушылармен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов телефон арқылы байланысқа шығып, жеңістерімен құттықтады.

«Оқушыларымызды жеткен жетістіктерімен құттықтаймын! Алдағы уақытта да биік белес­тер­ді бағындыра беруге тілек­тес­пін! Республика күні қарса­ң­ында бізді жақсы жаңалық­пен қуант­тыңыздар. Өз же­тістіктері­ңіз арқылы басқа балаларды ынта­лан­дыра­тын­дарыңызға сенім­дімін. Сондай-ақ қолдау көрсет­кен мұғалімдерге, жетекшілерге және дарынды балалардың ата-аналарына алғыс айтамын», деді министр.

Ел намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғап, олардың барлығы FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары атанды. Яғни оқушыларымыз үш күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан мү­дір­мей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын да жеңіп алғанын айта кеткен жөн.

Оқу-ағарту министрлігі балалар­дың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра беретінін, соңғы үш жылда елімізде 41 IT-мектеп ашылып, онда 55 мың бала оқып жатқанын және білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленіп, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталғанын алға тартады.

и

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы цифр­лан­ды­ру­ға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Яғни ІТ-мектептердің ерекшелігі – ІТ-технологиялар саласында мамандану, ерте профильдеу, роботтехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Сондай-ақ жыл сайын IT-мектептер санын көбейту жөнінде тапсырмалар берген болатын.

Оқушыларымыздың бұл жеңісі расында ел жеңісі. Биылғы шілде айында ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанғанын айта кетелік. Ол жарыста оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетіп, жарыстың абсолютті рекордын орнатқан болатын. Сонымен бірге балаларымыз қазылар алқасының үш номинациясына бірден ие болған еді.

Білектің емес, білімнің заманында әлемдік деңгейде рекорд орнатып, топ жарып жүрген оқушыларымыз тіл-көзден аман болғай. «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» демекші, еге­менді еліміздің ертеңгі үмітін ақ­тайтын, тәуелсіздігімізді көзінің қара­шы­ғындай сақтайтын білімді ұрпақ болса, міне, осындай болуы керек!