24 Мамыр, 2014

Парламент

181 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

639019

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

Толғағы жеткен тұрғын үй мәселесі Осыған қатысты заң жобасында кейбір өзекті жәйттердің ескерілмей қалғаны өкіндіреді Депутаттар бұл мәселеге белсенділік­пен араласып, заң жобасы туралы баяндаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке өздеріне белгілі проблемаларды жайып салып, солардың шешімдерін табуы қажеттігін жарыса айтып жатты. Алайда, министрдің көп мәселеден хабарсыз екендігі көзге ұрып тұрды. Бірақ бұл мәселе маған таныс емес еді, зерттеп көрейік, жазбаша жауап берейік деп өзіне жазып алуды Б.Жәмішев артық санайтындай көрінді. Ол әйтеуір үндемей қалмау керектігін өзіне түйіп алған болса керек, жалпылама жауап, сырғытпа сөздермен сытылып шығуға тырысты. Бір өкініштісі, біздің депутаттар өздерінің сұрақтарына нақты жауап ала алмаса да үндемей қала береді. «Сіз бұл мәселе туралы дұрыс айтпай отырсыз, тіпті, білмейсіз», деп тура айтуды артық санайтын секілді. Әйтеуір, сұрақтарын қойғанға көңілдері тоқ па деп қаласың. Министрлер де осыны біліп алғандай. Әйтеуір, жауап берген болады, кейде, тіпті, қарапайым жауаптың өзін қиындатып, уақыт созып алатынын қайтерсіз. Мәселен, депутат Розақұл Хал­мұрадов мынадай сұрақ қойды: «Үкіметтің заң жобасына қоса берілген түсіндірме-жазбасында бұл құжатты іске асыру мемлекеттік кірістердің қысқаруына және мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына жол бермейді делінген. Дұрыс-ақ, мемлекеттің мүддесі ескерілген екен. Ал азаматтардың мүддесі ескерілді ме? Жобаның 35, 47 және 50-баптарында кондоминимум объектісін басқару органын қаржы­ландыруға, ортақ мүліктерді күтіп ұстауға, резервтік қорға және т.б. төлемдер төленеді делініпті. Демек, бұл тұрғын үй иелеріне қосымша шығын жүктеп отыр деген сөз емес пе? Сонда оның көлемі қандай болмақ?». Сұраққа министр орыс тілінде былай деп жауап берді: «Действительно, законопроект направлен на решение тех проблемных вопросов, которые затрагивают прежде всего граждан и каких-либо иных задач перед данным законопроектом не ставилась. Когда мы речь ведем об упорядочении платить платежей коммунальных на накопительный счет, мы не вводим никакие новые нормы. Эти нормы действующие, единственное что нет обязанности и ответственности соответственно органов управления кондоминиумов по открытию счетов, а эти пробели устраняются. Далее... В процессе работы здесь, в Парламенте одобрены нормы о том, что исключаются платежи наличными только на счета и в связи с этим устанавливаются сроки в течение которых должны быть эти счета открыты. Никаких дополнительных расходов для населения нормы законопроекта в себе не несут». Сұрақ айдан анық, ал жауаптың қандай екенін анықтау үшін... сарапшы-маман шақыру керек пе, сонда? «Кондоминимум үшін ешқандай қосымша ақы төленбейді» деген бір-ақ сөйлемдік жауапты министр осынша созғылағанын көріп отырсыздар. Және мұндай нақтылық жоқ сырғытпа жауап көптеген министрлерге тән. Бұл жерде, әрине, қазақ тілі де, орыс тілі де кінәлі емес, тек теорияны араластырмай, қарапайым тілде, қарапайым халықпен сөйлесуді білмейтін шенеуніктер кінәлі. Заң жобасын талқылау барысында депутат М.Тінікеев баяндамашыға бұрын тастап кеткен иелері уақыт өте қайтып келіп, үйлерін сот арқылы тартып алып жатқан жайға тоқталып, тастанды, бұзылған үйлерді жөндеп кіріп, 5 және одан да көп жылдар бойы тұрып жатқандарға үй иесі құқығын беру туралы осы заң жобасына неге норма енгізбеске деген өте өзекті сұрақ қойды. Оған Б.Жәмішев бұл заң жобасына сіз айтқан норманы енгізу мүмкін емес, өйткені, ондай жағдайда біз меншік құқын бұзған боламыз, деді. Ал меншік құқын арнайы заңмен ғана айыруға болатын көрінеді. Иесіз үйлерді жаңа адамға беру үшін алдымен бұрынғы қожайынды меншік иесі құқынан айыру керек екен. «Ал қазір біз жаңа қожайынға меншік құқын беретін болсақ, бұл мәселені алдынан емес, артынан шешу болады», деді ол. Бұл сөздердің жаны бар, бірақ сол кездегі жағдайды ескермей тұр. Ол кезде меншік иесі үйді де, елді де бір-ақ лақтырып, желкемнің шұқыры көрсін деп алды-артына қарамай зытып отырды. Ал сот оны меншік иесі құқынан айыру үшін сырттай шешім қабылдай алмайды ғой. Оларға да негіз керек. Сотталған емес, өлген емес, сот неге сүйеніп шешім шығарады? Сондықтан бұл мәселелер кезінде аяқсыз қалған. М.Тінікеевтің айтуына қарағанда, Шахтинск қаласында ол кезде 3 бөлмелі үйлер 100 доллар болған, ал қазір 40 мың доллар. Осыны көріп қазір басқа елдің азаматтары болып кеткендер қаптап келіп, біздің азаматтарымызды далаға лақтырып тастап, үйлерін қайтарып алып жатыр. Ал олардың талабын орындамауға сотта заңдық негіз жоқ. Осының бәрін ескеріп, аталған заң жобасына алды, арты демей, 5 жыл тұрған адамға меншік иесі құқы беріледі деген норма енгізсе, ешкім де олардың үйін тартып ала алмас еді. Осы мақсатта меншік құқы туралы заңға да 5 немесе одан да көп жыл бойы тұрмаған, ешкімге тапсырмаған дүниеге иесі меншік құқынан айырылады деген өзгеріс енгізсе болмас па еді? Сайып келгенде, заңның бәріне де өзгеріс енгізу тиісті адамдардың қолында ғой. Бірақ ондай қиындығы бар заң жобасын жасауға шенеуніктер баспайтын секілді. Соның кесірінен қанша адамдарымыз айдың-күннің аманында айдалада қалып жатыр. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». * Әріптестік әлеуеті Тұрақты комиссиялар отырыстарына қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Плотников ТМД ПАА-ның Экономика және қаржы, Құқықтық мәселелер, Әлеуметтік саясат және адам құқықтары тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Шара Санкт-Петербургте, ТМД ПАА-ның Таврия сарайындағы штаб-пәтерінде өтті. ТМД ПАА-ның Экономика және қаржы, Құқықтық мәселелер тұрақты комиссиясының отырысында «Бәсекелестікті қорғау туралы», «Мемлекеттік-жеке әріптестік туралы», «Әлеуметтік-экономикалық дамуды страте­гиялық болжау және жоспарлау туралы», «Аудиторлық қызмет туралы», «Мемлекеттік сектордағы ішкі аудит туралы» үлгі заң жобалары талқыланды. Комиссия мүшелері Беларусь Республикасының ұлттық заңнама әзірлеудегі экономика және қаржы саласындағы ТМД ПАА үлгі заңдарын пайдалану туралы ақпаратын тыңдады. Отырыс барысында ТМД ПАА Құқықтық мәселе­лер жө­нін­дегі тұрақты комис­сия­сының отырысы барысында парламентшілер «Жария сервитуттар (міндеттер) туралы», «Контрейлерлік тасымалдау туралы», «Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жағдайында ТМД ПАА-ға қатысушы мемле­кеттердегі техникалық реттеудің бірыңғайлық негіздері туралы» үлгі заң жобаларын талқылады. Одан басқа, комиссия мүшелері Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның 2013 жылғы жұ­мысының қорытындыларын шығарып, комиссия төраға­сының орынбасарын сайлау туралы ұйымдастыру мәселесін қарады. Депутаттар ТМД ПАА-ның Әлеуметтік саясат және адам құқықтары тұрақты комис­сиясының отырысында «Азаматтардың репродуктивтік құқықтары мен репродуктивтік денсаулығын қорғау туралы», «Еңбек ресурстарының көші-қоны туралы» (жаңа редакция), «Төтенше жағдайлар барысында халықаралық көмек беруге жәрдемдесу мен реттеу және алғашқы қалпына келтіру жұмыстарына көмек туралы» үлгі заң жобаларын, сондай-ақ, «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларын жақындастыру туралы» ұсыным жобасын, «Көші-қон саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл туралы» үлгі келісім жобасын талқылады. Отырысқа қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын оқыту және тағылымдамадан өткізу мақсатында жүзеге асатын көші-қонды дамыту жөніндегі ұсынымдар туралы, 2011-2015 жылдарға арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында үлгі заң шығарудың келешек жоспарына өзгерістер енгізу туралы ақпаратты да тыңдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. * Елдестірмек – елшіден Маңызды тақырыптар арқау болған кездесу Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Масаёси Камохарамен кездесті. Жүздесушілер Астана мен Токио арасындағы саяси үнқатысу мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Кездесуде индустрия және энергетика, ғылым және инновация салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар Қазақстанда аралас өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін «Тойота» автомобильдері өндірісін іске қосу туралы шешімге оң ықылас білдірді. Олар, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу арқылы туристік сапарларды ұлғайтуға сенім артатынын жеткізді. Одан басқа, И.Адырбеков пен М.Камохара екі елдің заң шығару органдары арасында тіке­лей байланыстарды қалыптастыру жөнін­дегі бір­лескен жұмыстарды жалғастыруға уағ­да­­лас­ты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. * Жаңа жоба жайында Екінші оқылымға мұқият зерделенуде Парламент Мәжілісі өзінің жалпы отырысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын талқыға салып, бірінші оқылымда мақұлдады. Айта кету керек, Үкіметтен 2013 жылғы 18 жел­тоқсанда Мәжіліске келіп түскен осы заң жобасы бойынша Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде құрылған жұ­мыс тобының мүшелері заң актісін жетілдіру мақ­сатында тындырымды еңбек етті. Өзім же­тек­шілік еткен жұмыс тобының 16 отырысы өтті. Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген және электр энергетикасы объектілерінің жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадаға­лауды жетілдіруге, электр энергетикасы объектілерінің энергетикалық жабдығының техникалық жай-күйін жақсартуға, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға, энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа, заң жобасында Қазақстанның бірыңғай электр энергетикасы жүйесінде электр энергиясына тапшылық не профицит болған жағдайда, электр энергиясының экспорты мен импорты саласында шектеу шаралары енгізілді. Заң жобасын жұмыс тобы талқылаған кезде тұрақты комитеттердің, депутаттардың, заңнама бөлімінің ұсынысы бойынша заң жобасының ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістерді талқылау кезінде депутаттар ескерту сияқты санкцияны алып тастады. Заңды тұлғалардың шағын, орта немесе ірі бизнес субъектілеріне тиесілілігіне қарай оларға айыппұлдар бөлігіне түзетулер енгізілді, сондай-ақ, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың технологиялық бұзушылықтар туралы ақпаратты ұсыну туралы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауап­тылығын белгілейтін жаңа бап ұсынылды. Заң жобасына Жер кодексіне электр және жылу желілерін қорғау аймақтарын белгілеу мәселелерін, сондай-ақ, жер учаскелерін олардың шегінде пайдаланудың ерекше шарттарын реттейтін түзетулер енгізілді. Және де Жер кодексі электр беру желілері немесе байланыс желілері алып жатқан барлық энергетика жерлеріне кадастрлық нөмір бере отырып, бір сәйкестендіру құжатын дайындауды жүргізуге және беруге мүмкіндік беретін нормамен толықтырылды. «Электр энергетикасы туралы» Заңға өз­ге­ріс­терді талқылаған кезде ұсынылып отыр­ған 20-1-бап, сондай-ақ, заң жобасында бар­лық ұсынылған Азаматтық іс жүргізу кодек­сіне энергия өндіретін және энергия бе­ре­тін ұйымды уақытша басқаруды ен­гізу мә­се­лелерін реттейтін түзетулер алып тас­тал­­ды. Бұған әзірлеуші ұсынған нормалар уа­­қытша басқаруды енгізу үшін толыққанды не­гізді, сырттай бақылаушыға қойылатын та­лап­­тарды, уақытша басқарушы заңсыз әре­кет­­­тері­мен келтірген залал үшін мемлекеттің жа­уаптылығын айқындамайтындығы негіз болды. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі мүлікті уақытша қайтарымсыз пайдалану мақсатында мемлекеттің мәжбүрлеп алып қоюын білдіретін бұл нормалар Конституцияның 26-бабында және «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңда айтылған кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiнің, жеке меншікті қорғаудың негіз құраушы қағидаттарына, сондай-ақ, Азаматтық кодекстің бірқатар баптарына қайшы келеді. Депутаттардың пікірінше, норманы әзірлеушінің редакциясында қабылдау рейдерлік пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жағдай жасайды. Бұдан басқа, «Электр энергетикасы туралы» Заңға Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінде тапшылық болмаған жағдайда басқа мемлекеттердің энергия жүйелерінен электр энергиясының импортын шектеу бөлігіндегі түзетулермен, сондай-ақ, жүйелік оператордың іргелес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатар жұмыс режімдерін басқару және олардың орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл бойынша функцияларын жүзеге асыруға байланысты жағдайларда осы қағидада ерекшеліктерді қолдануға мүмкіндік беретін нормалармен толықтырылды. Бұл ретте, іргелес мемлекеттердің энергия жүйелеріне авариялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін нормалар да бар. Жұмыс тобының отырыстары барысында көптеген нормалардың ережелері нақтыланды және редакциялық тұрғыдан жақсартылды, өзге де заңнамалық актілердің нормаларына, заң техникасының қағидаларына және норма шығармашылық практикасына сәйкес келтірілді. Жұмыс тобының отырыстарында Мәжілістің депутаттарынан, тұрақты комитеттерінен және заң бөлімінен заң жобасы бойынша келіп түскен 250-ден астам ескертпе мен ұсыныс қаралды және талқыланды. Енді жұмыс тобы осы заң жобасын екінші оқылымға дайындауға кірісіп кетті. Ізбақ ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі. * Сізді не толғандырады? Мүмкіндігі шектеулілерге жағдай жасайық Оларға шағын және орта бизнестерін дамыту үшін қолдау қажет 2014 жылы 17 қаңтарда Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы негізгі басымдықтардың бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету деп белгіледі. Тұтастай алғанда, еліміз бойынша қазіргі уақытта 600 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады немесе жалпы халық санына шаққанда –  3,5%. Қазақстандағы мүгедектердің жалпы санына шаққанда 65,6%-ы еңбекке қабілетті жастағылар. Ал олардың 47%-дан астамының мүмкіндіктерінің шектеулілігі еңбекпен қамтылуға кедергі келтірмейді. Еңбекпен қамтылғандардың саны 82 мыңға жуық адамды немесе еңбекке қабілетті мүгедектердің жалпы санының 43,5%-ын құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламаларының мақсаты да жаңа тұрақты жұмыс орындарын сақтау және құру болып табылады. Сонымен қатар, мүгедек жандарды еңбекпен қамтуға жәрдемдесудің пәрменді тетіктерінің бірі «Жұмыспен қамту-2020 жол картасында» қарастырылған шаралар болып отыр. Онда денсаулығы бойынша еңбек етуге жарамайтын белгілері жоқ мүгедектерге басым тәртіппен шағын несие беру арқылы ауылдық жерлерде жеке істерін ашу немесе кеңейту жолымен кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетуге жағдай жасалады. Аталған шара мүгедек жандардың өтініштерінің көбеюіне ықпал етті. Осындай қолдау «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен қарастырылған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттардың берілу тәртіптеріне сәйкес кәсіпкер гранттық қаржыландыруға сұраным бере алмайды, себебі, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша олармен несие бұған дейін алынып қойылған. Онда бір бағдарлама бойынша несие алған кәсіпкер оны негізгі құрал-жабдықтар алуға жұмсайды, сол себепті айналымдағы қаржысы бизнесін дамытуға жеткіліксіз болып қалады. Сонымен қатар, аудан орталықтарында және облыстық маңызы бар қалаларда мемлекеттік шағын несиелік және шағын қаржылық ұйымдардың өкілдіктерінің жоқтығына байланысты кәсіпкерлерге несиелер алу қиын. Баяндалғанға байланысты Үкіметке кәсіпкерлік қызметтің көмегімен әлеуметтік теңсіздікті еңсеруге ұмтылған адамдарды өздерінің бизнес идеяларын мақсатты дамытуға гранттар бөлу арқылы қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кейбір бөлімдеріне келесі өзгерістерді енгізу мүмкіндіктерін қарастыру қажет: - «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша қолдау алып қойған мүмкіндіктері шектеулі адамдарға аталған бағдарламаға қатысуға жағдай жасау; - «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасына қатысушылар үшін шағын несиелік және шағын қаржылық ұйымдармен берілген шағын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға мүмкіндік беру; - аудан орталықтарындағы және облыстық маңызы бар қалалардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында шағын несиелер беруді жүзеге асырушы шағын несиелік және шағын қаржылық ұйымдарды орналастыру мүмкіндігін беру; - аудан орталықтарындағы және облыстық маңызы бар қалалардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасына қатысушылар үшін бизнесті ашудың және жүргізудің негіздері бойынша кеңес беру. Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ, Мәжіліс депутаты.

Фоткүнделік

ERA_8736

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.