«Кармен-сюита» балеті Ж.Бизенің әйгілі операсының Р.Щедрин транскрипциясындағы хореографиялық нұсқасы. Сюитада бас кейіпкердің тұрмысы ғана емес, тағдыры да көркем суреттелген. Қойылымда Кармен бейнесі адалдық пен асқақ махаббаттың символына айналған. Спектакльдегі оқиға бірегей декорация өрбиді: сахна кеңістігі ағаштан жартылай дөңгелек іспетті жасалған. Бір жағынан бұл бұқалармен сайысу орны болғанымен, екіншіден, метафоралық тұрғыда өмір алаңын көрсеткендей әсер береді. Кейіпкерлердің басындағы тағдырдың тауқыметі осы алаңда орын алды. «Кармен-сюита» – ұлы балеринаның есімімен тығыз байланысты болса да, ол «Астана Балет» сахнасында жаңаша қырымен көрінді.
«Алонсо классикалық биді орыс ұстаздарынан үйренген. Кейін ол ұлттық би қимылдарын, латын америкалық, испандық би мәнеріне тән ерекшеліктерді қосып, өз хореографиясымен дараланады. Спектакльді қайта қойғанда осыған баса мән беру қажет. Бұл балет ерекше темперамент пен актерлік шеберлікті талап етеді. «Кармен-сюита» үнемі ерекшеленіп тұрады, себебі, әрбір орындаушы өзі иірімі мен тың дүниелерін қосады. Өйткені мұнда адамға тән сезім арпалыстары, тұрмыс-тіршілік, махаббат, жауыздық, опасыздық, нәзіктік, зұлымдық қана емес, орындалмай қалған армандар да суреттеледі. Осыны сезінген көрермен кейіпкерлермен бірге күй кешеді деп ойлаймын», – дейді қоюшы-хореограф Тимофей Лавренюк.
Қойылымдағы әр партия – өзінше дара. Басты партияны орындаған театрдың жетекші солисі Айнұр Әбілғазина әр балерина үшін Кармен партиясы ерекше екендігін айтады.
«Оның бейнесі жарқын ғана емес орындау жағынан да жүрекке жақын келеді. Қашанда көңілінен шығатын өз кейіпкеріңді сомдау маңызды. Өзгелерді қайталаудың қажеті шамалы екенін түсінемін. Бастысы, кейіпкеріңнің басынан кешкенін терең сезіне білу керек. Бұл балетте үйреншікті классикаға ұқсамайтын қимылдар бар, ол испан биінің элементтерімен толысқан. Біз үшін бұл таңсық дүние. Сонысымен де қызықты», – дейді ол.
Сондай -ақ спектакльдегі басқа да басты партияларды орындаған Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов, Уэсли Карвальо, Байқадам Түнғатаров және Айдан Қалжан секілді талантты театр әртістерінің өнеріне көрермендер зор қошемет көрсетті.