Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Құрылысы 1,5 жылда басталуға тиіс
Президент айтқандай, Семей заман талабына сай ыңғайлы қалаға айналуға тиіс.
«Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналу қажет. Семейдің дамыту жобасын жоспарлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн», деген еді өңірге жасаған сапарында Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Семейдің инфрақұрылымы әбден тозғанын, халық жазда ыстық суға зәру болса, қыста үйлері жылынбайтынын сынаған-ды. Қаладағы жылу орталығы нысандарынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатқанын айта келе аталған мәселелерді түпкілікті шешуді жауапты ведомстволарға жүктеді.
Өңір басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес Семейге «Самұрық-Энерго» компаниясының өкілдері арнайы келгенін айтып, жылу орталығын салуға байланысты мәселе жан-жақты қаралғанын жеткізді.
«Жуырда қалаға «Самұрық-Энерго» АҚ-нан жұмыс тобы келіп, Абай облысы әкімдігінің сала басшыларымен кездескен болатын. Аталған жұмыс тобы болашақ Жылу электр орталығының салынатын орнымен танысып қайтты. Алдағы уақытта бірлескен жұмыс жүргізілетін болады. «Самұрық-Энерго» АҚ құрылыс жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін қайта жасайды. Құрылыс жұмыстары 1-1,5 жыл ішінде басталуға тиіс», деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Айыппұлдан халық зардап шекпесе игі
Облыс орталығындағы ауа сапасына байланысты проблемамен Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов хабардар. Ол мұндай өзекті мәселе еліміздің басқа да өңірлерінде кездесетінін, оны жүйелі түрде шешуге күш салынатынын айтты.
«Әлбетте, өңірде бірқатар қордаланған экологиялық проблеманың бар екенін білеміз. Мысалы, жылу нысандарының атмосфераға шамадан артық зиянды қалдықты шығарып жатқаны мәлім. Демек жылыту жүйесі толығымен орталықтандыруды қажет етеді.
Жасыратыны жоқ, елімізде коммуналды құрылымдарға қатысты жағдай өте күрделі. Республика аумағында 53 кәріз тазарту құрылымын күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл ретте қалдықтарды іс жүзінде жазық далаға тастайтын қалалар да бар екенін айта кеткен орынды.
Бейберекет қоқыс полигондарының мәселесі жеке қарастыруды талап етеді. Әрине, әкімдерге айыппұл салу жалғастырылады. Бірақ аталған мәселені жүйелі түрде шешкен абзал. Бұл бағытта бүкіл тізбек, оның ішінде қайта өңдеу компанияларының қызметі де қадағаланады.
Өкінішке қарай, Семейдегі тұрмыстық қалдыққа арналған полигонның ахуалы мүшкіл. Алайда қазір онда сұрыптау желісі сатып алынып, іске қосылуға тиіс. Еліміздегі көптеген компания қазір қалдықтардан пайдалы компоненттерді алуды жолға қойған. Өйткені бұл – пайдалы кәсіп», деді З.Жолдасов.
Десе де қоғам белсенділері айыппұл салу мәселесінде сақтық танытып, мұқият болу қажет деп санайды. Неге десеңіз, кәсіпорындар экологиялық айыппұлдың ақысын тарифті көтеру арқылы халықтан өндіріп ала алады дейді белсенділер.
«Салалық заңда – бір ағашты кессең, орнына екеуін отырғызуға тиіссің деген норма бар. Кезінде бұл шаһар жасыл желекпен көмкеріліп тұрған еді. Өкініштісі сол, Шәкәрім даңғылынан бастап, қаланың басқа да аудандарында жасыл аймақтарды құрту үрдісі белең алып отыр.
Жылу электр орталықтарына айыппұл салу мәселесіне келсек, сөзсіз ауаға тарап жатқан зиянды қалдық үшін жауапқа тарту керек. Бірақ айыппұл кез келген кәсіпорынның қаржылық жағдайына теріс әсер етіп, оның салдарынан халық зардап шегетінін естен шығармаған жөн. Яғни жауапқа тұтас ұйым емес, нақты кінәлі тұлғалар тартылуға тиіс.
Қоқыс полигондарына тоқталсақ, бұл бағытта шағын елді мекендерде қалдықтарды жинап, қайта өңдеуді жолға қоюды ойластыру керек. Мәселен, қазір кез келген ауылды жерге бара қалсаңыз, кіреберісінен үйіліп жатқан қоқысты бірден байқайсыз. Бұл мәселемен айналысуға дайын кәсіпкерлер табылар деп ойлаймын», деді қоғам белсендісі Николай Исаев.
Жуырда Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов заңсыз қоқыс полигондарын жоюға байланысты жұмыстар басталғанын хабарлады. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы жүргізген ғарыш мониторингінің нәтижесіне сәйкес қала маңында 298 рұқсат етілмеген қоқыс қалдықтарын көму орны анықталды. Бұл полигондарды жою үшін 11 кәсіпорын белгіленген учаскелерді тазартуға тиіс. Қазір «АзияЭнергоПроектМонтаж», «Семей Тазалық», «СемАртаСтрой», «Зеленстрой», «СМЗ», «Фирма Азия», «Терезе» және «СемАвтоСтрой» сынды кәсіпорындар қаланың шеткі аумақтарында бейберекет қоқыс орындарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған заңсыз полигон учаскелері Знаменка тас жолы, Энергетик және Қарағайлы шағын аудандары, Құс фабрикасы мен бұрынғы әуежайдың аумағында орналасқан.
Абай облысы