Руханият • 20 Қазан, 2022

Дүйсенбінің мектебінен өткенбіз

287 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Туған жерін кім-кім де жақсы көретіні аян ғой. Ақын Дүйсенбі Смайыловтың еліне, Шиеліге деген сүйіспеншілігі ала­бөтен.

Дүйсенбінің мектебінен өткенбіз

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«...Ынтығып егер тұрса оған,

Ыстық қой елдің құшағы.

Өзгеге емес, бір саған,

Жүрегім алып ұшады.

Шырқаған шыңға түлегі,

Шиелім қандай майсалы.

Осында қыздың Жібегі,

Осында ұлдың жайсаңы...»

Елдің құшағын, халықтың ықыласын сағынған ақын шынайы сезімін осылайша төгілтеді. Отанын, елін, жерін қас­тер­леген ақын ғана осылай жырласа керек.

Дүйсенбі Смайылұлы 1932 жылы Шие­лі ауданының Ортақшыл елді меке­нінде дүниеге келді. 1951 жылы білі­мін жетілдіру мақсатымен ҚазМУ-дың жур­налистика факультетінің сырттай бөлі­міне оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей жүріп Шиелі аудандық комсомол коми­тетінде бөлім меңгерушісі, аудан­дық «Стахановшы» газетінде жауап­ты хатшы, газет жабылып, атауы «Ком­му­низм жолы» болып қайта шыққанда редак­тордың орынбасары қызметін атқарады.

Шиеліге іссапармен келген облыс­тық партия комитетінің хатшысы Дәуір­хан Айдаров талантты да елгезек жігітті үгіт-насихат бөліміне нұсқаушылыққа шақырды. Бұл 1958 жыл еді. 1963 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалып, журналистік мамандығын қайта шыңдай түсті.

Ескіше сауаты бар әкесі Смайыл бо­лашақ білімде екенін түсініп, балары­ның оқуына кедергі болмапты. Анасы Сара­күл болса, әкеден жастай қалған бала­ларының ауыртпалығын мойымай көтеріп ел қатарына қосты. Апасы Рахия мен қарындасы Раушан бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған абыройлы ұстаз болды...

1962 жылы «екі ауданға ауданаралық бір газет шығып тұрса, сол да жетеді» деген мәскеулік биліктің әрекетінен кейін Шиелі аудандық газеті жабылды. Жыл аяғында Шиелі мен Жаңақорған бірігіп, үлкен ауданға айналды. Баспасөз орнына байланыс бөлімі жанынан радио хабарын тарату редакциясы ашылды.

«...Мен радио хабарын ұйымдасты­рушы әрі жүргізушісі болып орналас­тым, – деп жазады ардагер журналист, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Айдархан Бибасар­ұлы «Газет – аудан тарихы, ел шежіресі» ­деген естелігінде. – 1963 жылдың май айынан аудан­дық газетті қайта шығару керек болды. Оның редакторлығына белгілі журналист Дүйсенбі Смайылов бекітілді. Ол кадрды іріктеуге кірісті. Екі-үш күннің ішінде-ақ редактордың орынбасары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлер мен корректорларға дейін белгіленді. Мен де газетке ауыстым. Басылым «Өскен өңір» деп аталды. Шиелі орталығындағы бұрынғы баспахана үйі керек-жарағымен бүлінбей сақталған екен. Ұжым мүшелерінің қажыр-қай­ратымен бірінші мамыр – мейрам күні «Өскен өңірдің» алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымды құттықтаушылар көп болды. Газеттің жаңа атауын «Өскен өңір» деп Дүйсекеңнің өзі қояды. Егінге де, мал шаруашылығына да қолайлы өңірді өркендетеміз деген ниеттен туса керек. Аудандық партия комитетінің бюросы редактордың ұсынысын қолдап, газеттің жаңа атауын бекітті...»

Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы болды. Сабырлы мінезімен, па­йым-парасатымен, әділдігімен адамды өзіне үйіріп алатын. Айналасына мейі­рім шуағын шашып тұратын. Ауыл-село тіл­шілеріне сеніммен, үміт арта қарайтын.

Ауыл-село тілшілері демекші, жыл сайын болатын баспасөз (ол кезде бас­пасөз мерекесі 5 мамыр деп белгіленген) күнінде олардың басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыру дәстүрге айналған-ды. Аудан мектептерінен келген, бір-бірінің аты-жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатын. Мен де сол ауыл тілшісінің бірі болдым. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. Ұстазымыз «Қысқа да нұсқа жаз» дегенді көбірек айтатын. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Газеттің шеткі бір бағанын ұзына бойына түгел алып жататын. Әр нөмір сайын беріліп тұратын. Ондағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың науқандық жұмысы сол 5-6 жолға сыйып кететін. Сол айдар ауыл тілшілерінің мақала-хабарларынан дайындалатын.

Осылайша, редактор Дүйсенбі Сма­йылов ағаның арқасында газет жанрынан мектепте жүргенде-ақ хабардар болдық. Оның пайдасын университетке оқуға түсерде көрдік. Жоғарғы оқу орнының талабы журналистика факультетіне түсемін деушілер өзге құжаттармен бірге газетке шыққан мақалаларын (кемінде 2-3 мақала) өткізу керек екен. Менің апарған мақалам 20-дан асып кетті. Қабылдап отырған апай: «Осының бәрін өзің жаздың ба? Сен дайын журналист екенсің ғой...» деп ризалық кейіппен күлімсіреп қарағаны есімде.

1950-жылдары аудандық газетте (ол кезде «Коммунизм жолы») коррек­тор болып істеген, қазір ардагер журна­лист Қайырбек Мырзахметұлы «Дүй­сенбі мектебі» деген естелігінде редакция қабырғасында өткен жалынға, думанға толы кезін қаз қалпында шынайы жеткізіпті. Дүйсекеңе қатысты жер­лерінен қысқаша үзінді келтірейін:

«...Жауапты хатшы Дүйсекеңнің талабы қатты. Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз...»

«...Дүйсекең күй талғамайтын, газет­тің макетін он сызып, отыз қарайтын. Оның жасаған макеті қыздың жиған жүгіндей ажарлы, жұп-жұмыр, ә дегеннен оқушыны өзіне тартып алатын. Содан болар, аудандық газет облыстың талай жүлдесін алудан кенде болған жоқ...»

Ия, Қайырбек аға десе дегендей, Дүйсенбі Смайылов редактор болған жыл­дары аудандық «Өскен өңір» газеті республика бойынша мерзімді басы­лымдарының арасында III орынды тұрақ­ты иеленіп келді. Редакция жанында Қалмахан Әбдіқадыров атындағы әдеби бірлестік жұмыс істеді.

– Дүйсекеңнің қамқорлық жасап, қол ұшын бермеген адамы кемде-кем шығар. Қаншама азаматқа көмектесті. Елге танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбаевпен арадағы қарым-қатынасы, сыйластығы, хат жазысып тұрғаны соның бір айғағы. Ақын Қанапия Дәрібаев, жалындаған жастық шағында марқұм болып кеткен Сәрсен­бек Жұмабеков пен дарынды жазушы, шешен жігіті Абдулхамид Исаевтарды да қанатының астына алып, оларға тілек­тестік, ағалық пейілмен жанашыр болғанын ел біледі, – дейді жасы тоқ­санды алқымдап қалған, жарты ғасырға жуық уақыттан бері Дүйсекеңдей асыл жарын жадынан бір сәтке шығармай келе жатқан аяулы ана Кеңескүл апа өткенге ойлана көз жіберіп.

Ал енді Дүйсекеңнің сол еңбегінің нәтижесі қандай болды дегенге келетін болсақ, тәрбиеленген жас талаптардың бірқатары ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, өздерінің сүйікті «Өскен өңір» газетіне қайтып оралды.

Бірсыпырасы еліміздің ақпарат және әдебиет саласында жемісті еңбек етті. Олардың арасынан Қатира Жәленова, Қуандық Түменбай, Серік Байхонов, Нұртөре Жүсіп, тағы да басқа тұлғалы азаматтар шықты.

Мен болсам, «Өскен өңір» газетінде 20 жылға жуық – корректорлықтан бас­тап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқардым. Қызмет бабымен Алматыға қоныс аудардым. Өзі тәр­биелеп, редакторлыққа тағайындаған Зәкім Жайлыбай аудандық «Өскен өңір» газетін 31 жыл үздіксіз басқарды...

1967 жылдан бастап Дүйсекең Шиелі аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Бұл жерде ауданның әдеби-мәдени жағдайын дамытуға мүмкіндік бар еді. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең қолы кеңейіп, мүмкіндігі молайған шақта аудан мәдениетін түбегейлі қолға алды. «Жас дәурен» ән-би ансамблін, «Халықтар достығы» клубын, спорт секцияларын құрып, аудан жастарының мәдени өмірінің дамуына атсалысты.

– «Жас дәурен» ансамблін ұйым­дас­тыруға Дүйсекеңнің шақыруымен респуб­ликаның танымал өнер қайраткерлері: сазгер Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов арнайы Шиеліге келді. Бір ай өнерпаздарды да­йындады.

Әсет Бейсеуов бір ай бойы біздің үйде жатты. Дүйсекең екеуі басы-қасында жүріп «Жас дәурен» ансамбілін құрды. Шиелі туралы «Сыр маржаны» әні де осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет шы­ғарып, сөзін Дүйсекеңнің өзі жазды. 1968 жылы шыққан осы ән халықтың рухын көтеріп, сезімін серпілткен Шиелінің шын мәніндегі гимніне айналды.

«Жас дәурен» ансамбілінің тұсаукесер байқа­уында атақты композитор Нұрғиса Тілен­диев «Міне, ансамбль, міне, оркестр, бірін­ші орын сендердікі» деп ризашылық сезім­мен жиналғандарға жар салды, – дей­ді Кеңескүл апа сол шуақты жылдарды са­ғы­нышпен есіне алып, жігерлене сөйлеп.

Бірде Дүйсенбі ағамен әңгімелесудің сәті түсті. Кеңседе емес, дастарқан басында. Сөзден сөз туындап, әңгімеміз ұзақ­қа созылды. Әңгіме газеттен, күнделікті тіршіліктен әдебиетке, оның ішінде өлеңге ойысқан шақта ағаның: «Туған жерге, халыққа аз да болса көмегім тиер ме екен деп әрі аудан басшылары қол­қалаған соң өзімнің сүйікті газетімнен аупарткомның хатшылығына ауыстым. Әрине, ауданның әлеуметтік, мәдени, оқу және денсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды да. Дегенмен өлеңнен қол үзудің өкініші өзегімді әлі күнге өртейді. Әкімдік пен ақындық сөздері өлеңде жақсы ұйқа­сып, қабысқанымен өмірде бір-бірі­не кереғар екен. Ұлы Абай «Мен боламын демеңдер» деген өлеңінде: «...Бір
ғылымнан басқаның, Бәрі де кесел асқанға...» демеуші ме еді. Қайран да­нышпаным-ай», деп ауыр күрсінгені жа­дымда қалыпты. Қамқор ағамен соң­ғы әңгімелесуім екенін ол кезде мен біл­ген жоқпын. Осы кездесуден кейін екі күн өткенде қайғылы хабар жетті. Бұл кезде Дүйсенбі аға Қызылорда облыстық газетінде редактордың орынбасары болып жүрген еді. Белгісіз жағдайда по­йыздан құлап мерт болыпты. Жұмбақ өлім...

Үлкен де, кіші де марқұмның үйіне – тоқсанға таяған аяулы анасы Саракүл мен 38-інде жесірліктің қара шәлісін жамылған аяулы жары Кеңескүлді жұ­батуға, қайғысын жеңілдетуге асығып, ағылып бара жатты...

Дүйсекең «Бағбан мен Бақа» деген мысал өлеңін:

«Өмір бұл болсаңыздар

ойымды аңдар,

Құдайын ұмытпасын тойынғандар.

«Адамның күні адаммен» екенін де,

Бір сәтке ей,

мырзалар, мойындаңдар!» –

деп аяқтайды.

Адамның жанын жанып, намысын оятатын, тоғышарларға тосқауыл болатын осындай тақырыпқа жазылған жырлары жетерлік. Ол шындықты, әділдікті сүйді. Сол шындық жолындағы жалынды шумақтары оның өмірінің қысқа болуына себепкер болды ма деген жұртшылықтың күдігі де жоқ емес....

Соңында қалған Ыдырыс, Роза, Ақ­әділ, Майра, Жандос секілді ұл-қыздары ардақты әкенің атына, даңқына лайық еңбек етті... Қажылық парызын өтеп қайт­қан Кеңескүл апа үлкен бір әулеттің абыз анасы атанған бұл күнде.

80 жасқа толуына орай, Кеңескүл ­Бай­жанқызы, Мұхамедқали Қазымов ­пен Мұрат Күлімбет құрастырып, баспаға әзір­леуімен Дүйсекең туралы «Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітап жа­рық көрді. Осы құрам «Сыр маржаны» деген жеке жыр кітабын да шығарды. Смайыловтың тәрбиесін көрген, қоян-қол­тық араласып жүріп газет шығарған ақын Қанапия Дәрібаев қамқоршы ұста­зымен қоштасу сәтінде азалы жырын ­былайша толғаған еді:

«Ақын өлді!

Жаралған күн нұрынан,

Жаралған сәби-сәуле шындығынан.

Қайтейін қимасымды қолдан көміп,

Қиялға құл боп тұрмын

мың құбылған...»

Қоғам қайраткері, білікті ұйымдас­тырушы Дүйсенбі Смайылов «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және үкіметтік бірқатар медальмен марапатталды. Үлкенге де, кішіге де қам­қор, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап жүретін даладай дарқан Дүйсенбі Смайыловты Шиелі елі, Сыр халқы жадынан шығармасы анық.

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Шиелі ауданының Құрметті азаматы