Саясат • 21 Қазан, 2022

Екіжақты байланыстар нығайған кезең

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Мажарстан Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Шандор Лежакпен кездесті. Палата Спикерінің айтуынша, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде көпжақты ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті.

Екіжақты байланыстар нығайған кезең

Қазіргі таңда тараптар страте­гиялық әріптестік туралы декларация мен Қазақстан – Мажарстан Стра­тегиялық кеңесі шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастырып келеді. Тараптар елдеріміз арасындағы екіжақты саяси диалогтің маңыз­ды бағыты болып саналатын парла­ментаралық қатынастарды нығайту және жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гума­ни­тар­лық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында түркі ұйымдары аясындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Ерлан Қошанов халық­тары­мызды тығыз тарихи байланыс­тар,  ұлттық мәдениет пен дәстүр­ді жаңғырту мен сақтауға деген ұмты­лыс біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері Лоранд Этвёш атындағы университетте венгр тілін үйренуге ниетті қазақстандық студенттер мен қазақ тілі курстарына қатысатын венгр жастарының саны артып келе жатқанын айтты.

– Қазақтың бас ақыны және ағар­тушысы Абай Құнанбайұлының шы­ғармашылық мұрасы Мажарстанда танымал болып келе жатқанына қуа­ныштымын. Сіздің ұлттық мәде­ниетті, рухани дамуды, білім беруді қорғау және дамыту туралы идеяларыңыз, сондай-ақ «Лакителек» халық институты Абайдың ағарту­шылық қызметімен жақын екенін атап өткім келеді, – деді Мәжіліс төр­ағасы.

Әңгіме барысында Ерлан Қошанов мажар спортшыларын 2024 жылы Қазақстанда өткізуі жоспарланып отырған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Мажарстан Мемлекеттік Жина­лы­сы төрағасының орынбасары Мажар­стан Парламенті тарапынан Қазақ­станмен барлық салада ынты­мақ­тас­тықты дамыту үшін қажетті қол­дау көрсетуге дайын екендігін айтты.

– Біз үшін Қазақстан мен бауырлас елдер басты орында тұрады. Туыстық және бауырластық қарым-қатынас өте маңызды капитал болып саналады, – деді Шандор Лежак.

Мажарстан Парламентінің Вице-спикері Лакителек қаласында мажар Үкіметінің гранты бойынша білім алып жатқан 300 қазақстандық студент туралы жылы лебізін білдірді.