Саясат • 22 Қазан, 2022

Үш үміткер тіркеуден өтпеді

96 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге өтінім берген үш кандидат тіркеуден өтпеді. Бұл туралы кеше Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.

Үш үміткер тіркеуден өтпеді

Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі Сәбила Мұстафина Бақыт Жаңабаевтың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес президенттікке кандидатты тіркеу үшін кандидаттың және оның жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғаны туралы анықтаманы және денсаулық жай-күйі туралы медициналық қорытынды ұсынғанын хабар­лады. Аумақтық сайлау комис­сияларының хаттамаларына сәйкес кандидатты қолдау үшін 58 889 қол жиналған. Тек­серу нәтижелері бо­йынша 4 054 қол рас деп танылды. Бұл сай­лау­шылардың жалпы санының кемінде бір пайызына тең. Осы­лайша, сайлау туралы Конститу­циялық заңның 56-бабы 2-тар­мағының кандидатты қолдауға сайлаушылардың қажетті қол­дар саны туралы талабы орын­далмаған. Орталық сайлау ко­мис­сиясының қаулысымен Бақыт Жаңабаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды. 

Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі Шавқат Өтемі­сов Нұржан Әлтаевты 2022 жылғы 6 қазанда «Мұқал­мас» республикалық қоғамдық бірл­ес­тігі кандидат ретінде ұсынғанын хабарлады. 11 қазандағы Астана қаласы Байқоңыр ауданы соты­ның ұйғарымымен Н.Әлтаевты президенттікке кандидат етіп ұсыну туралы «Мұқалмас» бір­лестігі хаттамасының қолданылуы тоқтатылғанына байланысты Орталық сайлау комиссиясы 12 қазанда Конституция мен «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтатқан. 17 қазанда сот өз шешімімен жоғарыда аталған хаттаманы жарамсыз деп таныды. Осылайша, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясының қарауында Н.Әлтаевты прези­денттікке кандидат етіп ұсыну туралы қолданыстағы құжат жоқ. Осының негізінде Орталық сайлау комиссиясы Н.Әлтаевты ұсыну «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 54-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін анықтады және оны кандидат ретінде тіркеуден бас тартты.

Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Анастасия Щегорцова Жұматай Әлиевтің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес пре­зи­денттікке кандидатты тіркеу үшін кандидаттың активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғаны туралы анықтаманы және денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды ұсынғанын хабарлады. Бұл ретте ұсынылған медициналық қоры­тынды Орталық сайлау комис­сиясының бірлескен норма­тивтік қаулысымен және Ден­саулық сақтау министрлігінің бұй­рығымен бекітілген белгіленген нысанға сәйкес келмейтіні анықталды. Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес кандидатты қолдау үшін 187 723 қол жиналған. Тексеру нәтижесінде 36 776 қол рас деп танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызына тең. Осылайша сайлау туралы Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағының кандидатты қолдауға сайлаушылардың қажетті қолдар саны туралы талабы орындалмады. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды.