Аймақтар • 21 Қазан, 2022

Алматы облысындағы жолдарды жөндеуге 55 млрд теңге жұмсалады

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының әкімдігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысындағы жолдарды жөндеуге 55 млрд теңге жұмсалады

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жол қауіпсіздігіне бірінші кезекте жолдар мен көшелердің жағдайы әсер ететінін баса айтты.

«Жолдар мен көшелердің сапасын 95%-ға дейін жақсарту үшін жыл сайын кемінде 1100 шақырымды (370 шақырым жол және 725 шақырым көше) жөндеу қажет. Ол үшін бюджеттен жыл сайын 55 миллиард теңгеден астам (жол жөндеуге 20 миллиард теңге, көше жөндеуге 35 миллиард теңге) қаражат бөлу қажет. Бұл қаражат 2023 жылға арналған жергілікті бюджет жобасында қарастырылған», деді Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Батанов.

Оның айтуынша, жедел шара ретінде полиция бөлімімен бірлесіп, республикалық маңызы бар жолдардың 12 апатты учаскесінде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық жүйелері пилоттық режимде орнатылды. Пилоттық режим оң нәтиже берген жағдайда республикалық маңызы бар жолдардың 195 учаскесінде «Сергек» кешендерін орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ параллельді түрде көшелер мен жолдардың апатты учаскелеріне, жобалық құжаттамаға жол қозғалысы қауіпсіздігіне аудит жүргізілуде. Биылдан бастап «цифрлық егіз» жобасы аясында геоақпараттық платформа әзірлеу және жолдарды сертификаттау жоспарлануда. 2023 жылға арналған жергілікті бюджет жобасында порталды дамытуға 396 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған.