Оқыс оқиға академик Сәтбаев көшесі, 40 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған. Қайғылы оқиға туралы куәгерлер хабарлаған. Облыстық жедел жәрдем стансасында ер адамның қайтыс болғанын растады. «Оқ жарақаты туралы хабарлама 15 қазан күні, сағат 11:43-те түсті. Жедел жәрдем бригадасы шұғылдықтың бірінші санаты бойынша шығып, алты минутта жетті», деп хабарлады жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі. Дәрігерлер 40 жастағы ер адамның жан тапсырғанын анықтаған. Оқ ішіне тиіпті.
Павлодар қаласындағы солтүстік полиция бөлімінің бастығы Бекзада Бөлежановтың хабарлауынша, оқиға орнынан ізін суытып үлгерген күдіктіні жедел іздестіру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде, полицейлер күдіктіні Павлодар – Омбы тас жолында тоқтатып, қолға түсірді. Ол «Тойота Камри 70» көлігіне отырып, қаладан аулаққа қашып кетуге әрекеттенген болуы керек. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне мойындау түсініктемелерін берді. Аталған факт негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Павлодар қаласындағы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Ұсталған азаматтың жасы – 67-де, ол қайтыс болған азаматтың қайын атасы екен.
ПАВЛОДАР