Үкімет • 21 Қазан, 2022

Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​​Ереванға жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығы осы жылдың 8 айында $17 млрд-тан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық.

Бірлестік құрылған сәттен бастап Қазақстан Одақ елдеріне өңделген өнімнің экспортын 64%-ға ұлғайтты, оның ішінде номенклатурада дайын тауарлардың үлесі артып келеді.

«ЕАЭО-ға мүше елдердің мемлекеттік сатып алуларында ұлттық режимдердің жұмыс істеуіне қатысты мәселені шешу қажет. «Техникалық және технологиялық талаптар, жергілікті жағдай, тіпті географиялық шектеулер – серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу кезінде кәсіпорындардың алдынан шығатын кедергілердің толық тізімі бұлар ғана емес», деді Әлихан Смайылов.

Ол 2020 жылы тауарлар өндірісіне қойылатын жалпы талаптардың бірыңғай ережелері қабылданғанын, бірақ 2 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде олар бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылғанын айтты.

Әлихан Смайыловтың пікірінше, мұндай жағдай көбіне Ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылатынына байланысты болып отыр.

Сонымен қатар Премьер-Министр ЕАЭО елдерін көлік құралы паспортының бірыңғай формаларын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жеделдетуге, сондай-ақ Одақтың ортақ нарығының тиімділігіне тікелей әсер ететін техникалық регламенттерді өзектендіруге шақырды.

Ереванға жұмыс сапары аясында Премьер-Министр ЕАЭО елдері Үкімет басшыларының Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен бірлескен кездесуіне де қатысты.