Тараздық кәсіпкерлер жеке қаржыларына балалар алаңдарын жасауға кірісті
“Сенім” компаниясының басшысы Ақылбек Садырбаев Тараз қаласының орталығындағы Қазыбек би көшесіне орналасқан көпқабатты №49 үйдің тұрғындарын қуанышқа кенелтті.
Компания құрылысшылары бір жарым айдың ішінде үйдің ауласындағы 2700 шаршы метр жерге асфальт төсеп, 970 қума метр бордюр қойса, 276 шаршы метр жерді құнарлы топырақпен тегістеп, жасыл өскін тұқымын септі.
Сонымен бірге, компания қамқорлығының арқасында аула ортасынан бүлдіршіндерге арналған түрлі әткеншектер мен сырғанақтар пайда болды. Олардың ата-аналары үшін орындықтар қойылып, теннис үстелдері орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде №49 үйдің тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ал аула... балалар мерекесіне айналған. Ең бастысы, ол мерекені бөлісуге облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен қала әкімі Ертарғын Астаевтың өздері келді.
Бұл игі бастама қалай пайда болды? Бұрын қолға алынып па еді өзі? Әлбетте, әр басшының тұсында әр түрлі бастама болатыны белгілі. Бірақ, бір өкініштісі, сол игі істер аяғына дейін жеткізілмейді.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы шалағайлықты болдырмау үшін “Жасыл ел” қоғамдық ұйымы көтерген бастаманы өзі бақылауға алды. Демек, биыл облыс орталығында 65 балалар алаңы пайда болады. Сөйтіп, 3 жылдың ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлердің аулалары қамтылады.
– Халқымызда “елде болса ерінге тиеді” деген сөз бар. Ең бірінші – ел аман болсын! Біздің ісіміздің өрге басуы сол айналайын халықтың арқасы. Сондықтан біз де елдің болашағы – балалар үшін қолымыздан келетін жақсылықтан аянбаймыз. Оның үстіне осы игі іске ұйытқы болып, атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалап отырған облыс, қала басшыларына да рахмет, – дейді компания өкілінің бірі Алтынбек Садырбаев.
Көпқабатты тұрғын үйдің ауласына 12 миллион теңгедей жеке қаржысын жұмсаған “Сенім” компаниясының басшыларының жомарттығы мен жұмысшыларының сапалы жұмыстарына тұрғындар риза болды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, ТАРАЗ.