26 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ

678 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
(жалғасы) Автор: – Бұл енді Күлекең Мәскеуде, қонақ үйдің бөл­месінде жұмбақ жағдайда қайтыс болғаннан кейінгі әңгімелер болды ғой. Еркеғали: – Иә. Бұл 1962 жылғы әңгіме. Күлекең қайтқанына бес жылдай уақыт болып қалған кез. Сонда маған Күлекеңнің қайтыс болған бөлмесін көрсеткен. Мен де ол кісіден ақырын­дап-ақырындап сыр тартып сұрағанмын, қалай болды, неден кетті деп. Сонда Қанекең Күлекеңнің Құрман­ғазы оркестрі­мен бірге Қытайға, гастролдік сапарға жүргелі тұрғанында үстінен арыз жазылғаны туралы айтқан еді. Арызды қараған билік орнындағылар Күләшті әлгі сапардан алып қалған. Күләш сонда ЦК-ға барайын десе, ЦК қабылдамапты. Мәскеуге барайын десе, оған да жіберің­кіремеген болуы керек. Содан сол кезде Мәскеуде башқұрттың декадасы болған. Күләш өзінің сол жақтағы жолдас-жора­ларына “мені шақыртыңдар” дегенді айтып, Мәскеуге барады. Ол уақытта Мәскеуде комсомолдан келген Михай­лов дейтін кісі Мәдениет министрі болатын, ол да қабылдамайды Күләшті. Алғашқылардың бірі болып СССР халық әртісі болған Күләш, бүкіл Кеңес еліне, дүние жүзінің қақ жартысына атағы жайылған Күләш соған намыстанған болуы керек. Қанекең сол жолы: “Қана, сен қайт үйге, балалар бар, шаруа бар”, деп мені зорлап қайтарып жіберген еді дегенді айтты. “Іштей біліп жүрмін, намыстанып, ызаланып жүргенін, бірақ әлгіндей деп болмаған соң қайтып кетіп едім, ертеңіне түнде артымнан қаралы телеграмма қуып жетті, сонымен Мәскеуге қайта келдім” деп. Міне, бұл сол кездегі “Пекин” қонақ үйінде болған жағдай. Бұл қазақша айтқанда шынайы шындық. Опера театрынан менің ойымша алғаш шығарған сүйегіміз сол Күләштің сүйегі болды. 1957 жылғы жаз­дың аяғы, күзге қарай, күн салқындай бастаған кез болуы керек. Ол уақытта мына Кеңсай жоқ, қайтыс болғандардың барлығы Ташкентский көшесіндегі зират­қа қойылатын. Сол опера театрынан, Панфиловтан шығып, мына жағындағы Фурманов көшесіне түстік. Содан сүйегін Ташкентскийге дейін жаяу көтеріп бардық. Біздің ол уақытта жас кезіміз. Жаңа ғана оқу бітіргенбіз, консерваторияны, қазақша айтқанда мұртымыздың енді тебіндеп келе жатқан кезі. Содан кейін 1960 жылы Мұқан Тө­лебаевты шығарды сол опера театрынан. 1961 жылы Мұхтар Омарханұлын да содан шығарып салдық. Одан кейін Қаныш Сәтбаевты шығарып салдық. Осы адамдар есімде. Кейінірек сол театр-дан шыға салысыменен көпке ұзамай табытты мәшинеге салып алып кететін болды ғой. Сондай жағдайлар болған. Автор: – Менің таң қалатыным, біздің әжептәуір азаматтарымыз, Күләштің өзінің әріптестері жазды ғой арызды үстінен. Соның ішінде құлаққа кіретіндей дәлел, бір нәрселер айта ма, жоқ әлде жәй байбалам ба? Еркеғали: – Дәлел болғанда Күлекең ерте ер жетті ғой. 24 жасқа келмей СССР-дің халық әртісі атағын алды. Ондай атақ 1936 жылы бірінші рет Кеңес Одағы бойынша алты-ақ адамға берілген еді. Күләш сол алтаудың бірі болды. Ал қалғандары кімдер? Кешегі орыстың ұлы актерлері, әншілері, режиссерлері, іштерінде Барсова бар, Немирович-Данченко бар, Станиславский де бар. Күлекең солармен бірге алды ғой атақты. Келесі жылы депутат болды. Үкімет те, халық та алақанына салып аялап жүрді ғой. Сол кезде Күләш пен Қанабек ауыр қайғыға ұшырайды. Қанабектің алғашқы әйелінен еріп келген Алдан деген ұлды Күләштің өзі тәрбиелеп өсірген ғой. Сол балалары Күләшпен Талдықорғанға барғанда қайғылы жағдайда қаза болады. Мәшиненің артындағы жүк салғышында оқтаулы мылтық жатқан, жігіт онысын білмеген, мылтықтың дүмінен ұстамай, ұңғысынан ұстап тартып қалғанда мыл­тық атылып кетеді де, сол арада қайтыс болып кетеді. Күләш апамыз Қанекеңе екеу ме, үшеу ме, қыздар туып берді. Ол кісі ұл туа қойған жоқ. Ұлдың қайғысы Қанабек пен Күләшқа өте ауыр тиген. Қанекең қанша дегенмен ер азамат қой, ал Күлекең “япырай, тірідей ертіп апарып, өлідей сүйегін алып қайтқаным-ай” деп, бір жыл бойы көзінің жасын тыя алмаған. Содан мен ойлаймын, бір жағы Күлекеңнің халқына еркелейтін орны бар, бір жағы ол да пенде емес пе, қанша ұлы болғанымен, ана ретінде көңілінде ауыр қайғы бар. Ол кезде қа­зақ­тар симфония оркестрін көп қабыл­дай бермейтін, ал ауылды жерде оны мүлде түсінбейді де ғой. Сондықтан ел аралап, концерт қою үшін “Құрманғазы” оркестрі шығады. Ән салатын солист ретінде олар Күләшті өздеріне қосып алады. Оркестрмен бірге қазақ халқының бұлбұлы атанған Күләш келе жатыр деген сөз құлақтарына тиген соң жұрттың бәрі оны көруге, әнін тыңдауға асығып, концертке жиналады. Концерттен соң ауыл иелері әртіс­терге қонақасы береді. Соғыстан кейін, елуінші, алпысыншы жылдары халықтың тұрмыс-тіршілігіне арақ-шарап араласа бастаған кезі ғой. Содан, әрине барлығы “Күлеке, Күлеке, сіз де кішкене алың­қырап отыруыңызды сұраймыз” деп, қолпаштап, қошемет-құрмет көрсетіп, жалпақтаған соң, ол кісі де кейде шамалап алып қоятын болуы керек. Басқалар туралы “ой, ішеді екен, анау екен, мынау екен” деп сөз таратқысы келетіндерге соның өзі жеткілікті. Арызға арқау еткендері де сондай “пыш-пыш” сөздер ғой. Нақты дәлел, дәйек болмаса да, күдік келтіруге, көлеңке түсіруге тырысқан әрекет қой. Әйтпесе Күләшті ән сала алмайды, ондай сапарға лайық­сыз деп айта алмайды. Бірақ ол кезде билікте отырғандар да әсіре секемшіл, тым сақ, өздеріне әйтеуір сөз келтірмеу жағын ойлайтындар болды ма екен. Қалай болғанда да жаңағы арыз Күләшті Қытайға жүргелі отырған сапарынан алып қалуға негіз болады. Оркестрдегі азаматтардың айтуына қарағанда, оқиға дәл жүрерде болған. Тағы бір айтайын дегенім, ол арызды мен Қанекеңмен сол жолғы Мәскеудегі әңгімелесуден бұрынырақ көзбен көріп, қолыма ұстап, оқығанмын. Ол кезде Жек­сембек партияның Орталық Комите­тінде сектор меңгерушісі болып қызмет істеген еді. Алдында консерваторияда Лениндік стипендиат әрі комсомол комитетінің хатшысы болды, оқуды бітірген соң екі-үш жыл хореография училищесіне директор болды, содан кейін оны Орталық партия комитетіне шақырып, сонда барды ғой. Біз бір-бірімізбен араласып тұратынбыз. Сол Жексембек бір күні көрсетті маған, “мына сұмдықты көрдің бе” деп. Қазіргі шамалауымша бұл 1959 жылдың аяғы, не 1960 жылдың басы болса керек. Одан бері де жарты ғасыр уақыт өтті ғой. Әлі күнге көңілімнен кетпейді. Апырай, олар мүмкін Күләш намыстанып, өліп қалады деп ойламаған шығар ол кезде. Олардың ішкі қызғанышы баяғы: “Қытайға Күләш неге жалғыз барады, басқамыз неге бармаймыз? Анау-мынау кінәсін бетіне басып, осы сапардан оны да алып қалайық” деген ой ғой. Автор: – Өзіңіз ешуақытта ондай хатқа қол қойған жоқсыз ба? Еркеғали: – Айтайын деп отыр­ғаным, Бөке, менің де пендешілігім аз емес шығар, бірақ еш жерде, жас кезім­нен бастап осы уақытқа дейін ондай нәрсеге барған емеспін. Әсіресе Хрущев­тің кезінде, күнара болмаса да ай сайын біреудің үстінен біреу арыз жазып жататын заман болды ғой, және, соның ішінде өздерінің атын атап жазбаған анонимный, домалақ хаттарды да шұқылап, мұқият қарайтын ол жылдарда. Сол кезде де, одан бұрын да, одан кейін де еш уақытта ешбір хатқа қол қойған пенде емеспін. Айтатыным болса бетіне айтып тастаушы едім. Автор: – Сол арыздың аяғы жаңа­ғыдай нәрсеге апарып соқты ғой енді. Осы жерде еріксіз қапаланып ойға қала-сың. Халқымыз қалап сүйген Күләш, Жамбыл атамыз жырлаған Күләш, аты кейінгі ұрпақтарға аңыз болып қалған Күләш күлбілтелемей, ащы болса да анығын айтсақ, қызғаныштың, көре алмаушылықтың, тақасудың құрбанды­ғына айналып отыр ғой. Жұрттың бәрін бір-біріне аңдытып қойған, айдап салатын, бірінің үстінен бірі арыз жазуға дағдыландырған, халқымыздың небір дарынды абзал азаматтарын көктей орған 1937 жылдың, одан кейінгі кезеңнің арқаны аяздай қаритын суық ызғарын сезінгендей боласың. Қара бастарының қамын ғана ойлайтын, дарындылар мен таланттылардың тағдыры бүйректерін бүлк еткізбейтін, сол кездерде биік орын­дарда отырған Мәскеудегі Михай­лов пен өзіміздегі шенеуніктердің бітеу кеуде, тас жүректігі ішіңді удай ашытады. Күләштің қазасына олардың да қосқан үлестері жоқ емес. Сондағы сол оқиғалар кейінгі ұрпақтарымызды ойлантса дейсің. Бірін бірі күн­деу­шіліктен, көре алмаушылықтан, аяқ­тан шалудан сақтандырса, тар­тын­дырса дейсің. Еркеғали: – Ал жалпы мен Күлекеңді көп рет көрдім, қазақ операсында да, орыс операсында да. Театр деген декорациядан тұрады. Оның ар жағында өмірдегідей тау менен тас та, басқа да жоқ. Күләштің таза дарындылығы сон­ша­ма, оның сахнада тұрып айтқаны­ның бәріне залдағы халық қалтқысыз сеніп отыратын. Талайлар жылап отыратын. Сахнадағы оқиғаларға орай кейде кәдімгідей қуанып отыратын. “Төлеген өлді” дегеннен кейін “Төле­ген­нен қалып не бітіремін” деп Қыз Жібек-Күләш жартастан құлайды ғой, сонда театрдың залында отырып көрермен де, біз де Кү­ләш шын өліп қалды дегенге сенетінбіз. Оның егіліп жылап тұрып, солқылдап жылап тұ­рып айтқан әні сендірмей қоймайтын. Залда көзінің жасын сық­пайтын бірде бір пенде қалмайтын. Ол театрды өз өнерінің соншама биіктігінің арқа­сын­да кәдімгі өмірге айналдырып жі­беретін. Сол Күләш жартастан құл­а­ған­да бүкіл зал “аһ!” дейтұғын. Шы­нымен өліп қалды деген сезімнің шырмауында болатұғын. Автор: – Өнердің, шынайы таланттың арқасы ғой. Еркеғали: – Мәселе сонда. Күләш марқұмның әншілік қана емес, актерлік өнері де өте жоғары болатын. Әрбір сөзі, әр қимылы нандырып тұратын. Оның осы актерлік жағы дұрыс айтылмай, зерттелмей, бағаланбай келеді. Ол шын мәнінде ұлы актриса еді. Оның сахнада ойнаған ойыны, айтқан сөзі және дикциясы қандай мөлдір таза еді. Ол ойындағысын халыққа толық жеткізіп, халықтың көкірегіне құйып, жанына сіңіріп отыратын. Әрбір сөзі залға анық естілетін. Актерлік ойыны да мінсіз болатын. Міне, Күләштің ұлылығы сонда жатыр. Автор: – Осы уақытқа дейін Күләштің әншілігі көп айтылады, бірақ бойындағы актерлік дарыны, қабілеті оншалықты айтылмай келе жатыр. Оны бүгін сіз айтып отырсыз. Еркеғали: – Ол, жалпы алғанда, біздің театрды, музыканы зерт­теу­ші­леріміздің кемшілігі. Өйткені олар Күләш туралы бұрын айтылғанды қай­талап, тиіп-қашып жазған бол­ғанменен, оның өнерін жеріне жеткізе түпкілікті зерттей алмай, жаңағыдай көрерменнің жанына тиетін қасиеттерін айтып бере алмай келеді. Автор: – Әңгімеміздің негізгі ар­на­сына қайта оралсақ, Ераға. Сонымен Қазан қаласына қарай сапар­ла­ры­ңызды әрі қарай жалғас­тыр­дыңыз­дар. Еркеғали: – Иә. Мәскеу – Қазан – Свердловск пойызына міндік. Біраз адамбыз ғой. Опера театрын енді әрі қарай Қазан қаласына бір айлық гас­троль­ге алып бара жатырмыз. Ол уақытта алдында өзімізде Назик Жигановтың “Алтыншашын” қой­ған­быз. Ал осы сапарға да арнайы да­йын­далып, басқа спектакльдермен бірге “Шурале” балетін әзірлегенбіз. Қазанда көрсетуге соны да алып келеміз. Сондықтан құралақан емес­піз. Спектакльдердің режиссері біреу, ол – Қанабек Байсейітов. Дирижері біреу – Тұрғыт Османов. Мен де жа­йыма жүрмеймін ғой. Министріміз Ләйла Галиевнаға: “Қанекең екеумізге Қазанға барғанда қонақ үйді, вагонда орынды да бір жерден берсеңіз дұрыс болар. Ақсақалдың қасында қызмет көрсетіп, бірге болайын. Басқа біреумен жатса ертең ауырып қалуы мүмкін ғой”, – деген пікірімді айттым. “Оныңыз дұрыс екен”, – деді. Сонымен Мәскеу­ден Қазанға қарай бет алып шықтық. Қанекеңді купеге өзімнің жаныма отырғызып алдым. Ол уақытта жасырақ кезіміз ғой. Серкебаевтың да ішетін кезі, Молодовтың да ішетін кезі. Бәріміз де сау жүрмейтінбіз. Жігіттердің бәрі Қане­кеңді арқа тұтып, біздің купеге жинала­ды. Одан соң ішеді. Біраздан кейін мен оларды тырқыратып қуамын. Қанекең бір жартыны алып қалады. Күніне жарты литр. Кейде бір литр де ішіп қояды, мен қорғаштап жүргеннің өзінде. Мәселе онда да емес. Денесі ауыр, ірі кісі болатын. Көтереді әлгіні. Қазанға жақындап келеміз. Барғаннан кейін гастроль басталады. Сахнаға декорация жа­сай­тын, әртістерге былай тұр, былай жүр дейтін жалғыз Қанекең. Музыка жағын бас­қа­ратын Тұрғыт. Еке­уінің бірі ауырса – спек­так­льге қиын. Онда ел-жұрттан да ұят қой. Айт­пай ма, бәрі мас болып, спектакльді қоя алмады деп. Сондықтан ауыртпай апаруымыз керек. Менің шыр-пыр болып, жігіттерді қуа­лап жүргенім сондықтан ғой. Сонымен, қойшы, Қазанға жеттік. Қонақ үйде тағы да бірге жаттық. Қазанға барған бойда шапқылап жүр­мін. Мәдениет үйіне барып халықты жинау, анау-мынау туралы сөйлесіп, ұйымдас­тыру жұмыстарымен шұғыл­данып жүрмін. Қане­кең­ді сыртынан жа­бамын да, кілтті қалтама салып алып кетемін. Қайтып келіп есікті ашсам, төсекте “Қандай жақсы Алматының кешкі шағы” деп өлеңін ай­тып жатады. Менің сол уақытта шыққан “Алматы кеші” деген бір әнім болатын. Соны өзіне ішкіштердің гимні сияқты ән етіп алды. Сол әнді үйде де, далада да ылғи айтады да жүреді. Мен таң қаламын. “Қанеке, бөлмеде түк жоқ, осы сіз мен келгенше қалайша ішіп қоясыз?” – деп сұраймын. Мені онша кісі екен демейді. Жымиып күледі де қояды. Жауап бермейді. Гастроль бітті, пойызбен қайту үшін вокзалға келдік. Ендігі бет алысымыз – Алматы. Вагонға кірдік, жайғасып отырдық. Есікті жаптым. Сонан кейін айттым: “Қанеке, бір литр арақ қояйын, шыныңды айтшы, мен сенің сыртыңнан жауып кетемін, “бір адамды кіргізбе” деп кезекшілерге ескертіп айтып кетемін. Олар кіргізбейді, бөлмеде арақ жоқ. Сонда арақты қайдан алып ішіп жүрдің?” – деп. Күледі, “басың піспеген баласың ғой” деп. “Иә, неғып олай дейсіз?” – деймін. Өзімше бас басқарманың білдей бастығымын, бірақ оны айтпаймын, өзі де біледі ғой. Сөзіме мән де бермейді. Бірақ мен де та­қым­дап сұрап қоймадым. Ақыры айтты. – Сен кеткеннен кейін телефонға отырамын да звондаймын, – деді. – Ел­дің бәрі түгел кетіп қалмайды ғой. Біреуі болмаса, біреуі бөлмеде қалады. Көбінесе Айтжанды тауып аламын, – деді. Айтжан деген әнші ағамыз бізбен бірге Қазанға барған еді. Ол өзі сері жігіт болатын. Өзінің ақындығы да бар еді. Ән де айтатын. Әнге мәтін де, либретто да жазатын. Сондай жан-жақты талантты адам еді. Бірақ театрда әнші ретінде екінші, үшінші планда жүретін. – Соны тауып аламын да, “Айтжан, мен жатқан номерді білесің ғой, далаға шығып, терезенің астына кел” деймін. Келеді. Сосын терезені ашамын да, бес рубль ақша лақ­тырамын. “Мынаған бір жартылық алып кел, қалғаны өзіңдікі” деймін. Барады да алып келеді. Ол кезде арақтың құны екі рубль қырық тиын ба, әйтеуір, сол шамада. – Содан соң оны үйге қалай кір­гі­зіп аласыз? – деп сұраймын Қане­кең­нен. – Сол да сөз боп па? – деп ол кісі қарқ-қарқ күледі. – Простинаны жыртып-жыртып, бір-біріне жалғап байлап, жіп жасап қойғанмын. Соны түсіремін. Ол арақты жақсылап байлайды да, маған жібереді. Мен тартып аламын. Ол уақытта аса биік қонақ үйлер жоқ қой қазіргідей. Біз жатқан қонақ үй де екі-үш қабат қана болатын. – Сен мені қатырдым деп, есікті бекітіп, құлпыңды салып кетесің. Ал мен ақырындап, өзімше күнімді көріп жүремін. Сен келгенде шаруамды тындырып, шала мас болып төсегімде жатамын, – деп күлді Қанекең. Айттым, ама­лы­ңыз­ды асырып кет­кен екенсіз деп. Енді әйтеуір елге қайтып келеміз ғой. Барған соң аман-есен жең­ге­­міздің қолына апарып тапсырсам болды дедім. Автор: – Ол кез­де Қанекеңнің үй­ін­дегі жеңгей кім еді? Еркеғали: – Ха­лима деген ұйғыр­дың қызы болатын. Үшінші әйелі ғой. Екінші әйелі – Кү­ләш апамыз қайтыс болып кеткен. Содан көп жүрмей үйленді ғой. 1957 жылы бұл кісі елуден асып кеткен адам, денесі ауыр, өзіне күтім керек. Сөйтіп, Кү­ләштан кейін жаңа-ғы айтқан Халима деген жеңгемізге үй­ленген. Ол бір жақ-сы адам болып кез-десті. Қанекеңнен көп жас кіші. Кес-кін-келбеті де жақ-сы: қара торының әдемісі. Қанекеңді жақсы күтті. Қана­бектің де аты Қана­бек қой. Ол уақытта Қанекеңнің атағы дүр­кіреп тұрған кезі. Телевизор жаңа шыққан. Ол кісі теле­визордан да, кинодан да жиі көрінетін. Сол ұйғыр әйелі Қанекеңе қайтадан бір ұл тауып берді ғой. Оның да атын алданыш болып жүрсін деп Алдан қойды. Одан осы күні біраз немерелері бар дейді. Олар ұл ма, қыз ба, ол арасын анық білмеймін. Өйткені Қанекең қайтыс болған соң, біз енді жасымыз да шалғай, іздеп баруға реті де болған жоқ. Бұл да бір әңгіме… Автор: – Ераға, Қанекеңе бір ауыз сөз­бен сипаттама берсеңіз не дер едіңіз? Еркеғали: – Ол кісіні мен қазақ театрының қара нары дер едім... Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.