Қоғам • 25 Қазан, 2022

Бас жүлде иегері – Гүлзейнеп Сәдірқызы

687 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Тараз топырағында көптеген ауқымды іс-шара ұйымдастырылса, оның ең ірісі – қаламгерлер арасында өткен «Ақиқаттың ақ туы» атты байқау. Шерағаның көзін көрген, қасында жүрген қазақтың игі жақсыларының барлығы қатысқан байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығының есті естеліктері облыстық «Aq jol» газетінде бірнеше ай бойы тұрақты түрде жарияланды.

Бас жүлде иегері – Гүлзейнеп Сәдірқызы

Байқау қорытындысында «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, танымал журналист Гүл­зейнеп Сәдірқызы бас жүл­деге лайық деп та­нылса, белгілі жазушы Қуандық Түменбай бі­рінші орын биігінен көрінді. Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері, қаламгер Кө­семәлі Сәттібайұлына екінші орын бұйыр­са, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан мен Анар Қоныс үздік үштіктен көрінді.

Ұйымдастырушылар жүл­де­ге лайықты шығармалардың көптігін ескерген болуы керек, өзге де бірнеше автор жүл­дегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Үміт Би­те­нова, Кайым-Мұнар Табеев, Ақыл­жан Мамыт, Көшкінбай Елік­баев сынды төрт авторға ын­таландыру жүлдесі табысталды. Жүл­дегерлердің барлығы қо­мақ­ты қар­жылай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұйым­дастырған республикалық «Шынның жүзі – Шераға» атты ақындар мүшәйрасы қоры­тындыланып, үздік шыққан шығарма авторлары бағалы сый­лықтармен марапатталды.

Мүшәйраға еліміздің әр қиырынан жалпы саны отыз тоғыз автордан шығармалар келіп түскен болатын. Қазылар алқасы­ның сұрыптауынан өткен бес ақынның өлеңдері жүлдеге лайық деп танылған екен. Нәтижесінде, бас жүлде ардагер журналист, ақын Байхаманбет Ахметке бұйырса, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев бірінші орын иегері атанды. Арайлы Жақсылық екінші орынға, Біржан Ахмер мен Балтабек Нұрғалиев үшінші орынға табан тіреді.