Саясат • 20 Қазан, 2022

Бірлігі бекем ел озар

341 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бізге ең алдымен шынайылық пен ашықтық қажет. Қаралы қаңтардан кейін мемлекеттік саясатта үлкен бетбұрыс болды. Өткеннің қателігін қайталамауды мақсат тұтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұл нормалардың барлығы халық тұрмысын жақсарту мен мемлекеттің өркендеуіне бағытталды.

Бірлігі бекем ел озар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Мемлекет басшысы халыққа екі рет Жолдау арнап, саяси және экономикалық саясатымызды түбегейлі өзгерту арқылы әділетті Қазақстан құру жолына түсе­тінімізді айтты. Жолдауда «Ұлт­тық табыстың игілігін жұрттың бар­­лығы көріп отырған жоқ, әрине, мұ­ның барлығы күрделі мәсе­ле­лер, оны шешудің нақты жол­дары бар» дей келіп, халық тұр­мысын жақсартудың бағыт-бағ­дарын айқындады. Әлеуметтік әділ­­дікті орнатып, Ұлттық қордың ин­вес­­тициялық табысының 50 па­йызын балалардың арнаулы есеп шотына, 7 пайызын «Қазақ­стан халқына» қорына аударуды ұй­ғар­ды. Келесі жылы 100 мың жас­­ты жұмыспен қамту, жас кәсіп­­керлер мен студенттерге 2,5 пайыз­­дық несиелер беру және білім-ғы­лым, денсаулық сақтау және тағы басқа да салаларға реформа жасау жөнінде тапсырмалар берді.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай атамыз айт­­қандай, Мемлекет бас­шысы Әділетті Қазақстан құру­дың бағы­тын айқындады. Өз мүм­кін­дігін толықтай көрсете алмай келген ауыл шаруашылығы мен тұралап тұрған ауылдардың тамырына қан жүгірту мәселесі қайта қозғалды.

Көп әкімнің жұмысына халық­тың көңілі толмағаны шын­дық, оған біздің де жауап­кер­шілігіміз бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Әкімдердің жұмысын қадағалап, оларға бағыт-бағдар береді деген кейбір ақсақалымыздың кадр өсірумен айналысып, тендер алушылардың сойылын соғып кеткені белгілі. Қаралы қаңтарда әлеуметтік әділетсіздікке наразы болған жастар кімге сенерін білмей сеңдей соғылысқанда кейбір облыстар мен қалаларда жастарға басу айтып, арандап қалмауға шақыратын ақсақалдар мен зиялы қауымның болмағаны елдігімізге сын.

Өсіп келе жатқан жас ұрпақ сөзімізге емес ісімізге қарайтыны белгілі. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің», деген тәмсіл бекерге айтылмаған. Сондықтан аға буын жастарға ісі, еңбегі, адалдығымен үлгі болғаны жөн.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алда­ғы уақытта барлық деңгей­дегі әкімдерді кезең-кезеңімен халық­тың таңдауы арқылы сайла­нуға жол ашатынын ескертті, қазірдің өзінде ауыл әкімдері жергілікті халықтың сайлауы арқылы билікке келіп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып нағыз іскер, отаншыл азаматтар кеңесе отырып, жұмыла жұмыс істеуі керек. Атам қазақ «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді осындай берекелі елге қара­тып айтқан. Ардагерлер, басқа да қоғамдық ұйымдар барлық сала­ның жұмысының нәтижелі бо­луын талап ететін институтқа айналуы қажет.

Ол үшін бізге ауызбіршілік ауа­дай қажет. Қазір әлемдік гео­сая­си жағдай күннен-күнге ушы­ғып барады. Құдай қосқан көрші­леріміз өз жақындарымен жау­ласып, аяғы қантөгіске ұласып отыр. Ресей мен Украина, Қырғыз­стан мен Тәжікстан, Қытай мен Тайван ежелден ағайынды елдер болғанымен араларына сызат түсіп, бір-бірін аңдысып отыр. Бұл текетірестің салқыны осы мемлекеттердің ортасында отырған еліміздің экономикасы мен тұрақтылығына әсер ет­пей қоймасы анық. Жаппай қым­батшылықтың салқыны ел азаматтарын қинап отырғаны тағы бар. Осындай ұрымтал тұсты пайдаланып, айрандай ұйыған тыныштығымызды бұзғысы келетін сыртқы күштермен бірге арамызда жүрген жат ниеттілердің де бар екенін бағамдап білгеніміз жөн. Берекемізді бұзғысы келетін­дердің бары анық, олардың мақ­саты – мемлекеттілігіміздің тамырына балта шабу.

Мемлекет басшысы Жол­дауын­да айтқан кезектен тыс прези­дент сайлауы 20 қарашада өтетіні белгілі болды. Осыған орай әрбір республикалық қоғамдық бірлестік өз кандидаттарын додаға қосты.

Еліміздегі ең ықпалды сая­си күшке айналған «Amanat» пар­тиясының XXIV съезінде ел президенттігіне үміткер ретінде Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып, наурыз айынан бері тал­қыға шығарылып, халықтың қа­жетіне бейімделіп қайта жазыл­­ған партияның жаңа саяси тұғыр­намасы бекітілді.

«Ақ жол» мен Халық партиясы және бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік «Amanat» партиясының таңдауына қосы­лып, халықтық коалиция атынан ел президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын жеткізді.

Халықтық коалиция форумында сөз алған әрбір азамат, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүргізіп отырған рефор­малары­ның халық тұрмысын жақсартуға, жастарды қажетті білім-ғылым­мен қамтамасыз етуге, сапалы медициналық көмектердің қол­жетімділігіне, жемқорлықты түбегейлі жойып ашық үкімет орнатуға, сондай-ақ «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнатуға бағытталғанын баса айтты. Сонымен бірге «Өзі бастаған реформаларын аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беруіміз керек» деген шешімге келді.

Әлемді тұрақсыздық жайла­ған тұста Қазақстандағы бірліктің бұрынғыдан да нығая түсуі «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағи­датының көрінісіне айналып, сая­си мәдениеті қалыптасқан ел екені­мізді дәлелдеді. Халық­тың әл-ауқатын арттыру мен мем­лекет­­тілігімізді одан әрі нығайту­дың кепілі болатын Әді­летті Қазақстан құру үшін бізге отаншылдық идея­сын ұстанған, еңбекқорлық пен ауызбіршілік ауадай қажет.

 

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ,

«Amanat» партиясы Астана қалалық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты