Оқиға • 21 Қазан, 2022

Тас жолда оқ атқан күдікті қолға түсті

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола полицейлері тас жолда атыс шығарған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тас жолда оқ атқан күдікті қолға түсті

6 қыркүйекте Жібек Жолы кентінің маңында 19 жастағы елордалық тұрғынының Toyota Land Cruiser-200 автокөлігіне белгісіз тұлғалар  зақым келтірген. Оқиға орнына дереу келген жедел-тергеу тобы Астана – Қарағанды тас жолында белгісіз адамдар арасында жанжал туындағанын анықтаған.

«Куәгерлердің айтуынша, қаскөйлердің бірі мылтықты алып, оқиғаға қатысушыларға бірнеше рет оқ атқан. Оқиға орнынан полиция атылған гильзалар, газ баллонын тәркіледі. Сараптама тағайындалды», деп жазылған хабарламада.

Рolisia.kz таратқан ақпаратқа сенсек, жүргізілген тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жоғарыда аталған қылмысты жасаған күдікті анықталып, ұсталған.

Ол бұған дейін ҚР ҚК 293-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Астана қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тінту іс-шаралары барысында күдіктіден заттай дәлелдер, атап айтқанда Наган тапаншасы және 57 оқ тәркіленді.

Аршалы полиция бөлімі осы фактіге сәйкес ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.