Өскелең ұрпақты сөз құдіретін тануға баулитын шешендік өнер байқауына еліміздің 4 өңіріндегі 8 университет пен 1 колледжден 16 студент қатысып, қос бөлім мен төрт кезең бойынша сөз додасына түсті. Жұптар арасында өткен жекпе-жек түріндегі шешендік сайыс қатысушылардың көркемдік деңгейі мен білімін, ой ұшқырлығы мен сөздік қорын, тіл тазалығы мен сұрақ қою қабілетін сыннан өткізді. Қалған екі бөлімде шешендік сөздер мен толғауларды жатқа білу, жұмбақтап, астарлап айтылған ойдың түйінін шешіп, мәнін түсіну деңгейі анықталды. Қазылар мен қатысушылар ұпай саны бойынша жеңімпаздар белгілі болған соң ғана хабарланды.
Жас ділмарларға «Әлеуметтік желінің әлеуеті күшті ме?», «Біз өзі жалқаумыз ба?!», «Ғылыммен айналысып елге пайда келтіре алар ма едіңіз?» қатарлы бірқатар тақырыптар ұсынылып, ойды қуаттап немесе терістей отырып қорғап шығу, нақты дәлел, дәйекпен ойды ықшам әрі көркем образды жеткізе алу талаптары қойылды.
Аманжан Еңсебайұлы, Рақымғали Абрарұлы, Береке Жұмақаева, Серік Қалиев, Жарқын Сәленұлы сынды тіл жанашырлары қазылық еткен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің студенті Рамазан Нұрланұлы жеңіп алды. Жүлделі 1-орынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Дәулетбек Думан лайық болса, қос бірдей 2-орын І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті Талшын Талғатқызы мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Гүлай Қалиханованың қанжығасына байланды. Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттері Нұрай Әбдібек, Қарақат Нұрлыжан және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Бағжан Болатбеков 3-орынға ие болды. Одан бөлек сөз сайысында өзгеше өнерімен көзге түскен үш қатысушыға арнайы жүлде табысталды.
– Жүйелі сөйлей алу адамның тұлға ретінде қалыптасқанының бір белгісі. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген хакім тағылымы бұған дәлел. Жалпы сөйлеу мәдениеті өмірдің барлық саласын қамтиды десек, соның ішінде шешен сөйлей алу – адамның рухани болмысы мен табысының да кілті. Себебі бәріміз қоғамда өмір сүріп, күнбе-күн коммуникацияға түсетін жандармыз. Жүйелі сөйлей білетін адамның білімі, кісіні тыңдай алуы, өзін-өзі ұстауы, қисынды ой жүйесі, сөз мәдениеті ерекшеленіп тұрады. Өкініштісі, екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын еркін жеткізе алатын жастардың азайып келе жатқаны жасырын емес. Себебі неде десек, білім беру саласындағы жүйесіз реформалар мен шатқаяқтап тұрған тіл саясатына тірелеміз. Оған қоса технократтық заманда Гутенберг өнер табысын місе тұтпай, Цукерберг әлеміне шұғыл көшіп кетуіміздің де салдары бар. Білімгерлеріміздің көркем шығарма оқудан шектелуі осыны байқатады. Бұл байқаудың бірнеше мақсаты болды. Алдымен, тілімізге жанашырлық, сөз өнерімізге құрмет, халқымызда аманат болып келе жатқан рухани мұрамызды ұлықтауға деген құлшыныс десек, сонымен қатар жастарымызды дамытуға, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету деп түсінген орынды. Байқауға қазылық ете отырып, қатысушылар тарапынан біраз ізденістің, тың талпыныстың болғанын аңғардық. «Жүйелі сөз қисынды ойдан туады» дейді. Шешендік өнерде сөз ұтқырлығы, ой қисындылығы аса маңызды әрі шұбалтпай сөзді анық діттеген нысанаға дөп түсіре алу да шеберлік. «Көп ойлап жақсы сөйле нұсқа болсын, қайтарар жауабың да қысқа болсын» дейтін бабамыз әр сөздің қадірін білуді меңзейді. Байқау барысында сөз додасын қолма-қол, талдап-таразылап, әрбір қатысушының әр кезеңдегі сөз саптасына ашық білдірілді, әсіресе сөз қолданыстарына, тіл тазалығына, көркемдігіне баға беріліп отырды. Өз орайында қазылар тарапынан айтылған сын-пікір қатысушылармен қоса тұтас көрермендерге де айтарлықтай өнеге-сабақ болды. Сөйлеу әрекетімен қатар, тыңдарманын игеру, сахна мәдениеті дегендер де назардан тыс қалмады. Мұндай іс-шаралардың жандануы, дәстүрлі додаға айналуы аса маңызды. Өз ұлтымыздың ерекшелігі айшықтап, ұлттық кодымыздың құнын танытудың болашақ үшін қажеттігі аса зор, – дейді ділмарлар додасына қазылық еткен п.ғ.к, СДУ профессоры Береке Жұмақаева.
Ұйымдастырушылар көрерменнің айызын қандырып, рухани мұрамыздың мерейін үстем еткен байқауды дәстүрге айналдыруды көздейді. «Атамұра» корпорациясы демеушілік танытқан жобада жүзден жүйрік шыққандар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.
АЛМАТЫ