Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түскен-тұғын. Жедел тексеруден өту барысында оның сол жақ миының ортаңғы артериясында тромбоз белгілерінің бары анықталды. Дәрігерлер көп ойланбастан оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт – қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады.
Дертке шалдыққан азаматтың ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына үш сағаттан астам уақыт болыпты. Дәрігерлер сол арада оған шұғыл түрде операция жасауға шешім қабылдап, ол ангиография аппараты арқылы, яғни пышақ тілігінсіз өтеді.
Қауіпсіз ота аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаевтың қолымен майдан қыл суырғандай аса нәзік әрі жоғары дәлдікпен жүргізілді. Бас-аяғы екі сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, дәрігерлердің көмегімен науқас жаны ажалдан аман қалды.
«Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Бұл негізінен күрделі операция саналады. Бірақ заманауи медициналық құрылғының көмегімен бүгінде мұндай отаны жасаудың қиындығы азайып, аурудың тез аяққа тұрып кету мүмкіндігі артты. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. Осы ретте айта кеткен жөн, №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-деңгейде жұмыс істейді. Егер адам инсульт алып қалып, дерті меңдемей тұрып 4-6 сағат аралығында шұғыл ауруханаға келіп түсетін болса, жоғары сапалы мамандандырылған технологиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген адамды аман алып қалуға мүмкіндігіміз жоғары болады», – дейді орталық меңгерушісі Р.Исабекұлы.
Ал 52 жастағы науқас операциядан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қолының қызметі қалпына келіп, бұрынғы қалпына толығымен оралды. Сөйлеу, есту қабілеті де қайта қалпына келді. Отадан соң бір күн бойы қарқынды терапия блогінде бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазіргі таңда дәрігерлер жағдайын жақсы деп бағалап отыр.
Өз кезегінде ақ желеңді абзал жандардың көмегімен дүние есігін қайта ашқан науқас осы қалтқысыз қызметтері үшін дәрігерлерге шексіз алғысын жаудырды.
Жалпы, ангиографиялық аппарат Шымкентте №2 қалалық ауруханада, қалалық клиникалық балалар ауруханасында және онкологиялық орталық пен №1 қалалық клиникалық ауруханасында бар.