«Облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру – басты басымдықтың бірі. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, өңірдің көлік желісін жақсарту үшін кешенді шаралар әзірлеуге тиіс. Жолаушы және жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасау керек. Атап айтқанда, Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы автожолмен қатар теміржол желісін дамыту қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұрын Алматы мен Қонав арасында электр пойызы қатынағанын еске салып, оны қайта іске қосу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты. Президенттің айтуынша, бұл шара Алматы маңындағы көлік кептелісін азайтуға ықпал етеді.
«Алматы облысы Алматы шаһарының іргесінде және Қытай шекарасына жақын орналасқан. Мұнда аймақаралық көлік дәліздерін дамыту аса маңызды. Күре жолдар жүк және жолаушы тасымалының көлемін арттырады. Сондай-ақ бір облыстың ғана емес, тұтас елдің дамуына септігін тигізеді», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.