Білім • 20 Қазан, 2022

Ой ширататын ойын

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бесінші рет тоғызқұмалақтан NIS желілік спартакиадасының абсолютті чемпионы ретінде Қызылорда қаласындағы зияткерлік мектептің құрама командасы танылды. Зияткерлік пен дәстүрді тоғыстырған тоғызқұмалақ ойыны бүгінде NIS желісінде сұранысқа ие спортқа айналды.

Ой ширататын ойын

Жыл сайын зияткерлік мектептердегі жүздеген оқушы асыға күтетін ерекше оқиғалардың бірі – тоғызқұмалақтан дәстүрге айналған желілік чемпионат. Жас спортшылар үшін тоғызқұмалақтың мәні ойыннан да тереңірек.

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Нұрай Махамбетәлі төртінші жыл қатарынан спартакиада қатысушыларының тізіміне енді. Тоғызқұмалақты математиканың өмірдегі тағы бір көрінісі ретінде түсі­нетін қайсар қыз жеңілуден қорықпайды.

– Болашақта ұлттық зияткерлік ойынды шетелдік достарымның арасында танытқым келеді, – дейді Нұрай.

Ең жас қатысушы атанған Талды­қорған қаласындағы зияткерлік мектептің оқушысы Айнель Қайрат осыған дейін желілік чемпионаттың қос күмісін иеленген, биыл да жеңімпаз атану ойында. Ал өскемендік Төрежан Қалибекұлы үшін тоғызқұмалақ отбасылық дәстүрге ұласқан. Ол бұл ойынды мақтанышпен жалғастырып келе жатқанын жеткізді. Қарағандыдағы NIS оқушысы Әділет Санатхан болса, тоғызқұмалақты ойнап қана қоймай, оның тарихын зерттеуді қолға алған екен.

– «Туған елге тағзым» өлкетану-зерт­теу экспедициясы аясында бұл ойынның тарихы мен туған өңірімде қаншалықты кең таралғанын зерттедім. Бұл ұлттық қазынамызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, – дейді жас өрен.

Ақберен Бақытберген желілік спар­такиадаға алғаш рет қатысады. Биыл «Өркен» грантының иегері атанып, Қызыл­ордадағы зияткерлік мектепке түс­ті. Ол тоғызқұмалақ спортымен алты жыл­дан астам уақыт айналысып келеді және аталған ойын NIS-ке түсу үшін қажетті дағдыларды дамытуға септі­гін тигізді деп санайды. Талдықорған қаласындағы NIS-тің 6-сынып оқушысы Абылайхан Тыныштықбай кіші топта абсолютті чемпион атанды. Ол сон­дай-ақ алғаш рет 2019 жылы желілік тур­нирдің үздік ойыншысы болған еді.

ав

– Тоғызқұмалақтан мектептегі бап­керім Жетпісбек Коксогонның арқа­сын­да спортта ғана емес, математикадан да жақсы жетістіктерге жетіп жүрмін. Әр жеңіс сайын өзіме деген сенім арта түседі, – деді талдықорғандық ойыншы.

Спартакиаданың барлық қатысу­шы­сы өздерінің тоғызқұмалақпен бай­­ла­нысты жеке хикаяларын қуана бөлі­седі. Олардың көпшілігі зияткер­лік ойынға NIS қабырғасына келгелі қызы­ға бастаған. Оқушылардың сөзіне ден қойсақ, тоғызқұмалақ математикалық сауаттылықты, сыни ойлау мен логи­каны дамытады.

NIS-тің төрешілер тобының жыл са­­йынғы мүшесі, Талдықорғандағы спорт мектебінің тоғызқұмалақтан аға жат­тықтырушысы Бауыржан Шурин ұлттық ойындардың компьютерлік ойындарды ығыстырып жатқанына сенімді.

– Тоғызқұмалақ бойынша желілік спар­такиаданың зияткерлік мектептерде дәстүрлі түрде өткізілетіні қуантады. Ұлт­тық ойындар – біздің байлығымыз. Оның кез келген түрі тарихымыз бен мә­­де­ниетімізге, патриоттық сезімдер мен ба­­тыл­дыққа, сондай-ақ спортқа деген сүйіс­­пеншілікті тәрбиелеуге бағыт­талған.

па

Үш жас санаты бойынша Талдықор­ған, Семей және Қызылорда қалала­рын­дағы зияткерлік мектептер командалары 2022 жылдың абсолютті чемпиондары атанды. Жеке есепте көкшетау­лық Ажар Сәрсенбай, талдықорғандық Абылайхан Ты­ныштықбай, семейлік Малика Әсем­ханова мен Еркебұлан Досан, ақтаулық Жансая Жәрдем және орал­дық Абылай Маметан жеңіс тұғырынан көрінді.

– Қазақ халқының қайталанбас мұра­сына айналып, зияткерлік пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ ойынына қатысатын оқушылар санының артқаны – біз үшін жеңіс, – деп атап өтті NIS-ті дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Зияткерлік мектептердің ежелгі ойын­­ды жандандырудағы ауқымды бағ­дар­ламасы оқушылардың ұлттық тарих­қа, салт-дәстүрлері мен мәдениетіне, халық фольклорына, ойындары мен та­ғам­дарына қызығушылығын арттырып, баулығанын растайды.

Айта кетелік, 2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.