Білім • 19 Қазан, 2022

Қонаевта «академиялық қалашық» құрылуы мүмкін

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұндай ұсынысты Алматы облысының жұршылығымен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қонаевта «академиялық қалашық» құрылуы мүмкін

«Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек. Қазір жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізеді. Онда көлік кептелісі көп. Жатақхана және қолжетімді баспана тапшылығы бар. Шаһардың ауасы да ластанып барады. Осының бәрін ескере отырып, Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн деп санаймын», деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. 

«Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ, жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет. Жалпы, әлемнің ірі университеттерінің көпшілігі ірі қалаларда емес, қаладан алшақтау жерлерде жайғасқан. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Осы қадам өңірдегі кадр тапшылығына байланысты түйткілдерді шешуге де зор септігін тигізеді», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетейік, осы ретте Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек.