Білім • 19 Қазан, 2022

Колледждерде мамандық саны қысқартылды

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сырттай оқуға арналған мамандықтар мен біліктіліктер тізімі қысқартылды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қысқарған тізімнен кейін еліміздің колледждерінде студенттер тек 23 мамандық бойынша оқи алады.

Колледждерде мамандық саны қысқартылды

Салыстырмалы түрде айта кет­­сек, осыдан екі жылдан астам уа­қыт бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болса, енді оқы­ту­дың бұл түрі студенттерге са­­па­лы машықтарды, дағдыларды бере алмайды. Өйткені оған түлектер оқу­ды бітіргеннен кейін практикалық білімнің жетіспеушілігімен жиі кез­­де­сіп, жұмыс таба алмай жа­та­­тын­ды­ғы негіз болған. Осыған бай­ла­ныс­ты министрлік сырттай оқудағы мамандықтарды қыс­қар­ту бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуді қолға алып отыр. Атап айтқанда, бұл жолы «Радиоэлектронды көлік құралдарын пайдалану және техни­ка­лық қызмет көрсету (көлік түрі бойынша)», «Техник-электроник», «Техник-технолог», «Пайдалы қазба­лар­ды өңдеу (көмір дайындау)», «Техник-құрылысшы», «Қалалық ком­муникацияларды салу және пайда­ла­ну», «Тазалау құрылыстарының тех­но­логі», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылыс­та­рын пайдалану» және т.б. білік­ті­ліктер бойынша сырттай оқыту алынып тасталды.

«Бүгінгі таңда қазақстандық колледждерде кадрларды даярлауда дуалды оқыту түрі белсенді түрде дамып келеді. Яғни кадр даярлауда колледждер ірі кәсіпорындармен, бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өйткені оларға қандай мамандар қажет екенін еңбек нарығы анықтайды. Сондықтан біз сырттай оқу түрінен белсенді түрде ал­шақ­тап жатырмыз және мұндай ше­шім қабылдауға түлектердің оқу­ды бі­тір­­геннен кейін алатын білім мен дағдылардың сапасының жет­кі­лік­сіздігі себеп болды. Біз мұны кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр­мыз және бұл жұмыс әлі де жал­ғасын табады. Дуалды оқыту кезінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың кемінде 60%-ы қам­тамасыз етіле­ті­нін, осылайша студенттердің оқу уа­қытының жартысынан көбі өн­ді­ріс­те болатынын атап өтемін. Бұл тәсіл болашақ түлектердің білім сапасы мен біліктілігін арттырады және олардың әрі қарай жұмысқа ор­наласуын қамтамасыз етеді», деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісов.