Саясат • 21 Қазан, 2022

Бабалар аманаты қатталған құжат

314 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», дей келіп, осы айтулы күнге ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды.

Бабалар аманаты қатталған құжат

Шын мәнінде үш ғасырдан аса отаршылдық қамытын киген халқымызға азаттықтың жылы лебін әкелген тарихи құ­жат­тың жолы да, жөні де бөлек. Өз басым бұл құжатты еліміздегі ұлы өзгерістің бастауы деп білемін. Өткен ғасырдағы 80-жыл­дардың соңынан бастап әлем­дегі жер көлемі жағынан ғана емес, мол табиғи қазба байлық­тың иесі болған кеңес одағы­ның экономикасы құл­дырауға түсті. Тіпті халықты күндел­ікті азық-түлікпен қам­тама­сыз етудің өзі қиындап, тұр­мысымыз күрт төмендеді. Бұл проблема бір күнде емес, жыл­дан-жылға жиналып, қор­-
даланып қалған болатын. Ке­ңес одағының алғашқы әрі соңғы президенті М.Горбачев билік басына келісімен жариялылық пен қайта құру саясатын қолға алып, эконо­миканы түзеймін дегенімен, одан ешнәрсе шықпады. Өйткені қордаланып қалған проблеманы шешуге түбегейлі өзгеріс қажет еді.

Жалпы, социалистік қоғам­ның басты кемшілігі – меншіктің бәрі ортақ болды. Ешкім атқарған қызметіне жауап бермеді. «Қо­ғамның мүлкі» деген сана қа­лып­тасты.

Соның кесірі осы жағдайға әкелді. Алайда одақ экономикасы күйреп бара жатқанын білген білікті ғалымдар дабыл қағып, оны шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныстарын айтты. Бірақ оларды ешкім тыңдамады, қайта қуғынға салды. Екіншіден, өз ерекшеліктері бар барлық республикаларды бір орталықтан басқару ауыр ғана емес, қаупі де зор еді. КСРО-ның демократиялық орталықшылдығы жалаң ұранмен көмкерілген. Республи­ка­лар­дағы жергілікті халықтың ұлттық мүд­десін ешкім ескермеді. Қайта, Мәс­кеудің үстемдігі көбейді. Бұл жағдай әр ұлтты ашындырып, оның ақыры, нара­зылықтарға әкелді. Бұған мысал ретінде, 1986 жылы қазақ жастарының намысын қайрап, алаңға алып шыққан Желтоқсан көтерілісін айтар едім. Орталық жастарымызды күшпен басып жаншыса да, олардың рухын өшіре алмады.

Міне, осындай қым-қуыт өзгеріс кезең­інде, яғни 1990 жылы 25 нау­рызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымына сай­лау өтті. Бұл кеңес ода­ғының тарихын­да алғаш ұйым­дас­ты­рылған еркін сайлау дер едім. 360 депутаттық мандатқа 2 мың­­нан аса үміт­кер таласты. Мен де сол кезде бұрынғы Семей, қазіргі Абай облы­сындағы 205-ші Мақаншы сай­­лау округінен депутаттыққа түсіп, ашық бәсе­кеде бақ сынасып, халықтың қол­дауы­мен депутаттық мандатқа ие болдым.

Дәл осы уақытта одақтас республи­калар бірінен соң бірі егемендік декларациясын жариялай бастады. Сол жылдың күзіне қарай бізде де егемендік декларация­сын жариялау жөнінде республикалық басылымдарда, соның ішінде сол кездегі «Социалистік Қазақтан» мен «Халық кеңесі» газетінде мақалалар жарық көріп, оны халық қызу қолдады. Сол тұста жариялылықтың желі оңынан соғып, «Азат», «Алаш» секілді ұлттық қозғалыстар мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Бұл ұйымдардың басшылығында елімізге танымал зиялы азаматтар жүрді. Олар «Одақ құрамынан шығып, дербестігімізді алайық» деп жұртшылыққа үндеу жолдап, шерулер өткізді. Мұның бәрі – сол кезеңдегі қажеттілікті толық өтеді. Бір жағынан, елдің рухын көтерсе, екіншіден, тәуелсіздік алуға талпыныс жасалды. Бұл талпынысымыз аяқсыз қалған жоқ. Осы аралықта одақ құрамындағы 4-5 республика егемендік декларациясын жариялап та үлгерді. Жалпы, КСРО-ның 1924 жылы Конституциясында республикалардың одақтан шығу құқығы жазылғанымен оның құқықтық емес, саяси мазмұны болды. Өйткені заңдар мен заңнамаларда аталған норманың ережесі жазылмаған. Шындығында, кеңес одағының құрамындағы респуб­ли­калардың бостандығы сөз күйінде еді. Біздің елімізде де, әсіресе Жоғарғы кеңес депутаттары арасында одақты сақтап қалғысы келгендер болды. Бір жағынан, ол түсінікті. Өйткені бәріміз де кеңес дәуірінде өмірге келіп, бала күнімізден сол идеологиямен өсіп, бойымызға сіңірдік. Одан бір күнде арылу мүмкін емес-ті. Алайда экономика құлдырап, халықтың жағдайы төмендеп бара жатқаны – саналы адамды ойлантты. Ақиқатын айтқанда, Жоғарғы кеңес жиындарында егемендік декларациясын қабыл­дау біраз айтыс-тартысқа созылды. Бел­­гілі мемлекет және қоғам қайраткері Ма­рат Оспанов бастаған демократиялық де­пу­тат­тар тобы «азаматтық қоғам құ­райық» десе, бір топ қазақ зиялысы «ең бас­ты егемендік қазақ тіліне берілсін. Орыс тілі – ресми тіл болса, ол қазақ тілі­нің бағасын төмендетеді» деп бастама көтерді.

Қазақстан Жоғарғы кеңесі егемендік декларациясын қабылдау туралы комиссия құрып, оған академик Салық Зиманов жетекшілік етті. Шындығын айтқанда, егемендік декларациясын қабылдау оңай болған жоқ. Депутаттар тарапынан түрлі пікірлер айтылды, тіпті кейбіреулер декларацияны қабылдауға қарсылық көрсетіп: «Біз одақ құрамынан шықсақ, ертең күнімізді көре алмай қаламыз. Одан да одақпен келісім­шартқа қол қойып, соның құрамында болайық» деді. Осыған байланысты алғаш рет басқа егемен республикалармен ерікті түрде одаққа бірігіп, олармен келісім-шарт негізінде қатынас құ­ратын Қазақ КСР-нің егемен мемлекет мәртебесін жариялады. Алайда еліміздегі армия, сот, қаржы, прокуратура билігі – орталықтың құзырында қалды. Осыған бүгінгі күннің биігінен қарасақ, қарама-қайшылық бар екенін көресіз. Сондай-ақ кейбір халық қалаулылары «Егемендік декларациясында қазақ ұлтына басымдық көп берілген, олардың саны 40 пайыздан асар-аспас, бұл республикадағы басқа халықтардың құқығын төмендетпей ме?» деп сауал жолдады. Соған байланысты сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңесі мәжілісінде сөйлеген сөзінде декларациядан республикадағы ұлттық мемлекеттілік мәселесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісе алмайтынын ашық айтты.

Республика басшысының пікірін қолдаған академик Сұлтан Сартаев халықаралық тәжірибеде, мәселен, Ұлыбритания мен Францияда ұлттық мемлекеттілік жүйенің азаматтық және құқықтық қоғамға қайшылығы жоқ екенін нақты дәлелдермен баяндады. Ал көрнекті ғалым Салық Зиманов егемендік декларациясында мемлекет құрушы ұлттың рөліне баса маңыз беріп, қазақтың тілі мен мәдениетіне айрықша назар аудару керектігін жеткізді. Сонымен қатар жаңа құжатта еліміздегі жер, көл, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемі, табиғи пайдалы қазбалар және мәдени, тарихи құндылықтарымыз республика меншігінде қалады деп анық жазылды. Бұған ешкім қарсылық көрсетпеді. Өз кезегінде, көп пікір тудырып, қызу талқыланған декларациядағы түйткілді мәселелерге марқұм Салық ағамыз егжей-тегжейлі түсінік берді. Нәтижесінде, дауыс беруге қатысқан депутаттардың басым көпшілігі ұсыныстарды қолдап, егемендік декларациясын қабылдады. Сөйтіп, 17-баптан тұратын декларация көлемі аз болса да маңызды тарихи құжатқа айналды. Осы құжатта егемендігіміздің барлық белгілері анық көрсетіліп қана қойған жоқ, тарихымызда алғаш рет демократиялық құқықты мемлекет құру айтылды. Содан бері 32 жыл өтсе де, тарихи құжатты қабылдау сәті әлі күнге дейін есімде. Соған мүм­кіндігінше үлесімді қосып, басы-қасында жүргенімді тағдырымның бір сыйы көремін. Тұжырып айтқанда, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Еге­мендік декларациясы – ел тәуелсіздігі­не алғашқы қадам болды.

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері