Қоғам • 20 Қазан, 2022

Алматы әкімі азық-түліктің қымбаттауына қатысты пікір білдірді

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында азық-түлік инфляциясы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әкімі азық-түліктің қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Қалада негізгі азық-түлік бағалары өсіп келеді. Мәселен, жыл басында күріштің бір келісі 230 теңгеден сатылса, қазір - 470 теңге. Қарақұмықтың құны 540 болса, қазір 100-150 теңгеге қымбаттаған.

Бұл ретте Ерболат Досаев қаладағы бағаның өсуін тежеу үшін әкімдік қандай шаралар қабылдап жатқанын айтты.

Әкімнің айтуынша, азық-түлік қымбаттауына соңғы геосаяси оқиғалар мен жанар-жағармайдың қымбаттауы түріндегі объективті себептер әсер еткен.

«Қала тарапынан жыл соңына дейін біз 85 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сату туралы уағдаластық. Астық пен күнбағыс майы бойынша келісімге қол жеткізілді. Қант, қарақұмық және күрішпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша әкімдік 6,4 млрд теңге қарастырды», деді әкім.

Досаевтың айтуынша, сауда министрлігі бірыңғай бағалар туралы уағдаласқаннан кейін Алматы тиісті квота алады.

Әкім атап өткендей, әділетсіз баға белгілеудің басты проблемасы - заңсыз делдалдық схемалар. Заңсыз делдалдықпен күресі мақсатында бірқатар шаралар кешені дайындалды. Олар 2023 жылдың қаңтарынан бастап іске асырыла бастайды.

Айта кетсек, 19 қазанда Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қазақстандағы азық-түлік инфляциясы 20%-ға дейін жеткенін айтқан еді.