Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай халықтың табысын арттыру бағытында қыруар іс атқарылғанын айтсақ, артығы болмас. Қазір екі қолға бір күрек тауып, отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндігі туғандар ақ-адал еңбегімен жұмыс істеуде.
Жыл басынан бері 16 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, соның ішінде 10 мыңға жуық жерлесіміз тұрақты жұмысқа тұрған. Байыптап қарасаңыз, аз емес. Тағы бір ерекшелігі, халықтың табысын арттыруға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Қолынан іс келетіндер өз кәсібін дөңгелетсе, нәтиже болып, әділ бәсекелестік туындайтыны анық. Жергілікті өнім мол болған кезде баға да тұрақтануы ықтимал.
– Бүгінде халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қолға алынған он жобаның аясында барлығы 17 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова, – 4 мың жұмыс орны ұлттық жобалар аясында ашылды. Облыстың 3,5 мыңнан астам тұрғынын белсенді жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде жұмысқа орналастырдық. Тағы бір айта кетерлігі, 8 378 адам бос жұмыс орындарына жіберілді.
Шын мәнінде, ұлттық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге біршама оң ықпалын тигізіп отыр. Айталық, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 33 ақмолалық азамат жеке кәсібін ашқан. Бұл – құптарлық қадам. Кәсіп иелері жұмыс ауқымына орай өзге адамдарға да шарапатын тигізеді. Бұл тарапта табысқа қолы жеткендерді үлгі-өнеге етіп, ел ішіндегі жастарды жақсы іске баулып, жұмылдыруға да болады. Алға ұмтылған Ақмоладағы өзге де жобалар мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға сеп болып отыр.
– «Сапалы білім» және «Білімді ұлт» жобалары бойынша 170 жаңа жұмыс орны ашылды. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 358 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Дәл осындай игілік «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешен» жобалары арқылы үйлестіріліп отыр, – дейді басқарма басшысы, – айталық, «Индустриялық-инновациялық даму» бағыты бойынша облыстың 256 тұрғыны жұмысқа орналасты.
Бұл арада жастарға құлаққағыс ретінде айта кететін бір мәселе бар. Неғұрлым сұранысқа ие, болашағы бар мамандықтарды игерген жөн. Әр жыл сайын ата-аналар бауыр еті балаларын әйтеуір тегін оқытамыз деп жүректері қаламаған мамандықтарға беретінін көз көріп жүр. Тегін оқу. Күні ертең сол жастар әлгі мамандық бойынша жұмыс істей ме, жоқ па, ол дәл сол сәтте ешкімді қызықтырмайды. Нәтижесінде, жастық шағының қаншама жылы босқа өтеді. Мәселен, педагогикалық оқу орнын бітірген кейбір жастар мектепке барғысы келмейді. Бірақ осы мамандық бойынша оқып, білім алған. Амал жоқ, жұмыссыздардың санын көбейтеді. Міне, осындай қателіктерге жол берілмесе екен дейміз. Қазір еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқыту қолға алынған. Жемісі де жоқ емес. Жыл басынан бері 500-ден астам жас қысқа мерзімді курстарда оқып шығып, жұмысқа орналасты.
Өңірдің 3 275 тұрғыны субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Жастардың мәселесі де назарда. Биыл жоғары оқу орындары мен колледждердің 537 түлегі еңбек жолын бастаған. Осылайша, адамдардың тұрмыс деңгейін жақсарту бағытында ауқымды іс атқарылып жатыр.
Ақмола облысы