Қазақстан • 20 Қазан, 2022

Журналистің қызметі қаншалықты еркін?

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медиа саласының ауқымы кеңейіп, ақпарат  толқынының арнасы артқан сайын журналистика сферасының ықпалы кеңеюде. Журналист - қоғам білуі тиіс әртүрлі ақпараттарды жинап, халыққа жария ететін ақпарат майдангері. Ал журналисттің басты ұстанымы - қоғам алдындағы шынайылығы. 

Журналистің қызметі қаншалықты еркін?

Жаңаның жаршысы мен жақсының жақтаушысы болған ақпарат майдангерлері үшін журналистика саласы қызығы көп болғанымен де қауіп-қатері қатар жүретін орта.

Қазіргі саяси талаптарға қарай медиа сферадағы кей журналисттер үкіметтің монополиясына, яки саяси күштің немесе қандай да бір беделді тұлғаның қолшоқпарына айналып жатады. Сайып келгенде, сол үкіметтің дәріптеуші күші не насихаттаушысы болып шыға келеді.

Алайда, көпке топырақ шашпай қарасақ, журналистика мамандығының шынайы қызметкері болып, осы саланың маманы ретіндегі адал нанын жоғалтпаған жандар да жетерлік. Шындық деп шырылдап, жабулы қазанның бетін ашпақ болған көптеген медиа мамандары құзырлылардың қолында қыспаққа қалып, тіпті өміріне қауіп төніп жататын жағдайлар да жиі кезедеседі. Осындай кезде, «ақпарат атты майданның жауынгерлері болып жүрген журналисттердің еркіндігі бар ма?» деген сауал еріксіз туындайды.

Журналистерді қорғау комитетінің (Committee to Protect Journalists) мәліметіне қарасақ, 2018 жылдың басынан бері әлемде 71 медиа қызметкері өлтірілген. Олардың 19-ының өлтіру мотиві анықталмаған. Сондай-ақ журналисттер үшін қауіпті елдер қатарын Ауғанстан көш бастап тұр. Онда бір жылда 15 медиа қызметкерінің өмірі қиылған, мұндай елдердің қатарында Қазақстан да бар. Осы комитеттің пайымдауы бойынша, Қазақстандағы журналистика сфера «еркін емес» деген статусты иеленіп тұр. Ел ішінде саясатқа қарсы шыққаны үшін қудалауға, құқығынан айыруға бейім. Оған Қазақстандағы Ratel.kz редакциясын сотқа тартылуы мысал бола алады.

Медиа саласында көпжылдық тәжірибесі бар ағылшын журналисі, әлемнің 30 елінде өкілдігі бар Ethical Journalism Network ұйымының президенті Айдан Уайттың айтуы бойынша, бүгінгі таңда әлемде коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін медиа ұйымдардың азайып кеткен. Ал оларды қаржыландыратын ұйымдар мен саяси қозғалыстар өз мақсатында пайдаланғысы келеді. Ал журналисттің еркіндігі – оның басты құндылығы.

«Демократия» аталынатын мемлекеттер санатындағы Қазақстанның сөз бостанығы керемет дәрежеде емес екен. Оған дәлел, Reporters Without Borders халықаралық ұйымы жасаған сөз бостандығы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан жыл сайын төменге түсіп барады. Биыл Қазақстан 180 елдің ішінде 158 орында тұр, яғни Қазақстан сөз бостандығы көп шектелген 25 елдің қатарында. Ал бұл статистика бойынша Түркия елі алыңғы орында тұр. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы зерттеу нәтижесінің қорытындысына сүйене отырып, «қазіргі ТМД, оның ішінде Қазақстан, сөз бостандығы бойынша Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка деңгейіне дейін түсіп кеткен, оған дәлел, елде негізгі оппозициялық газеттер жабылды, қалғандары заң қысымынан соң тарап жатыр» дейді. Ал Астана қаласында Қазақстанда «тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым бар, сөз бостандығы шектеледі» деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарған.

Жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып жатқан уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бұл өте өзекті мәселе. Бұл мәселені жақсылап қарауымыз керек. Мен үкіметке тиісті тапсырма беремін. Келешекте, егер қажет болса, журналистердің мәртебесі туралы тиісті заң қабылдаймыз. Не болмаса, мен өзім президент ретінде шешім қабылдаймын», деген пікірі осы мәселенің жоғары биліктің құлағына жетіп, алдағы уақытта қандай да бір әрекет болады деген үміт отын ұялатқандай.

Ел мүддесін түгендеп, халық жағдайын жалау ететін журналисттердің өз еркіндіктерін талап ете алмауы ойландыратын мәселе. Сөз бостандығы болса, саясаттың қолшоқпарлары да азаяр ма еді.

 

Мөлдір НҮСІПЖАН,


Тұран университеті Журналистика факультетінің студенті