Әлем • 21 Қазан, 2022

Қазақстан – Беларусь: Алыс-беріс өсіп келеді

1001 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес сыртқы саясатын жүргізуге кірісті, ең алдымен, бұ­рынғы КСРО құрамында бол­ған мемлекеттермен достық, әріптестік қа­рым-қатынас орнатты. Бұл мемлекеттердің ішінде Беларусь Респуб­лика­сы­ның да өзіндік орны бар.

Қазақстан – Беларусь: Алыс-беріс өсіп келеді

Тарихқа көз жүгіртсек, 1992 жылы 16 қыркүйекте екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнады. 1993 жылы қаңтарда Минскіде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі ашылды, ал 1997 жыл­дың қыркүйегінде Қазақстанда Беларусь елшілігі жұмысын бас­тады. Мемлекетаралық қатынас­тарды дамыту жөніндегі екіжақты келісімнің басым бағыттарын айқындайтын негізгі халықаралық-құқықтық құжатқа 1996 жылы 17 қаңтарда Минск қаласында қол қойылған, ол – Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Дос­тық және ынтымақтастық туралы шарт. Барлығы 60-тан аса халықаралық шарт тіркелген, оның ішінде Қазақстан мен Беларусь Үкіметтері арасындағы мәдениет, ғылым және білім сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Осы құқықтық құжаттардың аясында екі ел арасында түрлі салаларда, соның ішінде ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық серпінді дамып келеді. Мәселен, бұл саланы дамытудағы жетекші рөл Қазақстан мен Беларусьтің жо­ғары оқу орындары мен ғы­лыми-зерттеу институттары ара­сын­дағы Ғылыми-білім беру кон­сор­циумына тиесілі, қазір­гі уа­қытта оның құрамына 27 қазақ­­стандық және 24 беларусь ғылы­ми және білім беру мекемесі кіреді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық уни­верситеті жанындағы Бела­русь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының жетекшісі Алек­­сандр Ратьконың айтуынша, екі ел арасындағы білім беру аясында сәтті жүзеге асыры­лып келе жатқан бірнеше жоба бар. Сондай бірлескен жұмыс­тың бір нәтижесі – «Екінші дүние­жүзілік соғыс (1941–1944) жыл­дарындағы Беларусь парти­зан­дық қозғалысындағы қазақ­стан­дықтар» ғылыми жобасы.

– Бұл жобаның мәні – зерт­теушілер екі университеттің (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті) тарих факультетінің студенттері оқытушылардың жетекшілігімен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Беларусь аумағында партизандық қозғалысқа қатыс­қан қазақстандықтар туралы мәлі­меттер іздейді. Негізгі мін­дет – Беларусь партизандық жа­сақ­­тарындағы қазақтардың са­­нын, олардың жаумен қалай шай­қасқанын, жауынгерлік іс-әре­кетіне қатысты қандай оқи­ғалар болғанын анықтау. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында соғыс жылдарын­да парти­зан­дық қозғалысқа қатыс­қан қазақ­стандықтарды іздеуде «Беларусь партизандары» порталы пайдаланылды. Ақпараттық порталда партизандар мен астыртын жауынгерлердің жеке картотекасы, Беларусьтегі партизан және астыртын қозғалысының қысқаша тарихы, партизандар – Кеңес одағының Батырлары, аты аңызға айналған бригада ко­мандирлері, партизан қозға­лы­сына қатысқандардың өмірбаян­дық мәліметтері топтастырылған. Ал интерактивті партизан картасына партизан отрядына, бригадасына, наградаларына жататын жеке мәліметтер (аты-жөні, туған жылы және туған жері), сканерленген құжаттар – жеке құрам­ның жеке есебі, наградалар тізімі, жауынгерлердің мінездемелері және басқа материалдар кіреді, – деді Александр Ратько.

1941-1945 жылдардағы фашизммен жанкешті шайқас қазақ және беларусь халқы үшін ауыр сынақ болып, Қазақстан мен Беларусь азаматтарының ұлттық бол­мысын сезінуіне түрткі болды. «Осы сұрапыл соғыстың оты­нан алған тағылымы негізі­нен екі мемлекеттің қазіргі идеоло­гия­­сының негізі құрылды», дей­­ді ғалымдар. Қазіргі кезде фа­­­шистік басқыншылық жыл­дарын­дағы Беларусь жеріндегі қазақстандықтардың ерлігін зерттеу, әсіресе екі ел жастары ара­сын­дағы патриотизмді, достық пен өзара түсіністікті нығайту үшін өзекті болып отыр.

Жақында Екінші дүниежүзі­­лік соғыс жылдарындағы Беларусь­тегі партизандық қозғалыс­қа қатысушы қазақстан­дық­тар туралы жинақ­таған мате­риал­­дардың алғаш­қы жинағы жарық­қа шығады. Жинақта парти­­зандық жасақтарға қатыс­қан­дардың құжаттары мен марапат­тары, фотосуреттер, газет қиын­дылары, соғыс ардагерлері туралы жазылған журнал мақалалары ен­гізілген. Зерттеушілердің ай­туын­ша, бұл деректер бұрынғы пар­ти­зандар туралы ғылыми-анық­тамалық әдебиеттерге енбеген.

Екі ел арасындағы экономи­калық қарым-қатынас та қарыш­тап дамып келеді. Қазақстанда Беларусьтің 260 кәсіпорны, 6 автомобиль құрастыру зауыты жұмыс істейді. Қазақстан Беларусьтен ауыл шаруашылығы және жиһаз өнімдерін импорттайды. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы Бела­русь пен Еуропа елдеріне жыл сайын 136 мың та­уар контейнері өтеді. Қазақстанның тау-кен өндірісі комбинаттары Беларусь­тің жүк көліктері мен ауыр техникаларын қолданады. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде Беларусьтің негізгі сауда серіктес­терінің үштігіне кіреді.

Экономикалық зерттеу инсти­ту­ты­ның мәліметі бойынша (Economic research institute) екі ел ара­­сындағы тауар айналымы осы жылдың қаңтар-тамыз ай­­ларын­да 594,3 млн долларға жет­­кен, бұл 2021 жылдың ұқсас кезең­і­мен салыстырғанда 3,8%-ға жо­ға­ры (572,7 млн доллар). Бұл рет­те Қазақ­­станнан Беларуське экспорт көлемі 13,9%-ға тө­мен­деп, 60,2 млн долларды құрап отыр.

Беларуське экспорттың қыс­қаруы тас көмір (86,5%-ға немесе 22,3 млн долларға (25,8-ден 3,5 млн долларға дейін), газ (100%-ға не­месе 5,5 млн долларға (5,5-тен 0,0 млн долларға дейін), мұнай өнім­дерін (87,3%-ға немесе 3,8 млн долларға (4,4-тен 0,6 млн долларға дейін) жеткізудің төмендеуімен байланысты, дейді экономика сарапшылары. Ал керісінше нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (өсімі 23,6 есе немесе 3,6 млн доллар (0,2-ден 3,7 млн долларға дейін), жеңіл автомобильдер (өсімі 2,4 есе немесе 3,4  млн доллар (2,4-тен 5,8 млн долларға дейін), ферроқорытпа өнімдері (43,5%-ға немесе 1,9 млн долларға (4,4-тен 6,3 млн долларға дейін), электрлік аккумуляторлар (өсімі 3,5 есе немесе 1,6 млн доллар (0,6-дан 2,2 млн долларға дейін), кір жуу машиналарын (1,5 млн доллар (0-ден 1,5 млн долларға дейін) жеткізу көрсеткіші артқан. Биыл Қазақстан Беларуське негізінен ферроқорытпалар (6,3 млн доллар (үлесі 10,5%), жеңіл автомобильдер (5,8 млн доллар (9,6%), өңделмеген мырыш (4,6 млн доллар (7,6%), нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдері (3,7 млн доллар (6,2%), тас көмір (3,5 млн доллар (5,8%), электр аккумуляторларын (2,2 млн доллар (3,7%), кір жуу машиналарын (1,5 млн доллар (2,5%), ішкі жану қозғалтқыштарын жағуға және іске қосуға арналған электр жабдықтарын (1,5 млн доллар (2,5%), диодтар, транзисторлар және ұқсас жартылай өткізгіш құрылғыларын (1,5 млн доллар (2,4%), қымбат емес металдардан жасалған бітеу және буып-түю керек-жарақтарын (1,4 млн доллар (2,4%) экспорттаған.

Ал Беларусьтен Қазақстанға импорт көлемі осы жылдың қаңтар-тамызында 6,2 пайызға (534,0 млн доллар) өскен. Аталған елден арнайы мақсаттағы автомобиль­дер (21,1 млн доллар), ыс­тық­тай илектелген өзге де тазар­тыл­маған болаттан жасалған шыбық­тар (13,4 млн доллар), ауыл ша­руа­шылығы дақылдарын жинауға және бастыруға арналған машиналар мен механизмдер (11,6 млн доллар), жиһаз (9,7 млн доллар), қоюландырылған және құрғақ сүт пен кілегей (32%-ға немесе 7,5 млн долларға), өзге де жиһаз және оның бөліктері (36,7% - ға немесе 6,7 млн доллар), ірімшіктер мен сүзбе (38,8%-ға немесе 6,7 млн долларға) үлкен мөлшерде әкелінген. Алайда Беларусь елімізге жаңа піскен немесе салқындатылған сиыр еті (85% немесе 21,2 млн доллар), жылжымалы құрамның бөлік­тері (78%-ға немесе 19,5 млн долларға), автомобильдер мен трак­торларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (55,7%-ға немесе 12,9 млн долларға), жүк автомобильдері (90,3%-ға немесе 7,8 млн долларға) және дәнекерлеу үшін пайдаланылатын металдардан жасалған бұйымдарды (82,6%-ға немесе 4,4 млн долларға) тасымалдауды азайтқан.

Экономикадағы өсім мен оның әр жылдары төмендеуі қалыпты жағдай екенін айтады сарапшылар. Өйткені ол өндірілетін шикізат көлеміне байланысты болады. Мұндай көрсеткіштердің ауыт­қу­ларына қарамастан, дипло­матия­лық байланыстың 30 жылдық тарихы одан әрі жалғасып, дами бермек.