Жүлде иегерлеріне 50 АЕК көлемінде бір реттік (159 мың теңге) сыйақы берілді. Республика күні қарсаңында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов сыйлық лауреаттарын құттықтап, ел болашағы жастар қолында екенін атап өтті.
– Осыдан 32 жыл бұрын еліміздің егемендігін паш еткен тарихи күн биыл басты мерекеге айналды. Ұлттық мереке қарсаңында «Тәуелсіздік ұланы» белгісінің 100 иегері марапатқа ие болды. Баршаңызды жеңістеріңізбен құттықтаймын. Еліміздің болашағы өздеріңіз сияқты өрендердің қолында, – деді өңір басшысы.
Байқауға қатысуға жеті жүзден астам өтініш келіп түскен. Жеңімпаздарды анықтау үшін тәуелсіз қазылар алқасы құрылып, нәтижесінде «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының 100 лауреаты анықталды. Мысалы, «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» номинациясында белсенді азаматтық көзқарасы үшін 4 мектеп оқушысы мен 1 колледж студенті марапатталды, 20-дан астам павлодарлық өрен «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқушылық-зерттеу жұмыс» номинациясында жеңіске жетті. Тағы 20 бала спорттағы жетістігі, кәсіптік және шығармашылық шеберлігі үшін марапатталды.
Өз кезегінде сыйлық иегері, Павлодар қаласындағы № 8 мектеп-лицей оқушысы Антонина Степанова өскелең ұрпаққа қолдау көрсеткен облыс басшысына алғыс айтты.
– Республика күні қарсаңында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығына қол жеткізу мен үшін зор мәртебе. Бұл менің ғана емес, маған Отанды сүюді үйреткен ата-анам мен мұғалімдерімнің де жетістігі. Бұл сәтті жетістіктерім жоғары деңгейде бағаланған күн ретінде мәңгі есте сақтаймын, – деді мерейі өскен оқушы.
Ал дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Әлішер Дабылхан өңір басшысына Республика күніне орай челлендж бастауды ұсынды. Әбілқайыр Сқақов мектеп оқушысының бастамасын қабыл алып, Мұзафар Әлімбаевтың өлеңін оқыды. Сөйтіп «Қадірлі Қазақстан, Отан-Ана» акциясына мұрындық болды. Челленджді жалғастыру өңірдің барлық мектеп оқушылары мен жастарына беріліп отыр.
Кеш соңында жастар «Жаса, Қазақстан» әнін бірге шырқады.
Павлодар облысы