Қарағанды облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментіне адвокаттардың бірінің заңсыз әрекеті туралы ақпарат келіп түскен.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, адвокат аса ауыр қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған. Ал қылмыс жасаған айыпталушы топ сотта жалған жауап беруі үшін қорғаушыға қомақты қаражат берген. Қорғаушы айыпталушы тарапының бұл ұсынысына көніп, арада делдалдық қызмет атқарған.
«22 қазанда 6,5 миллион теңге және 2,9 мың доллар көлеміндегі қаражат аударылғаннан кейін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 36 жастағы адвокатты ұстады. Оның көлігін тінту кезінде полицейлер тағы 3100 доллар тәркіледі», деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 422-бабының 4-бөлігімен «Аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен байланысты жалған айғақтар беруге мәжбүрлеу немесе пара алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.