Елорда • 25 Қазан, 2022

Мәдениет қайраткерлері Республика күнімен құттықтады

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет саласының мамандары жұртшылықты Республика күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Мәдениет қайраткерлері Республика күнімен құттықтады

«Қадірлі ағайын, 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тәуелсіздігімізге жасалған бірінші қадамымыз. Бұл айтулы, тарихи мереке. Сол себепті 25 қазан - үлкен тарихи күн. Егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, бірлікте болайық, ағайын! Республика күні құтты болсын! Аспанымыз ашық болып, Қазақ елі әрдайым әлемге әйгілі, дүние жүзінде орны бар, әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең болғай!», деді «Астаналық цирктің» бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерік Жолжақсынов.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров елордалықтарды мерекемен құттықтады.

«Ұшы-қиыры жетпейтін ұлан-ғайыр дала - ата-бабаларымыздың бағзы заманнан бергі қасиетті мекені. Сол бабалар жерінде бүгінде егемендіктің көк байрағы желбіреп тұр. Жаңа Қазақстанның өсіп-өркендеуі өскелең ұрпақпен тікелей байланысты. Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының да мақсаты осы - өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу болып есептеледі.

Қазақстанның таңдаған әділеттілік жолы - бізді бүкіл әлемге паш ететін басты темірқазық. Сондықтан жүрегі ел деп соққан әрбір отандасымыз жаңа Қазақстанның дамуына, қалыптасуына, өркендеуіне үлес қосып, маңдайымыз жарқырап, әлемдік кеңістіктерде биіктен көріне берейік!», деді ол.

Өз кезегінде актер Әділ Ахметов мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.

«1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы декларация қабылданған еді. Әрбір оқиға өз уақытында, ақиқатымен болғаны дұрыс деп есептеймін. Республика күніне орай отандастарымды, Қазақ елін ұлттық мерекемен құттықтаймын! Егемендігіміз мәңгі болсын! Тәуелсіз Қазақстан мәңгілік жарқырап, жайнай берсін!», деді актер.