Аймақтар • 20 Қазан, 2022

Баскөл жұртының базынасы

549 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Май ауданының қақпасы саналатын Баскөл елді мекенінде жылдар бойы қалыптасып қалған түйткілдер жетерлік. Ауыл халқы жаз-күз мезгілінде шабындық жерге жетуде машақат көретіндерін айтады. Мұнда жастардың көңілін аулайтын спорт нысаны да жоқ. Тағы бір мәселе – Май топтық су құбырынан ағып келетін ауызсудың кермек татитыны жұрт көңіліне жақпай отыр.

Баскөл жұртының базынасы

Биылғы күз баскөлдік ағайынға қиын тиіп тұр. Өткен­де өрт шығып, Ертіс өзені­нің жа­йылмасында шауып қойған ма­я-мая шөптері жа­нып кетті. Ақсу ауылдық аумағы­нан тұтанған тілсіз жау жолын­дағының бар­лығын жайпап, Ақсудың Мәмәйіт Омаров ауыл­дық округі мен Май ауданын­дағы Баскөл ауылдық окру­гінің шаруаларын шығынға батыр­ды. Шабындық жерге өрт сөндіру машиналары өте алмай, тұрғынд­ар шөп шауып жүрген тракторларымен жер жыртып, су сеуіп мал азығының аз ғана бөлігін әрең аман алып қалды. Алдағы қыс суық болса, мал иелері қиналып қалатындарын жеткізді.

– Түтін шығып жатқанын көріп, барлығымыз солай қарай жүгірдік. Жайылмаға өткізетін паромымыз шағын ғана, бір трактордың өзі әрең сыяды. Өртті сөндіруге санаулы ғана адам барып, тілсіз жау­мен арпа­лыстық. Аудан орталы­ғы­нан өрт сөндіру машиналары келген. Өкінішке қарай, ескі паром оны көтермейтіні белгілі болып, өзеннен өте алмады, – дейді ауыл тұрғыны Алтай Балкенов.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Баскөл елді мекенін Ертіс өзенінен Белая деп аталатын шағын өзен бөліп тұр. Ертістің сол жақ жаға­лауындағы шабындық жер­лер өнімді болғандықтан Баскөл, Бозша ауылдарының халқы жазда сол жерден шөп шабады. Белая өзенінен өтетін ескі паром бүгінде жайылмадан шөп шабатын ағайын үшін жалғыз ғана су көлігі саналады. Алайда оған мінудің өзі қауіпті. Себебі құрылғының жалғыз ғана тракторды көтеретін шамасы бар. Жаз бойы бұл жерде өзеннен өту үшін қырғын кезек қалыптасып қалатын көрінеді.

– Біздің жанымызға бататын, шаруамызға кедергі кел­тіретін мәселенің ең зоры – Белаядан өтетін пантон­ды кө­пірдің жоқтығы. Кезінде ескі пантон болған, ол суға ба­тып кетті. Жыл сайын аудан, облыс әкімдерінің есептік кез­де­сулерінде проблеманы көтеріп келеміз. Әне салынады, міне салынады деген құр уәдемен тойдырады. Өткелдің жоқтығынан ауыл азаматтары шабындыққа барып-келудің өзіне қаншама уақыт жұмсайды. Ал одан шабылған шөптің өзіндік құны да қымбат. Оның үстіне бір апта бұрын өрттен қаншама мая өртеніп кетті. Бір ауылдасым біраз малын сатып, шөпті тәуір-ақ шапқан еді. Тілсіз жау 50 маясын тып-типыл етті. Шығынға батқандардың барлығы төрт түлікпен күнелтіп отырған, тұрақты жұмысы жоқ адамдар. Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе дейміз. Қазір Баскөлде шөп қымбаттап жатыр. 300 килолық буманы былтыр 3 500 теңгеден алып келсек, биыл 5 мың теңгеден сатуда. Менің өзім 70 шөп бумасын сатып алуға қаражат жинап жатырмын. Бақандай 350 мың теңге жұмсайды екенмін. Өзім мектепте мұғаліммін, еңбекақы алып отырмын. Ал күні тек малға қараған жандар енді не істейді? – деп қынжылады ауыл мектебінің ұстазы Берік Ескендіров.

Ауыл адамдарының айтуынша, шабындықтар биыл күзде бірнеше мәрте өртке оранған. Жергілікті билік өрт әлі жанып жатқан уақытта «жалын ауыздықталды» деп облысқа жалған мәлімет береді. Осындай немқұрайдылық пен бақылаусыздық салдарынан алыс жатқан ауылымыздың мәселесі шешілмей отыр деп санайды.

Негізі Баскөл аудан үшін тірек ауылдың бірі саналады. Соған қарамастан, елді мекен көптеген өркениет игіліктерінен ада қалған. Топтық су құбы­рынан ағып келетін кермек судың мәселесі айтыла-айтыла жауыр болды. Амалы құрыған жұртшылық үйлеріне бағасы бақандай 250-300 мың теңге тұратын сүзгілер сатып алып, орталық құбырдың суын тазартып ішуге мәжбүр. 

«Кеңес өкіметі тұсында Май топтық су құбырының ауызсуы сапалы болды. Тіршілік нәрі тереңдігі 70 метрлік скважинадан алынатындықтан казір­гідей кермек татымайтын. Кейін тәуелсіздік жылдары жүйе қалпына келтірілгенімен, мер­­дігер жобаны сапасыз ат­қарып шыққаны белгілі болды. Білуімізше, скважинаның тереңдігі 18 метрден сәл ғана асады. Бір-екі мәрте құбыр бойы­мен лай су ағып келгеніне де куә болдық. Облыс билігінен осы мәселені де реттеп беруін сұраймыз», дейді Б.Ескендіров.

Бір қызығы, кезінде ауданға Ардақ Қаңтарбаев әкім болып тұрғанда Баскөлге дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенін, одан соң бұл міндетті атқарған Марат Ақтаев жасанды жабыны бар шағын футбол алаңын салып беремін деп уәде еткен. Қос әкімнің де уәделері орындалмай, сөз жүзінде қалды. Ендігі үміт – қазіргі әкім Ағыбай Әміринде.

– Тірек ауыл болғанымызды қайтейік, жақын жердегі шағын ауылдардың көшелері асфальт­талып, жарық тартылып, кіреберіс жолдары түзеліп жатқанын көріп қызғанамыз. Мыңға тарта халық тұратын елді мекенде балалар мен жас­тарымыз рахаттанып ойнайтын дені дұрыс спорт алаңы да жоқ. Біздің ауыл атынан аудандық мәслихатқа сайланған депутат та өзге өңірдің азаматы. Оларға тағар кінәм жоқ. Дегенмен осы жердің тумалары ауыл билігіне тоқайласып, шын жанашыр азамат ретінде қарайласып, туған мекенін гүлдендіруге күш салса екен дейміз. Ауыл тұрғындары мұндай қиындыққа төзе бермесі анық, – дейді Б.Ескендіров.

Ауыл тұрғындарының шағы­­мы бойынша аудан әкімі Ағыбай Әміринге хабар­лас­тық. Білгеніміздей, өткен қыркүйек айында облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов аудан жұртшылығымен кездесуге келгенде өзенге көпір салу мәселесін назарына алған екен. Облыс басшысының тапсырмасымен 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық бюджетте жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінетіні белгілі болып отыр.

– Белая өзенінің үстінен пантонды, яғни жиналмалы көпір салатын болып шешім қабылданды. Біздің тапсырысымыз бойынша жобаның сметасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан ойдағыдай өт­ті. Жобаның құны шамамен 215 млн теңгені құрайды. Тек 176 млн теңгесі құрылысқа жұм­салады. Ұзындығы 50 метр болатын өткел қыста мұз қатқанда жиналады. Бұл көпір негізінен Баскөл мен оған қарасты Бозша, Жаңатілек ауыл­дары үшін маңызы зор болатынын байқаймыз. Қаражат бөлінсе, құрылыс келесі жылы басталады, – дейді Ағыбай Қойшыбайұлы.

Жоғарыда Баскөлдің тірек ауыл саналатынын айттық. «Ауыл – ел бесігі» бағдар­лама­сы­ның игілігі бұл ауылға 2024 жылы ғана жетеді екен. Жоғарыда көтерілген инфра­құры­лым мәселелері мемле­кеттік жоба аясында өміршең етіледі деген үміт зор.

Ақсу қаласының ауылдық аймағында өрт шығып, қызыл жалын тағы Баскөлге төніп келе жатыр деген жедел ақпарат түсті. Ауыл әкімі Ербо­лат Арғын­таев телефон арқылы сөйлес­кенімізде облыс орталы­ғынан көмек сұралғанын, әзірше ауыл­дың барлық техникасы өрттің алдын алу шараларына жұ­мылдырылып жатқанын жеткіз­ді. Қазір мұндағы жұрттың уайымы қайта-қайта тұтана беретін өрттен жаз бойы шапқан шөптерін аман алып қалу.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы,

Баскөл ауылы